• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Үкімет 10 Желтоқсан, 2021

Асқар Мамин Қостанайда жаңа өндіріс орнын іске қосты

209 рет
көрсетілді

ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин жұмыс сапарымен Қостанай облысына барды. Онда жаңа өндірісті іске қосып, өңір тұрғындарына мемлекеттік наградаларды табыстады, деп хабарлайды Egemen.kz ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған салтанатты шарада сөйлеген сөзінде А. Мамин Қостанай облысы жоғары аграрлық және өнеркәсіптік әлеуетке ие бола отырып, бүкіл елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосып жатқанын атап өтті.

1991 жылдан бастап жалпы өңірлік өнім көлемі 10 есе өсті. Елді индустрияландыру бағдарламасы өңірде бұған дейін шығарылмаған, құны жоғары ондаған жаңа өнім түрін өндірге мүмкіндік берді. Бұл – жеңіл және жүк автомобильдері, автобустар, металл прокаты. Автомобиль жасау өнімінің 60%-дан астамы Қостанай облысына тиесілі. Ауыл шаруашылығы машиналарын жасау жобалары қарқынды түрде дамып жатыр. Тракторлардың, комбайндардың және басқа да ауыл шаруашылығы техникасының әр түрін шығару жолға қойылған.

«Сіздердің облыстарыңыз елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін маңызды өңірлердің бірі. 2020 жылдың қорытындысы бойынша республиканың ауыл шаруашылығының жалпы өнімінде облыстың үлес салмағы 9%-дан асты немесе 574 млрд теңгені құрады. Облыс елімізде ұн (737 мың тонна) өндірісі бойынша бірінші орында, сары май, сүт және кілегей (5,7 мың тонна) өндірісі бойынша екінші, жарма (6 мың тонна) өндірісі бойынша үшінші орында», деді А. Мамин.

Өңірде көлік инфрақұрылымы белсенді түрде жаңғыртылып, балабақшалар, мектептер, медициналық және спорт объектілері салынуда. Тәуелсіздік жылдарында 6,2 млн шаршы метрден астам тұрғын үй бой көтерді.

Облыстың әлеуетін дамыту шеңберінде 2025 жылға дейін машина жасау, азық-түлік өнімдерін өндіру, АӨК, энергетика, ТМК және т. б. перспективалы салаларда жалпы сомасы 2 трлн теңгеден асатын 100-ден астам маңызды инвестициялық жобаны іске асыру жоспарда бар.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығына сәйкес, ҚР Премьер-Министрі А. Мамин Тәуелсіздік күніне орай Қостанай облысының ауыл шаруашылығы және өнеркәсіп кәсіпорындарының басшылары мен жұмысшыларына, мемлекеттік қызметшілерге, білім және ғылым, денсаулық сақтау салаларының қызметкерлеріне, БАҚ өкілдеріне және кәсіпкерлерге мемлекеттік наградаларды табыстады.

II дәрежелі «Достық» орденімен Академик Зұлқарнай Алдамжар атындағы Қостанай әлеуметтік-техникалық университетінің экономика және құқық ғылыми-зерттеу орталығының директоры Сергей Жалыбин марапатталды.

«Парасат» ордені «Ершовское-2» ЖШС директоры Сәбит Ағайдаровқа, «Тобыл» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ басшысының кеңесшісі Вячеслав Дудникке, «Алюминстрой» ЖШС директоры Абай Мұқановқа тапсырылды.

«Құрмет» ордені Арқалық қаласының әкімі Әмірхан Асанов, «Қостанай таңы» газетінің бас редакторы Жанұзақ Аязбековке, А. Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университеті ректорының кеңесшісі  Римма Бектұрғановаға, «Беркут» ЖШС директоры Сергей Бубликке, «Заң ғылымының және практикасының инновациялық даму орталығы» ҚҚ секторының меңгерушісі Аман Мизанбаевқа, «Комаров тау-кен кәсіпорны» басқармасының төрағасы Игорь Николишинге, шаруа қожалық басшысы Баймырза Сатаевқа, «Алтынсарин» ЖШС бас инженері Виталий Шушпанниковке, Қостанай облыстық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Серала Ахметовке табысталды.

III дәрежелі «Еңбек даңқы» орденімен Амангелді аудандық ауруханасының жоғары санатты хирург дәрігері Жанай Ерғабылов және «Мечта-98» ШҚ механизатор-комбайншысы Валерий Павлюковец марапатталды.

Жұмыс сапары барысында Үкімет басшысы «Auto Recycling» ЖШС қолданыстан шыққан ауыл шаруашылығы техникасын қайта өңдейтін Қазақстандағы алғашқы және Орталық Азияда баламасы жоқ кешеннің ашылу рәсіміне қатысты. Кәсіпорынның қуаты жылына 4 мың бірлік агротехниканы құрайды. Бұл ретте алынған металл жаңа өнімді шығаруға пайдаланылады. Жоба ауыл шаруашылығы техникасы паркін жаңартуға мүмкіндік береді және өңдеу саласын дамытуға ықпал етеді.

Премьер-Министр қуаты жылына 46 мың тонна құйма және жетекші белдемдердің 74 мың бірлік басты берілістерін құрайтын «KamLitKZ» ЖШС жетекші белдемдердің басты берілістерін шығаратын зауыт пен шойын құю зауытының құрылысы барысымен танысты.

Сондай-ақ А. Мамин облыстық маңызы бар «Қостанай қаласына кірме жол» автомобиль жолы бойынша Тобыл өзені арқылы өтетін көпірдің ашылу рәсіміне қатысты. Құрылыс жұмыстарынан кейін көпірдің ұзындығы 72 метрден 261 метрге дейін, ені 9 метрден 24,5 метрге дейін ұлғайтылды, бұл өткізу қабілетін тәулігіне 11,7 мыңнан 24,6 мың автомобильге дейін арттыруға мүмкіндік береді.