ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мұғалімдердің орташа жалақысын айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Отандық білім беруді дамытудың маңызды кезеңдерінің бірі педагогтердің мәртебесі туралы заңның қабылдануы болды. Өздеріңізде білесіздер, Мемлекет басшысы заң қабылдау және педагогтердің жалақысын кемінде 2 есе ұлғайту туралы міндет жүктеді. Бұл жұмыс жүргізіліп жатыр, өзекті міндет», деді министр ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия отырысында.
Министрдің айтуынша, 2019 жылға дейін педагогика мамандығына түсудің орташа балы өте төмен, 55-60 балды ғана құрап келді. Ал заң қабылданғаннан кейін 2019 жылдан бастап нақты іс-шаралар қабылданып, аталған мамандықтарға түсу шекті балы 75-ке жетті.
«Биылғы ҰБТ қорытындысында педагогика мамандығына түсушілердің орташа балы 96 балды құрады. Құзіретті, бәсекеге қабілетті мықты түлектер осы мамандықты таңдап жатқанын білдіреді. Соған орай ертең мектептерімізді мықты педагогтер келеді. Қазірдің өзінде заң жұмыс істеп тұр деуге болады», деді ол.
Ведомство басшысы педагогтердің жалақысы да айтарлықтай өскенін атап өтті.
«Педагогтердің еңбек жағдайлары жақсарды. Жалақы көтерілді. Егер заң жобасы қабылданғанға дейін орташа жалақы шамамен 109 теңге болса, бүгінде 200 мың теңгеден асып түсті. Бұл еліміздегі педагогтердің орташа жалақысы», деді Асхат Аймағамбетов.