• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
06 Наурыз, 2014

Сот жұмысы жеңілдетіледі

246 рет
көрсетілді

Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің жетекшілігімен өткен палатаның кешегі жалпы отырысында сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі, сот төрелігін іске асыруды одан әрі жеңілдету, Еркін сауда аймағы және өзге де мәселелерге қатысты заңдық құжаттар қаралып, тиісті қаулылар қабылданды. Күн тәртібінде палата алдымен Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің ұсынысы бойынша Ілияс Бақтыбаевты Қазақ­стан Республикасының Консти­туциялық Кеңесіне мүшелікке тағайындады. Содан кейін заң жобалары қаралды. Депутаттар «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заңға түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады. Заңдық жоба іріктеу жүйесін дамытуға және судьялық қызметке үміткерлерді таңдаудағы қоғам рөлін жетілдіруге бағытталған. Әсіресе, сот төрағаларына кандидаттарды іріктеуде судьялық өтілдің болуы бес жылдан он жылға дейін көтерілмек. Соттар қызметін жетілдіру мақсатында жүйе қызметіне қатысты жеке орган құру ұсынылады. Бұл орган құзыретіне соттардың жұмыстарын тексеру, соттар мен бұқаралық ақпарат құралдарының қызметін үйлестіру және тез арада шешу көзделеді. Осы ретте судьяларға сот шешімі заңды күшіне енбей, жұртшылық алдында пікір білдіруге тыйым салынады. Сонымен қатар, «Қазақстан Республикасының кейбір заңна­малық актілеріне сот төрелігін іске асыруды одан әрі жеңілдету, төрешілдік ресімдерді азайту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы да бірінші оқылымда қолдау тапты. Заңдық құжатта міндетті түрде алдын ала сотқа дейінгі тәртіппен шешілетін істер тізбесін бекіту және кеңейту көзделген. Бұдан басқа, жауапкер қарсы қуыным беруге құқылы болатын мерзімді шектеу ұсынылады. Қарсы қуыным беру уақытын қысқарту жауапкердің сот процесін созбай, оған неғұрлым жауапты дайындалуы қажеттігін талап етеді. Және де сот ресімдерін жеңілдету бойынша қосымша шаралар ретінде бейнебайланыс құралдарының көмегімен дәлел­демелерді қашықтықтан зерттеу және іске қатысатын тұлғалардың түсініктемелерін тыңдау мүм­кіндігін көздеу ұсынылады. Бұл ретте, заң жобасында бұй­рық арқылы іс жүргізу саласының кейбір даулары ауқымды заңды талап қою саласына беру арқылы кеңейтіледі. Сонымен қатар, Азаматтық іс жүргізу кодексіне бітімгершілік келісім жасасу ресімін егжей-тегжейлі регламенттеу нормалары да қарастырылып отыр. Дауды бейбіт жолмен шешуге талаптарды ынталандыру мақ­сатында бітімгершілік келі­сім жасасу мемлекеттік бажды қай­тару үшін негіз болатын тізбеге енгізіледі. Бұдан бөлек, дауды мін­детті түрде алдын ала сотқа дейінгі тәртіппен шешетін істер тізбесін бекіту және кеңейту көзделіп отыр. Сондай-ақ, Мәжіліс «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құ­қық бұзушылық туралы кодексіне өзге­рістер енгізу туралы» заң жоба­сын бірінші оқылымда мақұл­дады. Елімізде парниктік газдар шығарындыларына квотаны арт­тырғаны үшін айыппұл мөл­шері азайтылмақ. Қоршаған орта және су ресурстары министрі Нұрлан Қаппаровтың айтуынша, еліміздегі өндіріс көлемі 2010 жылмен са­лыстырғанда, 15 пайызға өскен. Санкцияларды енгізу өндірістік сектордан елеулі қаржы шығаруға мүмкіндік берер еді, деп мәлімдеген министр мұның себебін оған қатысты өндірістер тоқтап, жұмыс орындарының қысқаруы әлеуметтік жағдайды ауырлатар еді дегенмен түсіндіруге тырысты. Қазіргі айыппұл көлемі бес айлық есептік көрсеткіш (шамамен 37 еуро) деңгейінде белгіленіп отыр. Министрдің мәліметіне қарағанда, алдын ала болжамдар бойынша квоталардың нарықтағы бағасы 5 еуродан аспайды. 2010 жылы Еуроодақта 1 квотаның бағасы 27 еуроға дейін ғана көтерілсе, ал айыппұл мөлшері 100 еуроға дейін барады екен. Қазақстан мен Еуроодақ елдерінің технологиялық алшақ­тығын назардан тыс қалдыруға болмайтындығын алға тартқан министр айыппұл мөлшерін еуропалық деңгейге көтеру экономикалық тұрғыдан орынсыз екендігін де қаперге салды. Ал мұндай нормалар қабылданса, өнеркәсіп кәсіпорындарынан былтыр есепке жазылған энергетика саласындағы 208 миллиард теңге, мұнай және газ секторындағы 30 миллиард теңге өндіріп алынбай қалады. Мәжіліс «2011 жылғы 18 қазандағы Еркін сауда аймағы туралы шартты оның Тараптары мен Өзбекстан Республикасының арасында қолдану туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасын мақұлдады. Еліміз хаттама шеңберінде Өзбекстанға тиісті тауарларды әкету кезінде оларға қатысты экспорттық бажды қолдануды көздеген тауарлар тізбесін бекіткен. Ал Өзбекстан елімізге тауарларды экспорттау кезінде кеден бажын қолдану құқығын өзіне қалдырған. Бұған қоса, күн тәртібінде Қазақстан-Өзбекстан арасын­дағы стратегиялық әріптестік туралы шартты ратификациялау туралы заң жобасы жұмысқа алынып, қорытынды әзірлеу үшін тиісті комитетке жүктелді. Жалпы отырыстың соңында Н.Нығматулин әйел-депутаттарды келе жатқан төл мерекелерімен құттықтады. Спикер өз әріптестерінің заң шығармашылық жұмысындағы елеулі еңбектеріне айрықша мән беріп, денсаулық, мәдениет, бюджет және қаржы мәселелерінің қай-қайсы да әйел азаматтарымыздың әрқашанда назарында екенін, ал әйелдерді қолдау, жан-жақты дамуына жағдай жасау Елбасы саясатының басым бағыттарының бірі екенін атап өтті. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан».