Жақында қазақстандық делегация АҚШ астанасы Вашингтон қаласында ядролық қарусыздану мен таратпау жөніндегі Парламентарийлер одағының Ассамблеясына қатысты.
Парламент Сенатының Халықаралық істер, қауіпсіздік және қорғаныс жөніндегі комитетінің хатшысы Бірғаным Әйтімова, Парламент Мәжілісінің Халықаралық істер, қауіпсіздік және қорғаныс жөніндегі комитетінің хатшысы Виктор Рогалев, СІМ-нің Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Роман Василенко және АТОМ жобасының құрметті елшісі, суретші Кәрімбек Күйіков Жапония, Оңтүстік Корея, Чехия, ГФР, Эстония, Мысыр, АҚШ және басқа да бірқатар елдердің ядролық қарусыздану саласындағы сарапшылары мен белсенділері, парламент мүшелері бас қосқан іс-шараға қатысты.
Қазақстан өкілдері жиналғандарды еліміздің таратпау және ядролық қарусыздану ісіндегі қол жеткізген жетістіктерімен және бастамаларымен таныстырды. Өткен кезеңдегі атқарылған жұмыс қорытындыларын, соның ішінде Парламент Мәжілісінің және Сыртқы істер министрлігінің ұйымдастыруымен 2012 жылдың тамыз айында Астанада 80-нен аса мемлекет өкілдерінің қатысуымен өткен «Ядролық сынақтарға тыйым салудан ядролық қарудан азат әлемге» атты халықаралық конференция қорытындыларын бекіту Ассамблеяның отырысының басты тақырыбына айналды. Сонымен қатар, алдағы кезеңге жұмыс жоспары бекітіліп, Б.Әйтімова Қазақстан Парламенті атынан Ядролық қарусыздану мен таратпау саласындағы Парламентарийлер одағының кеңесіне мүше болып сайланды. Ал В.Рогалев Кеңесте Парламенттің төменгі палатасынан өкілдік ететін болады.
Қазақстандық парламентарийлердің Д.Рорабакер, М.Мидоус, Р.Адерхолтом секілді конгрессмендермен және сенатор Д.Бузманмен өткізген екіжақты кездесулерінде Қазақстан мен АҚШ арасындағы стратегиялық әріптестік мәселелері, «Қазақстан-2050» Стратегиясының мақсаттары мен тапсырмалары, парламентаралық байланыстарды нығайту болашағы мәселелері талқыға салынды.
АҚШ Сенатының Кеннеди атындағы тарихи залында Қазақстанның Вашингтондағы елшілігі, Парламентарийлер одағы мен Массачусетс штатынан сенатор Эд Маркидің ұйымдастыруымен қабылдау болып өтті. Конгресс мүшелері, ғылыми-сараптамалық топтар, БАҚ және дипломатиялық корпус өкілдері алдында сөйлеген сөзінде Парламентарийлер одағының тең президенті болып табылатын америкалық сенатор Қазақстан тарапына халықаралық ұйымды берік қолдағаны және АҚШ-пен ядролық қарусыздану саласындағы тығыз ынтымақтастығы үшін алғысын білдіріп, Отанымыздың ядролық таратпау және қарусыздану ісіндегі көшбасшылығын ерекше атап өтті. Э.Марки, сонымен қатар, АҚШ Әкімшілігін елдегі ядролық арсенал өндірісі мен санын қысқартуға шақырып, үнемделген 100 миллиард АҚШ доллары көлеміндегі қаражатты Америка халқының әлеуметтік қажеттілігіне жұмсауды ұсынды.
Қазақстанның АҚШ-тағы елшісі Қайрат Омаров өз сөзінде Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Семей сынақ полигонын жабу туралы және ядролық қарудан бас тарту туралы тарихи шешімінің саяси салмағы ешқашан жеңілдемейтінін әрі маңызы жойылмайтынын атап өтті.
Аудитория алдында сөз сөйлеген АТОМ жобасының құрметті елшісі Кәріпбек Күйіков еліміздің ядролық қарусыздану ісіне қосқан үлесі жайлы және өз өмірінің тарихы мен ядролық қарусыз әлем үшін күрес жайлы айта келіп, бұл мәселе ешқашан бәсеңдемеуі тиіс екенін атап көрсетті. Оның сөзі ұзақ әрі шынайы қол шапалақтауға ұласты. «Мен өз өмірімді ядролық сынақтармен күресуге арнауға шешім қабылдадым және ядролық қару сынақтарынан зардап шеккен соңғы немесе соңғылардың бірі болып қалу үшін барлық күш-жігерімді саламын», деді суретші. Оның антиядролық тақырыптағы суреттері қабылдау залына қойылған болатын.
Р.Василенко мен К.Күйіков Джордж Вашингтон университетінде студенттер, оқытушылар, сонымен қоса, ғылыми-зерттеу тобы мүшелерінен құралған қонақтар үшін Қазақстан Республикасының антиядролық бастамалары, соның ішінде АТОМ жобасы туралы лекция оқыды.
Ал АТОМ жобасы жаһандық ядролық қарусыздану үдерісіне қосымша серпін беру үшін, атап айтқанда, Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарттың күшіне енуін қамтамасыз ету мақсатында Елбасының бастамасымен 2012 жылы іске қосылғаны белгілі. Қазіргі уақытта Шартқа 183 мемлекет қол қойса, 161-і ратификацияланған. Алайда, оның күшіне енуі үшін Үндістан, Пәкістан және Корея Халықтық-Демократиялық Республикасы тарапынан қол қойылуы және ратификациялануы керек, ал Мысыр, Израиль, Иран, ҚХР және АҚШ мемлекеттері ратификациядан өткізулері қажет.
Қазақстандық делегацияның сапары америкалық және халықаралық БАҚ-тар тарапынан қызығушылық туғызса, «Roll Call», «Америка дауысы», «Ариана» (Ауғанстан) және Kazakh World секілді бұқаралық ақпарат құралдарында жан-жақты көрініс тапты. Вашингтондағы іс-шара Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың ядролық қарусыз әлем құру, жаһандық ядролық қауіпті қысқарту саласындағы бастамаларының өзектілігін тағы да растап берді.
Сәулебек БІРЖАН.