Өскеменнің іргесіндегі Лесхоз ауылында 7 жасар қыз баланы иесіз ит талап өлтірді. Жантүршігерлік оқиға көпшілікті елең еткізбей қоймады. Иесіз иттердің көбейіп кетуі баяғыдан көтеріліп келе жатқан мәселе болғанымен, бір басшы мәу демеген. Енді келіп, дер кезінде алдын алмаған ветеринарлардан кінә іздеп әлек. Алайда 70 мың теңге жалақыға қарап отырған аз ветеринар ит ата ма, мал емдей ме?
Осыдан екі ай бұрын ғана әлеуметтік желіде қала ішіндегі иесіз иттердің көбейіп кеткендігі туралы сөз болған. Сөз болғанымен, өрген ит өріп әлі жүр. Нәтижесі міне, айдың, күннің аманында қаршадай қызды қаңғыбас ит талап өлтірді. Ата-анасы қайғыдан қан жұтса, халық кінәні кімнен табарын білмей дал. «Таяқтың екі ұшы бар» демекші, құзырлы органдар қолға қару алып, ит ата бастаса, жануарларды қорғаушылар кесе-көлденең қарсы шығады. Алайда иттің өмірі адам өмірінен қымбат емес шығар...
– Шынымызды айтсақ, балаларды далаға жіберуге қорқамыз. Қаңғырған ит көп. Қаладағы ветеринария бөлімінің бар-жоғы белгісіз. Жабық ұйым сияқты. Қаңғыбас бір ит қалдырмай аулап, көздерін жойса дұрыс еді. Ал жануарға жандары ашитын азаматтар болса, ит қора салып, сонда қамап ұстасын, – дейді Өскеменнің тұрғыны Ринат Қысекин.
Ит қора демекші, Өскеменде қаңғыбас иттерді асырауға арналған питомник құрылысы басталған. 100 итке шақталған питомникке қала әкімдігі жер де бөліп берген.
– Қала басшылығының көмегімен питомник салынып жатыр. Алдағы уақытта құрылыс аяқталады. Қаңғыбас иттердің көбейіп кетуінің бір себебі, тұрғындар иттерді жаздай саяжайда асырап, қыста қараусыз жібереді. Қаланы иттен тазалауға ветеринария саласы жауапкершілік танытуы тиіс. Халықпен байланыста болуы керек. Алайда олардың не телефон нөмірлері, не әлеуметтік желіде парақшалары жоқ, – дейді Өскемен қаласы әкімінің кеңесшісі Әлібек Тұрсымбетов.
Бұл не деген жауапсыздық деп, «Өскемен-Вет» КММ басшысы Жұмағазы Оразалинге хабарласқанбыз. Сөйтсек, жауапсыздар жоғарыда, Үкіметте, министрлікте көрінеді. Осы орайда Жұмағазы Қалибекұлы ветеринарияның былық-шылыққа батып отырғанын жіліктеп тұрып айтып берді.
– Ветеринария саласына Президент пен Үкімет назар аудармаса, құрып бара жатқан сала құри береді. Біз мал емдейміз бе, ит атамыз ба?! Жалғыз дәрігер, жалғыз көлік қаладағы өріп жүрген итті биыл атып тауыса алмайды. Екіншіден, оларды мылтықпен атуға рұқсат жоқ. Қолымыздағы инелі қару 5-10 метрге ғана ұшады. Қаңғыбас ит болса, «мені атып ал» деп қарап тұрмайды, – деп ашына сөйлей бастады Жұмағазы Қалибекұлы. – Біздің міндет – ауылшаруашылық жануарларын егу, қан алу, тексеру, ауру малды арнаулы санитарлық мал сою алаңына апару. Сонымен қатар етке, сүтке анықтама беру. Сырғалау, таңбалау, куәлік беру, базаға енгізу де біздің жұмыс. Ал қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау – қосымша міндетіміз. Тұрғындардан арыз-шағым жетсе, бекітілген кестеге сәйкес жұмыс істейміз. Белгіленген аумақтарда иесіз иттерді аулауға аумақтық басқару орталығынан бір маман, учаскелік полиция инспекторы, мал дәрігері және автокөлік жүргізушісі қатысады. Бұл оңай шаруа емес. Мамандар жеткіліксіз. Себебі мал дәрігерінің, жүргізушінің жалақысы өте аз. Екіншіден, қала аумағы аз мамандар үшін өте үлкен. Үлгермейді, – деп мәселенің мән-жайын тайға таңба басқандай етіп айтып берді.
Қайткенмен, ветеринария саласында өмір бойы қызмет етіп келе жатқан басшы бұл тығырықтан шығудың жолын білетін шығар деп, ұсынысын да тыңдадық. Біздікі де құзырлы органдар құлақ асып қалатын шығар деген ой ғой. Оның үстіне Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ветеринария саласына көңіл бөлу керектігін Жолдауында айтқан.
– Үкіметке ұсыныс айтар болсам, қаңғыбас иттерді аулауды басқа мекемеге жүктесін. Әр аумақтық басқару орталығында иттерді аулау бригадасы құрылып, қаржы бөлінсе деймін. Елді мекеннен алыстау жерлерде тобымен жүрген иттерді отты қарумен атуға рұқсат беру керек пе деп ойлаймын. Өйткені біз пайдаланып жүрген «Увыш-651» инелі қару көшедегі итті атуға жарамайды. Тиген жағдайда, ит қашып барып өледі. Шприц түсіп қалса, оны бір бала тауып алып, оқыс жағдайға ұшыраса қайтеміз? Қыл аяғы тағы да мал дәрігері кінәлі болып шығады, – деп бүкпесіз ұсыныс-пікірін тізіп берді «Өскемен-Вет» КММ басшысы Ж. Оразалин.
Сонымен қатар мал дәрігерлерінің ай сайынғы жалақы- ларының мардымсыз екенін де тілге тиек етті. Жұқпалы ауруға ұшыраған малмен жұмыс істейтін дәрігер бір реттік емдеу-сауықтыру жәрдемақысын ала алмайтынын да ашына айтты. Коммуналдық мемлекеттік кәсіпорын қызметкерлері мемлекеттік немесе азаматтық мекеме қызметкерлеріне жатқызылмағандықтан, кезекті еңбек демалысына шыққандағы төлемі де тиын-тебен көрінеді.
– Мал дәрігері бір жыл қызмет етсе де, отыз жыл жұмыс істесе де алатын айлық бірдей. Санаттың өсуі деген жоқ. Бүйте берсе, иттің адамға шабуы түк емес болып қалады. Жұқпалы індет дендеп, мал қырыла бастаса, адамзаттың күні ветеринарға түседі. Бірақ ол кезде тым кеш болады. Айтпағым, ертеңімізді бүгін ойлайық. Бүгін деп отырғаным, қазіргі мал дәрігерлерінің жас шамасы 55-63 жас аралығында. Олар зейнетке кеткен соң орындарын басатын жас кадр жоқ, – дейді болашаққа көз тастағандай Ж.Оразалин.
Айтқан уәжі де, ұсыныс-пікірі де орынды. Жалақы көтерілмей, жұмыс істеуге мүмкіндік жасалмай, жоғарыда айтқан мәселелер шешілмейді. Ит бүгін бір баланы жазым етсе, ертеңгі күні мұндай жағдай қайталанбайды дегенге кім кепілдік береді?!
– Осы жылдың 17 желтоқсанында Ертіс полиция бөлімі аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады. Қазіргі уақытта қылмыстық іс бойынша тиісті сот сараптамасы тағайындалды. Болған оқиғаның барлық мән-жайларын анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде. Өзге ақпарат қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабының 1-бөлігіне сәйкес жария етуге жатпайды, – деді облыстың бас полицейі Сағат Мәдиев.
Ал қайғылы жағдайға байланысты полицейлердің тергеуі, әкімдіктегі бір сағаттық жиын – жылдар бойы бері жалғасып келе жатқан проблеманы шешпейді. Бұл үшін біз қаузап отырған саланың жүйесі сала маманы айтқандай өзгеруі керек. Өзгермейінше, сан соғып қала береміз... Айтпақшы, 17 желтоқсан күні ит талап өлтірген қыз 18-і күні жеті жасқа толуы керек еді. Қыршынынан қиылған ғұмырға кінәлі кім?