• RUB:
    5.17
  • USD:
    515.89
  • EUR:
    536.32
Басты сайтқа өту
Тарих 21 Желтоқсан, 2021

«Желтоқсан –1986 – Декабрь» жинағы таныстырылды

4408 рет
көрсетілді

Алматыда Ұлттық кітапханада «Желтоқсан –1986 – Декабрь» құжаттық хроникалар жинағының таныстырылымы өтті, деп жазады Egemen.kz.

Үш бөлімнен тұратын жинаққа 1986 жылғы желтоқсан көтерілісіне қатысушы жастарды басу мақсатында партия, мемлекет және құқық қорғау органдары тарапынан жүзеге асқан іс-қимылдарға қатысты ресми құжаттар еніп отыр. Жинақты құрастырған – Парламент Мәжілісінің депутаты, тарих ғылымдарының кандидаты Берік Әбдіғалиұлы. Бұл жинақтың «Арыс» баспасынан жарыққа шығуына қолдау көрсеткен – «Altyn Qyran Foundation» қоғамдық қоры. Ғылыми қауымдастық, сондай-ақ студенттер мен тарихқа қызығушылық білдіретін оқырман қауымға арналған жинақ материалдары хронологиялық негізде берілген.

Жиынды ашып, сөз сөйлеген Ұлттық кітапхананың ғылыми хатшысы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Болат Жүнісбеков Желтоқсан көтерілісіне қатысты деректермен бөлісті. Бүгінде желтоқсандықтардың мүддесін қорғауға атсалысатын 17 ұйым жұмыс істейді.  Ал Ұлттық кітапхана қорында 3500-ден астам дерек бар. 1994 жылдан 2010 жылға дейін желтоқсаншылармен тығыз байланыста жұмыс істеген Болат Жүнісбекұлы сол кезде сотталғандар санының 99 адам екенін атап өтті. Осы азаматтардың аты-жөндері толықтай құжаттық хроникалар жинағында көрсетіліп отыр.

«Бұл жинақ желтоқсанға объективті баға беруде, сол кезеңнің тарихи шындығын тануға ықпал ететін басылым», деді  тарихшы Хангелді Әбжанов.

Тарихшының айтуынша, кеңестік жылдары зиялы қауымның екі тобы қалыптасты. Бірі саяси басқарушы интеллигенция болса, екіншісі құқық қорғау интеллигенциясы. Мұнда мыңдаған дерек бар. Онда кімнің ұсталғаны, қандай жарақат алғаны бәрі жазылған. Бұл кітап ақиқатты қалпына келтіруге көмектеседі.

Жиында тарих ғылымдарының кандидаты, жазушы Бейбіт Қойшыбаев, композитор, жазушы Хасен Қожахметов, қалалық қоғамдық кеңес мүшесі Құсман Шалабаев, сонымен бірге Желтоқсан ұйымдарының жетекшілері, тағы басқалар сөз сөйлеп, мұндай басылымның жарық көруі алдағы уақытта тарихи дұрыс тұжырым жасау мен өскелең ұрпаққа Тәуелсіздіктің қадірін ұғындыруда таптырмас құрал екендігін атап өтті.

Желтоқсан көтерілісінің барысын кезең-кезеңімен баяндайтын мазмұнды жинақ 1 мың тиражбен жарыққа шықты.