Әлемді шарпыған қатерлі вирустың кесірі ме, техника ғасырының феномені ме, әйтеуір қазір көбіміз онлайн байланысқа үйреніп кеткеніміз сонша, адамдарды айлап, жылдап көрмесек те, сағынбайтын әдет таптық.
Өйткені тақ-тұқ болса да онлайн байланыстасың. Сырт еткізіп жазып жіберсең, сарт етіп жауап келіп тұрады. Әйтсе де ағыл-тегіл әңгіме айтылып, күлкі атаулы күміс теңгедей шашырайтын арқа-жарқа адами қарым-қатынасқа ештеңе жетпейтінін біліп, шынайылыққа шөлдейсің. Кісілік келбеттің келістілігіне кепіл болатын тау суындай шынайы сөз кірлеп, тозып, кесел жұқтыруға бейім кісі көңілін аспандатып, серпілтіп жіберетінін білген соң сөйтесің. Қазақы қалпына шынайы бейнесі жарасқан, «Егеменмен» есімі тұтасып кеткен журналист Қарашаш апайымның да ақжарма көңілден шыққан алғаусыз сөздермен кісі көңілін құстай ұшырып, судай тасытатын, сонысымен өзін әрбір көңілдің төріне қоя алатын жақсы қасиеті бар. Сол үшін ең алдымен көңіліміз осындай кісілерді іздеп тұрады. Алпыстың асқарына шыққан мерейлі туған күнінде біз де бір жақсы лебізімізді арнасақ дейміз.
Бізді оқытқан ұстаздарымыз «ең алдымен адам болыңдар» деп үйреткен. Сосын АҚШ-тың бұрынғы президенттерінің бірі Рузвельттің баласына айтқан «көр қазушы болсаң да, өз ісіңнің шебері бол» дейтін әйгілі қағидасын қайта-қайта құлағымызға құйып отыратын. Яғни мұның мағынасы – ең алдымен адам бол, сосын мықты маман бол! Мамандықты емес, алдымен адамдықты айтудың да өзіндік пәлсапасы бар екенін кейін түсіне бастадық. Дұрысы, қандай жағдайда да айтқан сөзінен таймайтын, уәде берсе орындайтын, қызыл да қысыр сөзге әуес емес, орынсыз мақтаннан ат айналып қашатын адамдар ұқтырды. Сондай адамдардың жазатын сөзінің салмағы болатынын да ішіміз біле қойды. Шын мәнінде қоғамдық сананың өсуіне қызмет ететін журналистиканың адамдық асыл қасиеттермен тікелей байланысты екенін осы салада қызмет ете жүріп түсіндік. Жақсылық атаулының жаршысы, білім мен ғылымның, өнердің жанашыры, әділдіктің жоқшысы болып, жамандықтан, кесір-кесапаттан сақтандыратын маман өзі қандай болуы керек деген заңды сұрақ тұрмай ма кісінің көңілінде? Сонда ең алдымен адами бейнесіне маман ретіндегі шеберлігі жымдасқан толымды журналистерді, кәнігі көсемсөзшілерді атайтынымыз заңды. «Егемен Қазақстан» газетінде отыз жылға жуық қызмет атқарып келе жатқан, аты-жөні газет оқитын көңілі ояу оқырманға жақсы таныс Қарашаш Тоқсанбай апайым да ең алдымен кісілік келбетіне майталман шеберлігі жымдасып, сәйкескен мықты маман. Оны дәлелдеп жату бізге жараса қоймас. Дегенмен, апайдан үйренген тәліміміздің шет жағасын сөзімізге айғақ ретінде келтіре кетсек, дұрыс болар деген ойдамын.
Қарашаш апай кейіпкерлерін аялап жүреді. Олардың қазақ мәдениетіне сіңірген еңбектерін газетке мөлдіретіп жазғаны бір бөлек те, тіршілікте олардың жақсы қасиеттерін біз сияқты сіңлілеріне айтып жүретіні, бір рет сөйлескен соң оларды жадынан өшіріп тастамай, кейін қайта айналып соғып отыратыны үлгі алатын үлкен қасиет. Сондай-ақ, авторлардың мақаласына өз материалдарынан бетер жаны ашып, газетке шығып кетуіне мүдделі боп жүретініне де осы жолдардың авторы талай рет риза болған. «Жақсы дүние жерде қалмаса немесе көтерілген мәселе қолдау табуы үшін нақты адресатқа жетсе екен» деген шынайы жанашыр тілекпен сол мақалаларды қадағалап отыратыны бар. Бұл нәрселерді ерекшелеп айтып отырғаным, «түйесі жоғалмағанның бәрі ақылды» дегендей, өзгенің мәселесіне бас ауыртпайтын, авторыңды да, кейіпкеріңді де әспеттей бермейтін «смарт буын» қалыптасып келе жатыр. Құндылықтар өзгерген капиталистік қоғамның бұл да бір ерекшелігі болар. Сондайда Қарашаш апай сияқты мықты мамандардың, сөз қасиетін білетін дегдар журналистердің әр жазбаның артында адам тұратынын, сол жазбаның оның көңіл күйіне де, еңбек өнімділігіне де әсері болуы мүмкін екенін ұмыттырмайтын әлгіндей өнегесі қашанда керек екенін сезінесің.
Қарашаш апайдан жастар үлгі алуы тиіс қасиеттері көп. Ол кісінің ұқыптылығына, кез келген мақалаға, тіпті ол кішкентай ғана бір хабар болса да жауапкершілікпен қарап, ықыласпен жазатынына тәнтіміз. Жиырманың о жақ, бұ жағында жазғанымның бас-аяғын қайта қарап, қателерін түзеп жатпай-ақ, корректорға сеніп жып еткізіп өткізіп жіберетін жаман әдетім шынын айтқанда апайдың әріп түгіл, үтір, нүктеден қате жібермеуге тырысатын әдетін көрген соң тыйылғанын мойындасам, әбес емес шығар. Бұл бәзбіреулер үшін елеусіздеу ғана нәрсе болуы мүмкін, ал дұрысында журналистің сауаттылығы өте маңызды дүние. Кез келген басқа мамандық иелерінен грамматикалық сауаттылық талап етілмеуі мүмкін. Ал тасқа басылатын сөз ең алдымен қатесіз болуы керек!
Шебер журналистердің жазатын тақырыбын ең алдымен әбден зерттеп, бір қайнауын кем қылмай, ойында пісіріп, жазуға сонан соң ғана отыратыны белгілі. Бұл тұрғыда әріптес апайымның сүйекті материалдарының бәрі жан-жақты ізденіс пен дайындықтың, ой еңбегінің нәтижесі деп айтар едік. Мен бұл жерде тек бір ғана мысал келтіргім келеді. Апайдың біраз ілгеріде «Егеменге» «Қазақтың Страдивариі кім?» деген сүйекті, салмақты үлкен-үлкен қос мақаласы шықты. Сол материалдарды жазу үшін Нұр-Сұлтаннан арнайы уақыт шығарып Алматыға, Қарағандыға іссапарға барып, қазақ домбырасын жасаған шеберлер туралы ізденіп, ескі жәдігерлерді сары майдай сақтап, күтіп-баптап отырған мамандармен әңгімелесіп, сол әңгіме барысында қазақ ән-күй өнері тарихында өзіндік орны бар тұлғалардың домбыралары қазір кімдердің қолында екенін анықтап, қазақ домбырасына тән ерекшеліктерді жіктеп, жіліктеп, домбыраның нарқын одан әрі асқақтатып, оқыған адамның жадында мәңгі сақталатын үлкен дүние жариялады. Мұны мамандыққа адалдық деп бағалау керек. Ал сол қос мақаланың оқырман танымын кеңейтуге пайдасы зор болды десек, қателесе қоймаймыз. Апайдың мәдени-рухани бағытта жазған мұндай дүниелері өте көп. Олар әбден електен өтіп, екшеліп, 2019 жылы шыққан «Сыр-сымбат» кітабына енді. Кейін сол кітап қолымызға тиіп, шолып оқып шыққанымда мәдени дүниелерді жазу үшін адамның жан дүниесі нәзік, сыршыл, талғампаз болуы керек екен деген ойға бекігенмін. Неге десеңіз, өзі ән айта алмайтын, әнді мүлдем түсінбейтін, театрға қызықпайтын, әдебиетті сүйіп оқымайтын, киноны да жан рақаты үшін емес, көпке еріп көретін, былайша айтқанда рухани талғамы қалыптаспаған журналистің ұлт руханиятына үлес қоса алмайтыны, одан ешқашан шебер журналист те шықпайтыны шындық емес пе? Иә, әртүрлі жолмен атағын шығарып, қызметі өрлей беруі мүмкін, ол енді басқа әңгіме...
Өмір сапарында адамдардың бір-бірімен кездесіп, таныс-біліс болуында бір заңдылық бар екені анық. Әсіресе рухани, адамгершілік, дүниеге көзқарас тұрғысынан, тіпті мінез-құлқы жағынан да бір сәйкестігі бар адамдардың жолы тоғысатын шығар деп ойлаймын. Әйтеуір «Егемен Қазақстан» газетінде қызмет етуім, Қарашаш апайдың рухани сіңлілерінің қатарында болуым тегін емес. Үйренгеніміз көп, үйренеріміз де бар.
Меніңше, апайдың қалам құдіреті осы жазбаның бас жағында атап көрсеткенімдей, шынайылық дейтін ұғыммен тікелей байланысты. Қандай дүние жазса да оқырманын баурап алуының сыры – әрбір оқиғаны, әрбір мәселені, сұхбатты, тіпті барлық жанрды дейікші, шынайы жанашырлықпен, мейіріммен, жан шуағын төге отырып, арасынан қыл өтпейтіндей ғып өрнектеп жазуында, адамилық пен кәсібилікті ұштастыруында. Ал мынадай ақпарат тасқынына әрең төтеп беріп отырған уақытта мықты журналистердің жүрекке жылы жазбаларын оқырмандары сағына күтетіні заңды. Бұл орайда апайға мерейтой қарсаңында тілектес, ниеттес, қанаттас, сапарлас жандардың ақжарма көңілден шыққан ізгі тілектерімен рухани қанаттанып, оқырмандарыңызды сүбелі дүниелермен қуанта беріңіз дегіміз келеді.