Туған жер – менің әлпештеген анам, аялап өсірген әкем, туған-туысым, аға-апаларым, мені білім жолына жетелеген ұстаздарым, тай-құлындай тебісіп өскен жора-жолдастарым дүниеге келген жер. Туған жер, Отан, Қазақстан – неткен керемет, шуақты ұғым! Елімнің әр тасы, әр гүлі, өзен-көлі, тауы мен үшін аса қымбат.
Қазақ елі қашанда өзінің ұлан-байтақ жерімен, халқымен, ынтымағымен бүкіл әлемді таңғалдырып келеді. Еліміздің сұлу табиғаты бойға қуат, көңілге шабыт беретіндей қандай тамаша.
Қазақ халқы – әлемдегі ұлы халықтардың бірі. Қазақтың ұлылығы – бауырмалдығында, сабырлығында және даналығында. Қазақ – сөзге тоқтаған халық, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсеткен, ел бастаған көсемдері мен шешендері ақыл айтса, ақылына ұйыған халық. Міне, осындай данагөй, асыл қасиетке бай елде дүниеге келгеніме және тәуелсіз елдің құрдасы болғаныма мақтанамын. Еліміздің мәртебелі ел болуы, 30 жылда әлемге танылуы, әрине, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың өлшеусіз еңбегінің арқасында деп білемін, ерекше ілтипатпен қараймын. Бүгінде Қазақ елінің демократиялық даму жолындағы жетістіктерін дүние жүзі қауымдастығы мойындап, игі істеріне қолдау көрсетуде.
Отанымыз бізді, жастарды өсіріп жеткізді және алдымызға таудай талаптар қойды. Біз Отанымыз үшін қандай жақсылық жасаймыз? Халқымыздың сенімін қалай ақтаймыз? Бұл сұраққа жастардың көбі жауап іздері анық деп ойлаймын. Менің ойымша, Отанды сүю – оны қорғай білу. Бұл – әрбір азаматтың міндеті. «Отанға опасыздық еткенің – өз түбіңе жеткенің» деп халық бекер айтпаған. Жаңа ғасырда өз елін, тілін, Отанын сүйетін, оның болашағына жүрегі сыздап ауыратын жастардың саны көбейеді деп үміттенемін. Өзім де Қазақстанның өркендеуіне үлесімді қосамын. Осы тұста батыр Бауыржан Момышұлы атамыздың ұлағатты сөзі еске түсіп отыр: «Анамыздың ақ сүтімен бойымызға дарыған тілімізді ұмыту – бүкіл ата-бабаларымызды, бар тарихымызды ұмыту».
Менің мақсатым – алған білімім арқылы жоғары деңгейлі маман болып, еліміздің өркендеуіне үлес қосу. Адам туған жерін қастерлеп, қадіріне жете білуге тиіс. «Туған елінің қадіріне жетпеген өз қадіріне жетпейді» деген халық нақылы да рас. Ендеше, туған жері мен елін құрметтеу, оның даңқын асыру әрбір азаматтың міндеті деп санаймын. Біз қашанда бейбіт елдің ұрпағы болғанға қуанып, қайда жүрсек те туған жеріміз өркендей берсін деген тілектің үстінде жүруіміз керек. Отанымыз гүлденіп, жеріміз көркейе берсін.
Айнагүл ӘМІРҒАЛИ,
Нұр-Сұлтан қаласы бойынша Қазынашылық департаменті
Түсімдер басқармасы Мемлекеттік мекемелердің шоттары және басқа шоттар бойынша бөлімінің бас маманы-бас қазынашысы