• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
08 Наурыз, 2014

Өмірге құштар Тамара

438 рет
көрсетілді

Орал қаласының тұрғыны, екінші топтағы мүгедек әйел Та­мара Истоминаның өмірге деген шексіз құштарлығы, өзін әрдайым жас сезінуі, жарық дүниенің қадір-қасиетін бағалай білуі өзгелердің де ерік-жігерін жани түседі. Олай дейтініміз, жиырма екі жасынан бері қант диабеті дертімен күресіп келе жатқан қайсар жан қара басының қамын күйттеп, үйінде күтініп отырмай, өзі сияқты науқастарға көмек қолын созу үшін 2001 жылы «Диабет» қоғамдық бірлестігін құрады. Бұл қадам былайша басталған еді. Тамара Алексеевна бір күні әдеттегідей емханаға ем алуға барған сәтінде Ардақ Қобдабаева және Галина Коробкова деген замандастарымен кездесіп қалады. Танысып, сөйлесе келе олар қоғамдық бірлестік құруға, сөйтіп, өздері сияқты жандарды есепке алып, өмірлерін жақсартуға бел буады. Бүгінде бірлестік есебінде облыс бойынша алты мың адам бар. Соның 554-і 15 жасқа дейінгі балалар. 281-і жасөспірімдер. Жанашыр жандар «Зенит» мәдениет үйінде бір үлкен кабинетті жалға алып отыр. 14 қараша – бүкіләлемдік диабетпен күрес күні, сондай-ақ, басқа да мемлекеттік мейрам күндері бірлестік жетекшісі бастаған топ балалар мен ата-аналарды жинап, әртүрлі шаралар өткізеді. Демеушілер арқылы мұқтаж отбасыларға көмек береді. Оралда туып, балалық, жас­тық шағы осында өткен Тамара Истомина 1976 жылы А.С.Пушкин атындағы Орал педагогикалық инс­титутын бітірген соң, Краснояр өлкесінің Уяр қаласындағы бір мектепке химия-биология пәні­нің мұғалімі болып жұмысқа ор­наласады. Араға жыл салып ту­ған жеріне оралған жас қыз ал­ғаш­қыда балабақша тәрбиешісі, мектепте мұғалім, кейін балалар шығармашылығы орталығында қызмет жасайды. Өзінің педагогикалық-тәр­бие­шілік қызметі барысында ұдайы балалар мен жасөспірімдердің ортасында болып, олардың жан-дүниесімен етене таныс болған ол «Диабет» қоғамдық ұйымынан басқа «Ботақан» мүгедек балалар тобына да жетекшілік жасайды. 2010 жылы арнайы әлеуметтік қызмет бойынша мемлекеттік тап­сырыспен ашылып, жыл сайын 5 миллион теңге грантқа ие болып отырған «Ботақанда» психологиялық-неврологиялық дертке шалдыққан 3-12 жас ара­лы­ғындағы жиырма бала тәр­бие­ленуде. – Балаларды сауықтыруда пе­­дагог, психолог, дефектолог, логопед, музыкант және екі тәр­биеші мен екі сылаушы (масса­жист) еңбек етуде. Балалар орта­лықта күн сайын сағат 10-13 ара­сында болады. Ем-домын бе­ріп, салт атқа отырғызып серуен­дет­кен соң, ыстық тамақтарын іш­кізіп, содан соң балаларды кө­лік­пен үйлеріне апарып тас­тай­мыз. Балалардың кейбірі кейін «Шапағат» медициналық-әлеу­мет­тік мекемесіне ауысады, – дейді Тамара Алексеевна. Облыстағы қант диабетімен ауыратын отыз балаға біреуінің құны 600 мың теңге тұратын «Помпо-терапия» аппараты қойылған. Бұл құрал арнайы сызба бойынша қандағы инсулиннің бөлінуін бақылайды екен. Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан осындай көмектер балалардың өмірін сақтауға, олардың қоғамдық өмірге белсене араласуына ықпал етіп отыр. Бұған біздің бүгінгі кейіпкеріміздің де қосқан үлесі қомақты. Қоғамдық өмірдің қақ ортасында жүрген жанашыр жанды, адам баласының бойында өте сирек кездесетін альтруистік қасиеттің иесін облыс орталығында өткізіліп жүрген әртүрлі жиындардан жиі көреміз. Сырт қарағанда, оны ешкім де екінші топтағы мүгедек деп ойламайды. Қандағы қант мөлшерін қалыпты жағдайда ұстап тұру оңай болмаса керек. Алайда, әрдайым ширақ, қашан да жас, қай кезде де сергек, көңілді жүретін осынау орыс әйелі осылайша басқаларға үлгі болуда. Кей науқастар, әсіресе, жас қыздар аяқ асты ауырып қалса, күн-түн демей Тамараға хабарласып көмек сұрап жатады. Өзі ауырып отырса да, оларға дем беріп, өмірге деген құштарлығын арттыруда Т.Истомина елгезектік танытудан шаршаған емес. Бар өмірі күрес пен шапағатқа толы жан 1980 жылы бас қосқан өмірлік серігі Михаил және қызы Галинамен бірге бақытты ғұмыр кешіп келеді. Ұлдай ҚАБОШҚЫЗЫ, журналист. Орал.