Қазақстан Премьер-Министрі Асқар Мамин Халықаралық Бокс федереациясының президенті (AIBA) Умар Кремлёв пен Қазақстан бокс федерациясының президенті Кеңес Рақышевпен кездесті.
Жоғары дәрежеде өткен кездесуде тараптар Қазақстан боксының дамуына жан-жақты тоқталды. Маңызды мәселелердің бірі ретінде мектептер мен жоғары оқу орындарында бокс спортын дамыту жайы талқыланды.
Сонымен қатар AIBA-ның басшысы Қазақстанға сапары аясында жас боксшылармен жаттығу өткізді. Елордадағы «Бокс орталығында» өткен іс-шара Умар Назаровичтің алғы сөзімен басталып, артынша жаттығуға ұласты. Нұр-Сұлтан қаласының аға жаттықтырушысы Асқар Еркебаев өткізген жаттығуға жүзден аса спортшы қатысты.
AIBA президенті Қазақстанда өсіп келе жатқан жас буын боксшылардың қабілетіне таңданысын жасырмады.
– Қазақстан – бокс державасы. Оны жақында Сербияда өткен әлем чемпионатынан байқауға болады. Мен мұнда боксшылардың қалай дайындалып жатқанын, жаттықтырушылар қалай жұмыс істеп жатқанын көру үшін келдім. Қазіргі уақытта AIBA тарапынан төрешілікке қатысты реформалар жүргізіліп жатыр және біз бірінші кезекте бокстың адал және ашық болғанын қалаймыз, – деді Умар Крем- лёв.