«ҚазТрансГаз» акционерлік қоғамына ұлттық компания мәртебесі берілді. Бұл жайында аталған компанияның баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Egemen.kz.
«ҚР Үкіметінің 2021 жылғы 30 қарашадағы № 852 қаулысымен «ҚазТрансГаз» АҚ-ға ұлттық компания мәртебесі берілді. Тиісті толықтыру «Ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың тізбесін бекіту туралы» ҚР Үкіметінің қаулысына енгізілді. Сондай-ақ, ҚР Үкіметінің № 853 қаулысымен «ҚазТрансГаз» акционерлік қоғамы «ҚазТрансГаз» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы болып қайта аталды», делінген компания ақпаратында.
Сонымен қатар «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» кодекстің 278-бабының 8-тармағына сәйкес ҚР Үкіметі жер қойнауын пайдалану саласындағы ұлттық компаниялар қызметінің аражігін ажыратуды бекітті. Осы құжатқа сәйкес, ҚазТрансГазға газ және газ конденсатты кен орындарында барлау және өндіру бойынша басымды құқық беріліп отыр.
Осылайша, дербес ұлттық газ компаниясына берілген мәртебе «ҚазТрансГаз» АҚ-ға үлкен перспективалар ашпақ. «Бұл Қазақстанның газ саласы үшін маңызды тарихи сәттердің бірі.
«ҚазТрансГаз» тәуелсіздік жылдары Орталық Азиядағы газ ағындарының маңызды әрі технологиялық ең қуатты операторына айналды. Көгілдір отын, жылу мен жайлылық 9 миллионнан астам қазақстандықтың үйлеріне жетті, шамамен 50 мыңға жуық кәсіпорын табиғи газды пайдаланады. Бұл - газ мамандарының елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан елеулі үлесі. Жақын арада компанияның шешуі қажет негізгі міндеттер - бұл газдың ресурстық базасын арттыру, тауарлық газ өндірісін ынталандыру, қолданыстағы және жаңа кен орындарында геологиялық барлау және газ өндіру. Сонымен қатар елдің газ тасымалдау және газ тарату инфрақұрылымын модернизациялау күн тәртібіндегі мәселе саналады», деп атап өтті компания.