Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында орман қоры жерлеріне 2 млрд түп ағаш отырғызу жөнінде тапсырма бергені белгілі. Жер-жерлерде қолға алынған тал егу жұмыстары Шығыста да тыңғылықты түрде жүзеге асып жатыр. Облыста орманға оранған өңірлер көп болғанымен, биыл орман және табиғат қорғау мекемелері 4 151 гектар аумаққа орман дақылдарын екті.
Республика бойынша ең үлкен орман резерваты «Семей орманы» аумағындағы Канонер филиалында орналасқан. Онда Орталық Азияда баламасы жоқ орман тәлімбақ кешені мен ағаш тұқымының бекеті жұмыс істеп тұр. Кононер филиалында инновациялық технологиялар арқылы жыл сайын 3 млн дана жабық тамыр жүйелі сеппе көшеттер өсіріледі. Шведтік технологияның дамығаны соншалық, кәдімгі қарағайдың сеппе көшеттері 2 жыл ішінде емес, бар-жоғы 70 күннің ішінде өсіп шығады. Заманауи әдіспен бұл кешенде 5 жыл ішінде қарағайдың 15 млн көшеті өсірілді.
Алдағы бес жылда облыс аумағындағы 40,6 мың гектар жерге 196,8 млн әртүрлі ағаш көшеттерін отырғызу жоспарланған. Оның ішінде 2021-2025 жылдары орман шаруашылығы коммуналдық мекемелері қызметкерлерімен 15 мың гектар алаңға 76 млн түп ағаш, «Семей орманы» мемлекеттік орман резерватының аумағында 119,4 млн түп, Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында 792 мың түп ағаш отырғызылады. Сонымен қатар Асубұлақ, Самар орман шаруашылығы мекемелеріндегі тәлімбақтарда көшет егу жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп жатыр. Бұл туралы Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Ділдәбек Оразбаев айтып берген.
– Кешенді жоспарды іске асыру мақсатында биыл облыстың орман және табиғат қорғау мекемелері 4 151 гектар аумаққа орман дақылдарын отырғызды. Сондай-ақ өткен жылдардағы екпелерді толықтыруды ескере отырып, 23 млн 581 мың дана ағаш отырғызды, – дейді Ділдәбек Тәжібайұлы.
Президент тапсырмасына сәйкес орман қорын молайту мақсатында облыста әзірленген кешенді жоспар жұмысы нәтижелі жемісін беріп келеді. Осы тұста айта кетерлігі, орман қорын молайту мақсатында жұмыстар жүргізіліп жатқанымен, жасыл желекке балта шабатындар да жоқ емес. Әсіресе жаңа жыл қарсаңында шырша кесу фактісі ішінара болып тұрады. Ал мемлекеттік мекемелерге шырша заңды түрде босатылады екен. Мәселен, былтыр облыста 760 түп шырша мектеп, балабақшаларға берілген. Көк базарда сатылып тұратын шыршаларды кәсіпкерлер көбінесе Ресейден жеткізеді. Одан басқа аймақта онға жуық жеке меншік тәлімбақтар бар. Олар да шыршаларын заңды түрде сата алады.
Жаңа жыл қарсаңында белгілі мөлшерде жасыл шырша қиылғанымен, орны үш есе, төрт есе толығып отыратыны анық. Оған жоғарыда келтірілген цифрлар дәлел. Дейтұрғанмен, үш-төрт күндік шараға жасанды шырша пайдалануға да болар еді. Айтып өткендей, орман қорын молайту мақсатындағы 2025 жылға дейінгі Президент тапсырмасы облыста жалғасын табатыны анық.
Шығыс Қазақстан облысы