• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Аймақтар 06 Желтоқсан, 2021

Жедел жәрдем көлігін мас күйінде жүргізген қызметкер ұсталды

904 рет
көрсетілді

Павлодар облысында құқық қорғау органдарының қызметкерлері жедел жәрдем көлігін мас күйінде тізгіндеген жүргізушіні тоқтатты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Оқиға 5 желтоқсанда орын алып, «Құқықтық тәртіп» жедел алдын алу іс-шарасы аясында анықталған.

Сағат 00:15 шамасында Тереңкөл ауданының полиция қызметкерлері ЖҚС-да «Жедел жәрдем» көлігін тоқтатқан. Құжаттарды тексеру барысында инспекторлар жүргізушінің салғырттығын байқаған. Куәландыру жүргізіліп, оның нәтижелері бойынша жүргізушінің мас күйінде болғаны анықталды.

«Жүргізушіге қатысты ҚР ӘҚБК 608-бабы бойынша әкімшілік іс қозғалды, материал сотқа жолданды», дейді Павлодар облысы ПД жергілікті полиция қызметінің бастығы Ғалым Сарғұлов.

Ведомствода атап өткендей, аудандық аурухананың аға механигіне қатысты ҚР ӘҚБК 619-бабы бойынша әкімшілік материал жасалып, 40 АЕК айыппұл салынды.

Айта кетсек, жедел алдын алу іс-шарасының алғашқы күнінде 650-ге жуық құқық бұзушылық анықталған.

Спирттік ішімдіктерді ішкені немесе қоғамдық орындарға мас күйінде барған 100-ге жуық азамат жауапкершілікке тартылса, олардың 14-і автокөлікті мас күйінде басқарған.