The Economist басылымы жыл сайынғы дәстүрі бойынша ең қымбат, яғни өмір сүру, тіршілік ету үшін көп қаржыны талап ететін қалалар тізімін жариялады. Аталған агенттік соңғы екі жылда жұрт күтпеген нәтижелерді ұсынуда. Сарапшылар қымбат қалалар тізімінің өзгеруіне коронавирус індеті әсер етті дегенді айтады.
The Economist басылымы ұсынған биылғы ең қымбат қалалар тізімінде Тель-Авив ең алдыңғы орында тұр. Израиль астанасы былтырғы тізімде бесінші сатыдан көрінген еді. Одан кейінгі орындарға, нақтылай айтқанда алғашқы бестікке Париж, Сингапур, Цюрих пен Гонконг қалалары жайғасқан.
Еске сала кетейік, аталған басылымның ең қымбат қалалар тізімінде көрсетілгендей, 2019 жылы Сингапур, Париж, Гонконг үшеуі де бірінші орында қатар тұрған. Одан кейінгі орындарды сәйкесінше Цюрих, Женева, Осака, Сеул қалалары еншілеген.
Париж бен Гонконг 2020 жылы тұрған сатыларынан не жоғары, не төмен жылжымай, өз орындарын сақтап қалса, Сингапурдың орнына Цюрих жайғасқан.
Сингапур болса, аталған үш қаладан кейінгі орынға жайғасып, одан кейін Осака орналасқан. Биыл ең қымбат қала деп танылған Тель-Авив былтырғы тізімде Осакамен бірге бесінші орында тұрған-ды.
Негізінен, ең қымбат қалалардың рейтингідегі орындары өзгере қоймайды. Тек кестедегі орны сәл төмендеп не көтерілуі мүмкін.
Биылғы жаңалық – ең қымбат қалалар қатарына Нью-Йорктың қосылуы. Әдетте АҚШ қалалары арасынан тек Лос-Анджелес қымбат қалалар сапынан көрінетін. Биыл әлемді өзіне қаратқан Нью-Йорк те қалталылар қаласына айналған.
Көпшілік Франция астанасы мен Сингапурдың тізімдегі орындарынан төменге сырғып кеткеніне таң қалды. Бұлармен қатар Рим де рейтингіде айтарлықтай төмендеген. Былтыр 16-орында тұрған Италия астанасы биыл 48-орынға сырғып түскен. Бұған елдегі азық-түлік пен киім-кешектің арзандауы себеп көрінеді. Бангкок пен Лима да «арзандаған». Былтырғы рейтингімен салыстырғанда, биыл айтарлықтай төменде.
Лондон тізімде – 19-орында. Ал Ресей астанасы Мәскеу 96-орынға жайғасыпты. Дегенмен Мәскеу тез «қымбаттап» келе жатқан қалалар рейтингіне қосыпты. Өйткені бір жыл ішінде Мәскеу бірден 10 сатыға жоғарылаған. Былтыр Мәскеу 96-орыннан 106-орынға түскен екен.
Қымбаттау деңгейі таң қалдырған тағы бір шаһар – Тегеран. 12 айдың ішінде Иран Ислам Республикасының астанасы 79-орыннан 29-орынға бір-ақ шығыпты. Қаланың қымбат мекенге айналуы заңды. Өйткені АҚШ санкциялары онда өмір сүру деңгейіне айтарлықтай әсер етіп жатқанын БАҚ жиі жазып жүр.
Зерттеу авторлары рейтингіні дайындау барысында қаладағы тауар, қызмет көрсету бағасы есепке алынғанын алға тартады. Осылайша, әлемнің 173 ірі қаласындағы өмір сүру деңгейіне шолу жасалған.
Салыстыру кезінде ортақ валюта ретінде АҚШ доллары белгіленген. Бұл елдегі инфляция деңгейін де анықтауға мүмкіндік берген. Авторлар бір жыл ішінде жанармай бағасының өсуін анықтады. Олар бензин бағасы былтырға қарағанда орташа есеппен 21 пайызға артқанына таң қалғанын жасырмайды.
Ал Тель-Авивтің тізімде алғашқы болуына не себеп деген мәселеге аз-кем тоқталайық. Бірінші кезекте елдегі валюта – шекелдің долларға қатынасының нығаюы аталған қаланың тізімдегі орнын алдыңғы қатарға шығарған. Бұдан бөлек, елде тауарлар айтарлықтай қымбаттаған. Сараптама нәтижесінде былтырға қарағанда 10 пайызға қымбаттағаны анықталды. Елде, әсіресе, азық-түлік бағасы өскен.
Көлік пен алкоголь ішімдіктерінің бағасы бойынша Тель-Авив 2-орынды иемденді. Жеке бас гигиенасы құралдары бойынша 5-орында. Ал қаладағы ойын-сауық қызметтерінің қымбаттығы бойынша 6-орында тұр.
Тағы бір айтып өтетін жайт, The Economist басылымы қалалардағы баспана бағасын есептемейді.
Шаһар басшысы Рон Хульдаи Тель-Авивтегі тауарлардың әлі де қымбаттай түсетінін мәлімдеді. Өйткені Израильде бұдан өзге үлкен қаланың жоқтығы да Тель-Авивтегі қызметтердің қымбат болуына әсер етеді. «Мәселен, АҚШ-та Нью-Йорк, Чикаго, Майами, ал Ұлыбританияда Лондон, Ливерпуль сынды үлкен қалалар бар. Бір қалада өмір сүру қалтаңызға көп салмақ түсіріп, қымбат болса, екіншісіне көше аласыз. Ал Израильде ондай таңдау жоқ», деді қала басшысы. Сонымен қатар баламаның болмауы Тель-Авивтегі қымбатшылықтың өсе түсуіне алып келуі мүмкін деген пікір айтты.
Рейтинг жасаушылар пандемия қымбат қалалар тізімін әлі де талай өзгертеді деп есептейді. «Жаппай вакцина алу нәтижесінде көптеген ел экономикасы қалпына келе бастағанымен үлкен қалаларда вирустың таралу деңгейі әлі де жоғары. Осы себептерден шектеулер алынбай тұр. Сондықтан көп қалада тапшылық пен бағаның өсуі байқалады», делінген зерттеушілер мәлімдемесінде.
The Economist басылымы келер жылы бірқатар банк инфляция деңгейін бақылауда ұстауға тырысып, тауар мен қызмет көрсету бағасының өсуі тоқтайды деген болжам жасап отыр.
Рейтінгіден АҚШ, Африка, Шығыс Еуропа елдері өмір сүру үшін қолжетімді екенін, ал Батыс Еуропа елдерінде тауар мен қызмет көрсету бағасы қымбаттап жатқанын байқауға болады. Бір қызығы Германия астанасы Берлин тізімде 50-орында тұрса, Франкфурт 19-орынға жайғасып, ел астанасынан басып озды.
Биыл тізімге 40 қала жаңадан енген. Мәселен, Шотландия орталығы Эдинбург тізімге еніп қана қоймай, 27-орын алды. Штутгарт пен Сан-Диего да алғашқы рет қымбат қалалар қатарынан орын алып, алғашқы елулікке енді.
Жалпы, әр жылдағы рейтингіні салыстыра отырып, алғашқы орындағы қалалардың айтарлықтай ауыса қоймайтынын байқауға болады. Цюрих, Женева, Сингапур мен Париж онжылдықтар бойы көш басында. Бірнеше жыл қымбат қала деп танылып келген Осло биылғы тізімде 11-орында.
Жоғарыда айтқанымыздай, бұл тізімге елдегі инфляция деңгейі айтарлықтай әсер етеді. Сонымен қатар сыртқы саясат пен елдегі тұрақтылық та өмір сүру деңгейіне әсер етуші фактор.
Сарапшылар әр қаладағы көп қолданылатын 138 түрлі тауар бағасын да салыстырды. Нәтижесінде, азаматтар күнде тұтынатын тауарлар мен азық-түлік бағасы мейлінше тұрақты екені, ал екінші қажеттіліктегі тауарлар бағасы көп қымбаттайтыны анықталды.
Кейінгі екі жылда тауар бағасының қымбаттауына тасымалдаудағы кедергілер әсер еткені анық. Пандемия басында дәретхана қағазы мен макарон өнімдеріне сұраныс артып, тапшы, қат тауарларға айналғандықтан олардың да бағасы айтарлықтай қымбаттаған.
Темекі, демалыс индустриясына қатысты тауарлар баяу қымбаттаса, киім-кешек бағасы бірден аспандапты. Темекі бағасы былтырғымен салыстырғанда 6 пайызға қымбаттаған.
Қымбат қалалар рейтингісі арқылы өмір сүру арзан қалалардың да анықталуы заңды. Биылғы өмір сүруге арзан қалалар қатарының көшін Дамаск (Сирия) бастап тұр. Одан кейінгі орындарда Триполи (Ливия), Ташкент (Өзбекстан), Тунис (Тунис), Алматы (Қазақстан) қалалары тұр.
Оңтүстік астанамыз The Economist басылым талдауы нәтижесінде өмір сүруге қолжетімді қала ретінде танылыпты. Былтырғы көрсеткіш бойынша арзан қалалар қатарында жоғарыда аталғандардан бөлек Каракас, Бангалор, Карачи, Лагос, Буэнос-Айрес, Ченнаи мен Нью-Дели болды.
Айта кетейік, аталған рейтингті The Economist журналының талдау бөлімі 30 жыл бойы үзіліссіз жасап келеді.