• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Өнер 23 Желтоқсан, 2021

Бір ғажайып Қатаркөл

508 рет
көрсетілді

Әр адам – туған топырағының жыршысы. Мейлі ол өнер саласына қатысы жоқ болса да, алғаш табаны тиген жерді мәңгілік биігіндей бағалайды. Дегенмен де сол сұлу сезімді бастан кешіп қана қоймай, халыққа жеткізетін өнер иелері екені даусыз. Оған сіздерге ұсынып отырған картина куәлік етеді.

Тәуелсіз еліміздің қай түк­­­піріне сапар шексеңіз де әйтеуір ұлы естеліктердің жаң­­ғырығына жолығасыз. Ба­бамыз басқан жердің шөбі де әлденеден хабар беретіндей. Қараңызшы, белгілі суретші Қажыбек Баймолдиннің «Қа­таркөл» картинасы бізді сол ескі заманның естелігіне қай­­та жолықтырғандай. Бұл әсем мекен таңғажайып таби­ға­тымыздан сыр тартады.

Автордың жеке шығар­машылығына көз салсаңыз, оның кескіндемелері әркелкі. Қылқалам шебері бірнеше ба­ғытта эскиздер сызып, шабытын толықтай сынап көрген сыңайлы. Туындылары абс­трактілі суретке жа­қын. Тіпті академиялық натюрморттар мен портреттер де кездеседі.

Картиналарының басты тақырыбы – туған өлкенің сұлулығын мадақтау. Ол Баян­ауыл мен Бурабайдың әсем көріністерін бірнеше рет өз туындысына арқау еткен еді. Бақсаңыз, алдарыңыздағы шы­ғарма соның бір бөлшегі ға­на.

Жалпы, Бурабай курорты түрлі-түсті көлдері бар аймақ саналады. Олардың арасында әлем көз тіккен бірнеше көл бар. Солардың бірі – Қатаркөл көлі. Суы мөлдір әрі далалы өлкеде әсем орманымен өріл­ген жағажайының көрінісі көр­ген жанды арбап алатын ға­жайыпқа ие.

Суретші «Қатаркөл» картинасында бояуды ірі-ірі жалпақ көлденең етіп жағу арқылы көлдің айдынын берсе, дәл сол судың қасына бояу­­ды ұзын-ұзын әрі тік етіп жа­ғу арқылы орманды бейнелеген. Пішіні төртбұрышты суық және жылы түстермен салынған дақтар су бойындағы тасты жағажай аумағын көр­сетіп тұр.

Көркем пейзажда таби­ғатты егжей-тегжейлі ашып көрсетпей, дәл сол сәтте көз­ге түсіп тұрған нәрсенің жал­пы әсерін жеткізген. Ол бұл әсерге түстерді ойнату мен бояуларды жағудың ерекше фактурасы арқылы қол жет­кізеді.