• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Руханият 10 Желтоқсан, 2021

«Ұлы дала» байқауының жеңімпаздары марапатталды

816 рет
көрсетілді

«Nur Otan» партиясының Орталық аппаратында Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған «Ұлы дала» республикалық шығармашылық байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Байқау «Nur Otan» партиясы мен Қазақстан Жазушылар одағы арасында осыған дейін қабылданған Өзара ынтымақтастық туралы меморандум аясында ұйымдастырылды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Салтанатты іс-шараны ашқан «Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Тәуелсіздіктің 30 жылындағы еліміздің жетістіктерін зерделеуге, сол арқылы жас қаламгерлерге жол ашуға бағытталған «Ұлы дала» байқауының маңызы ерекше екенін атап өтті.

«30 жылдық дамуды жеті ауыз сөзбен түйіндеп, жас ұрпаққа «Елдіктің жеті тұғырын» анықтап берген Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Ұлттық мәдениет – халықтың рухани тірегі» деп атап көрсетуі тегін емес. Кез келген мемлекеттің өркендеуі – сол қоғамның рухани-мәдени деңгейіне байланысты. Елбасы айтқандай, біз әлемдегі 200-ге тарта ұлтты тек ұлттық мәдениетімізбен, әдебиетімізбен, руханиятымызбен ғана таң қалдыра аламыз. Осы орайда «Nur Otan» партиясы қазақтың өнері мен мәдениетін барынша қолдап, жан-жақты қамқорлық жасап келеді», деді Бауыржан Байбек.

Оның айтуынша, партияның 2025 жылға дейінгі сайлауалды бағдарламасы аясында елімізде 259 мәдениет ошағын салу, 1241 мәдени нысанды жөндеу, 150 нысанда ғылыми реставрация жұмыстары жоспарланса, биылдың өзінде 200-ге жуық мәдениет нысанына жөндеу жүргізілген. Сондай-ақ, ол осы жылдың тағы бір жаңалығы ретінде барлық мәдени-әдеби шараларды кешенді түрде атқару үшін «Ұлттық мұра» партиялық жобасы бекітілгенін жеткізді. Оның аясында айтыс, мүшайра, жыр-терме, шығармашылық байқау сияқты 250-дей іс-шара өткізу жоспарланған. Ал жыл басынан бері партияның қолдауымен 49 ақындар айтысы өткізілді.

Партия Төрағасының бірінші орынбасары «Nur Otan» жанынан құрылған «Miras» кеңестерінің жұмысына тоқталды. Биыл Кеңес мүшелері отандық кинематографияны дамыту, мәдени ошақтарды қалпына келтіру, тарихи мұраларды сақтау сияқты тақырыптар аясында көптеген өзекті мәселелерді көтерген.

Бауыржан Байбек партия өткізген праймеризге 350-ден аса қаламгер, публицист, айтыскер, журналист қатысқанын айта келе, елдің дамуына, қоғамның өсуіне бағытталған еңбектері мен азаматтық белсенділіктері үшін барша қаламгер қауымға ризашылығын білдірді.

«Ұлы дала» байқауына 2021 жылғы 1 қазан мен 30 қараша аралығында еліміздің түкпір-түкпіріндегі 18 бен 40 жас аралығындағы қаламгерлерден бас-аяғы 400-ге тарта шығарма келіп түсті. Оның ішінде Ереже талаптарына сай деп танылған 287 шығарма іріктеліп, aikyn.kz сайтында жарияланды.

Байқау комиссиясы бірлескен шешім арқылы «Проза», «Поэзия», «Драматургия», «Көркем фильм мен телесериал сценарийі», «Балаларға арналған шығарма» атты бес аталым бойынша барлығы 16 жүлделі орын иегерін анықтады.

Байқау комиссиясының төрағасы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы Әлібек Асқар 287 шығарманың 173-і – поэзия, 52-сі – проза, 43-і – балаларға арналған шығарма, 10-ы – драматургия, 9-ы – көркем фильм мен телесериал сценарийі жанры бойынша жазылғанын айтты.

«Осы шығармалардың барлығын әрбір жанр бойынша бөліп алып, комиссия мүшелері жеке-жеке қарап шықтық. Бірнеше рет бас қосып, талқыладық. Таланттар өте көп. Алғашында барлық жанрға 3 орыннан белгілегенімізбен, соңғы жиналыста партияның басшылығына «Поэзия» мен «Проза» номинациясына тағы екі орыннан қосуға өтініш жасадық. Олар осы екі жанрдың әрқайсына тағы екі арнайы сыйлық қосып берді. Осы орайда, руханиятымызды қолдаған «Nur Otan» партиясына алғысымды білдіремін», деді Әлібек Асқар.

Сонымен, «Проза» номинациясы бойынша бірінші орынды – жазушы Қанат Әбілқайыр, екінші орынды – IT маман, медиасауат және киберқауіпсіздік бойынша медиатренер Мейіржан Жылқыбай, үшінші орынды – ақын, аудармашы, жазушы Арман Әділбек иеленді. Осы номинациядағы Оралхан Бөкей атындағы арнайы сыйлық Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-нің оқытушысы Алмаз Мырзахметке бұйырса, Бердібек Соқпақбаев атындағы арнайы сыйлықты Шет тілдер және іскерлік карьера университетінің мұғалімі Эльмира Назирова жеңіп алды.

«Поэзия» номинациясында бірінші орынға Жамбыл облыстық  «AR-AI» газетінің «Мәдениет және әлеумет» бөлімінің редакторы Нұржан Қадірәлі, екінші орынға Алматы облысының Көкқайнар ауылындағы №44 орта мектептің мұғалімі Төлеген Меллат, үшінші орынға Шығыс Қазақстан облысының «Аягөз жаңалықтары» аудандық газетінің бас редакторы Ермек Дайырбаев лайықты деп танылды. М.Мақатаев атындағы арнайы сыйлықты «Орал өңірі» Батыс Қазақстан облыстық қоғамдық-саяси газетінің тілшісі Марлен Ғилымхан, ал Ж.Жабаев атындағы арнайы сыйлықты республикалық «Egemen Qazaqstan» газетінің тілшісі Рауан Қабидолдин иеленді.

«Драматургия» номинациясында үшінші орынға Орал қаласының Мичурин мектебі балабақша-бөбекжай кешенінің мұғалімі Айтолқын Балмулдина лайықты деп танылды.

«Көркем фильм мен телесериал сценарийі» номинациясы бойынша екінші орынды Нұр-Сұлтан қаласы Бауыржан Момышұлы атындағы №53 мектеп-лицейдің мұғалімі Жақсылық Мұратбек иеленсе, үшінші орынды жазушы, сценарист Зәуре Төрехан жеңіп алды.

«Балаларға арналған шығарма» номинациясы бойынша бірінші орын – «Abai TV» телеарнасының қызметкері Олжас Қасымға, екінші орын – Әл-Фараби атындағы ҚҰУ-нің «Қазақ университеті» газетінің тілшісі Нұрбек Нұржанұлына, үшінші орын «Egemen Qazaqstan» газетінің бөлім меңгерушісі Мирас Асанға бұйырды.

Салтанатты шарада «Поэзия» номинациясында бірінші орынға лайықты деп танылған Нұржан Қадірәлі өз лебізін білдірді.

«Тәуелсіздіктің қалай келгені аға буын өкілдеріне белгілі. Ал біз сияқты тәуелсіздіктің құрдастары мен ел егемендігін алғаннан кейін дүниеге келген балалар үшін Тәуелсіздік – ол анадай қадірлі, әкедей асыл, бауырдай ыстық, інідей ізгі, қарындастай аяулы, осынау бақ-берекеміздің бойтұмары. Елбасы қасиетті қара шаңырақ Қазақстанның келешегінде біз сияқты жас буынға үлкен сенім артты. Сол сенімнен шыға берейік. Тәуелсіздік деген бір күндік мереке емес. Тәуелсіздіктің әрбір күні мереке» деді ол.

Өз кезегінде Бердібек Соқпақбаев атындағы арнайы сыйлықтың иегері атанған Эльмира Назирова қазақстандықтарды Тәуелсіздік мерекесімен құттықтай келе, «Егемендік пен Елбасы егіз ұғым деп санаймын. Себебі, қазіргі таңда Қазақстан бейбітсүйгіш, толерантты ел ретінде танылды», деді.