Бүгінгі Үкімет отырысы аясында ҚР Ұлттық Банкінің төрағасы Ерболат Досаев 2022 жылы импорттың ұлғаюына қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Төлем балансы әдіснамасы бойынша тауарлар импорты халық пен бизнес тарапынан сұраныстың өсуі, сондай-ақ мемлекеттік бағдарламалар мен бастамаларды іске асыру есебінен 6,8%-ға, яғни 40,9 млрд АҚШ долларына дейін ұлғаяды», деді Ерболат Досаев Үкімет отырысында.
Оның айтуынша, шетелдік тікелей инвесторлар кірістерінің 4,0%-ға өсуіне байланысты мұнай мен металл өндірісінің жоғары бағалары мен көлемдеріне байланысты кірістер балансының тапшылығы 4,6%-ға, яғни 24,5 млрд АҚШ долларына дейін артады.
«Осылайша, энергия ресурстарына бағаның өсуіне байланысты ағымдағы шоттың жақсаруы импорт бойынша кейінге қалдырылған сұранысты іске асыру тарапынан да, сондай-ақ шетелдік инвесторларға төлемдердің өсуі тарапынан да қысыммен тежеледі. Бұл өз кезегінде валюта нарығына қосымша қысым жасайды», деп түйіндеді Ұлттық Банк төрағасы.