Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында тәуелсіздіктің отыз жылдық белесінде Қазақстан толайым табыстарға қол жеткізгенін, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев уақтылы қабылдаған ұзақмерзімді стратегиялық бағдарламалар мен өзге де өміршең жобалар өз жемісін бергенін атап өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Біз бауырлас Қазақстанның соңғы үш онжылдықтағы орасан табыстарына, оның заманауи серпінді дамуына шын жүректен қуаныштымыз. Еңбек пен таланттың, мақсатшылдық пен халық бірлігінің, Қазақстан басшылығының дана да көрегенді саясатының арқасында ел барлық салада орасан зор табыстарға жетті.
Ауқымды жобаларды, соның ішінде бізге жақсы таныс, озық отыз елдің қатарына кіруді мақсат еткен «Қазақстан – 2050» Стратегиясын, «100 нақты қадам», «Нұрлы жол» үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын тиімді жүзеге асыру қазақстандықтарға қуатты мемлекет әрі халықаралық бәсекеге қабілетті экономика құруға мүмкіндік берді. Қазіргі Қазақстан бүкіл әлемге мемлекеттік және қоғамдық құрылыстағы таңғаларлық жетістіктерді, халықтың өмір сүру деңгейі мен сапасының тұрақты өсуін көрсетуде.
Өзбек және қазақ халықтары қашанда бір-біріне тірек болып, сынақтарды жұмыла еңсергенін, бүгінде ортақ жарқын болашағымызды бірге құрып жатқанымызды тағы бір рет атап өткім келеді.
Ұлы ақындар мен ойшылдар Әлішер Науаи және Абай Құнанбайұлы халықтарымыздың достығын ең үлкен байлық ретінде қорғап, нығайтуды бізге өсиет еткен. Ал бүгін біз бауырлас елдеріміз бен халықтарымыздың, балаларымыз бен немерелеріміздің тыныштығы мен амандығы үшін қолдан келгеннің бәрін жасауға дайынбыз.
Қазақстан Республикасының халқын тамаша мереке – Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын, жаңа жетістіктер, өркендеу мен табыстар тілеймін», деді Шавкат Мирзиёев өз ойын түйіндеп.