Қазір «Павлодар мұнай-химия зауыты» ЖШС кәсіпорны тұрақты жұмыс ырғағында. Зауыт қазан айында технологиялық құрал-жабдықтардың жаңғыртылуына байланысты жұмысын уақытша тоқтатқан болатын. Күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін қолайсыз ауа райы жағдайларына қарамастан, жоспарланған мерзімнен бұрын орындалғаны «ҚазМұнайГаз» АҚ тарапынан да хабарланды.
Ал күрделі жөндеу жұмыстары барысында барлығы 933 бірлік технологиялық құбырдың, 19 бірлік техникалық бу құбырдың және 300 бірлік құрал-жабдықтың техникалық куәландырылуы мен сараптамалары жүргізілген.
– Кәсіпорын мамандарымен мердігерлік ұйымдардың жұмысшылары жоғарыда аталған барлық шараларды орындап, зауытты мерзімінен бұрын іске қосуға мүмкіндік берді. Жөндеу кезінде атқарылған барлық жұмыс өндіріс қауіпсіздігін сақтауға, мұнай өнімдерінің сапасы мен барлық экологиялық көрсеткіштердің орындалуына әсер етеді, – делінген хабарламада.
Зауыттың бас директорының орынбасары Саятай Әліпбаевтың мәліметінше, қондырғылар тексеріліп, сынақтар өткізілген. Мұнайды қайта өңдеудің негізгі құрылғылары жөндеу жұмыстарын жаңбырсыз ауа райында жүргізуі керек. Кәсіпорын қорында 50 мың тоннадан астам бензин, 5 мың тоннадан астам әуе отыны мен 34 мың тоннадан астам дизель отыны бар. Зауыт күніне 4 мың тонна дизель отынын шығарады.
Мұнай өнімдерінің әртүрлі маркалы автокөлік бензині, дизельдік отын, реактивті отын, техникалық күкірт, битумның бірнеше түрі, мұнай коксы, техникалық көміртек өндіруге арналған шикізат қоры бар. Қазан айында зауыт 121 мың тонна мұнай, 31 мың тонна дизель жанармайын өндіреді. Зауытта тәулігіне 15 200 тонна мұнай өңделген. Бірақ зауыттың күрделі жөндеу жұмыстары кезінде ротор құрылғысынан ақау шығып, пайдалануға жарамай қалған. Сондықтан гидротазалау компрессоры роторын басқа бөлшекке ауыстыратын 5 ай уақыт ішінде дизель отынын тиісті көлемінен 20-40 мың тоннаға аз өндіреді.
Биыл дизель отынының тапшылығы жергілікті «Павлодар мұнай-химия зауыты» ЖШС жұмысының уақытша мерзімдік тоқтауымен қатар келді. Сондықтан ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге арзандатылған жанар-жағармай жеткізетін операторлар қызметінің бірыңғай жүйесін құру қажет.
Жалпы, мұнай өнімдерінің өндірісінен бастап оны сатылымға шығаруға дейінгі кезеңнің жұмысын реттеу үшін заңнамаға өзгерістер енгізілсе, жанармай тапшылығының алдын алуға мүмкіндік бермек.
Дәл осы мәселелер төңірегінде «Павлодар мұнай-химия зауыты» ЖШС-де Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев, облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов, «ҚазМұнайГаз» АҚ басшылығы мен отандық мұнай өңдеу зауыттары өкілдерінің қатысуымен өткен жиында айтылды.
– Елімізде шаруаларды арзан жанармаймен қамтитын операторларды анықтау, отынды егістіктерге дейін жеткізу қызметін бақылау бойынша бірыңғай ережелер қажет. Сондықтан өңірлік деңгейде жеткізушілерді іріктеу жүйесін құрдық. Енді бұл ережелер еліміз бойынша бірыңғай сипатқа ие болып, оны Энергетика министрлігі бекітуі тиіс деп есептейміз. Осы мәселе бойынша ұсыныстарды беруге де әзірміз, – деді облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов.
Ал сұйытылған газбен қамтамасыз ету жүйесі биржалық тауарлардың қатарына енген. Соның салдарынан астықты кептіру қондырғыларында газды пайдаланатын өңір шаруалары отынсыз қалды. Сұйытылған газдың басым бөлігін өзге өңірлер сатып алған. Энергетика министрлігінен көмек сұраған соң Батыс Қазақстан облысындағы кендерден Павлодар облысына газдың қажетті көлемі жеткізілді.
Биыл облыста шөп шабу және астық жинау жұмыстарына 21 мың тонна арзандатылған жанар-жағармай бөлініп, нәтижесінде қажеттіліктің 80 пайызы өтелген.
Облыс әкімдігі Энергетика министрлігі мен «ҚазМұнайГаз» АҚ мұнайды өңдеу көлемі, Павлодар мұнай-химия зауытының технологиялық жабдықтарын жөндеу жұмыстарының мерзімдері туралы нақты деректерді уақтылы ұсынуды сұрайды. Сол кезде ғана әкімдік бюджетті тиімді жұмсау тетіктерін жоспарлай алады.
Облыс орталығы бюджеті кіріс бөлігінің 46 пайызы жанармай акциздерінен тұратынын назарға алсақ, тиісті органдардан дер кезінде берілетін ақпарат бюджеттің әлеуметтік міндеттемелерін орындау бойынша жоспарларды реттеуде аса маңызды.
Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиевтің мәліметінше, жанармай нарығындағы тұрақсыз жағдайдың орын алуына отандық кәсіпорындардың ішкі нарықты дизель және авиа отынмен қамтамасыз ету міндеттерін орындай алмауы себеп. Өйткені жөндеу жұмыстары тиімсіз жоспарланады.
Бұған дейін, «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» АҚ елдегі дизель отыны тапшылығына байланысты «Павлодар мұнай-химия зауыты» ЖШС-нің жөндеу жұмысына өзгерістер енгізді. Ішкі нарықтағы отын тапшылығының алдын алу мақсатында жөндеу жұмыстарын күз айына шегеру туралы шешім қабылданған-ды. Биыл зауыттың жөндеу мерзімі бір емес, үш рет кейінге қалдырылғаны белгілі.
– Зауыттар өндірістік қуаттылықтарды жаңғыртқанына қарамастан, күтпеген уақытта жөндеуге тұрып қалады. Жыл сайын жанармайды тұтыну көлемі артып келеді. Яғни кәсіпорындардың қазіргі қолданыстағы жөндеу жұмыстарының мерзімі ескіргенін байқаймыз. Бір жыл ішінде еліміздегі бір мұнай зауыты ғана күрделі жөндеуге байланысты жұмысын уақытша тоқтата алады. Енді «ҚазМұнайГаз» АҚ басшылығы дизель отыны тапшылығына орай туындайтын жағдайларды ескеріп, алдағы 5 жылға арналған жаңа жоспар құруы тиіс, – деп тапсырма берді министр.
Облысқа сапары барысында онсыз да дизель отынының тапшылығы ушығып тұрған кезде мұнай өңдеу зауытынан ақау шыққанын естіген Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев зауыт директорына сөгіс беруді ұсынды.
Жөндеу жұмыстары кезінде ақау шығып, дизель сұйық отын көлемі төмендей берсе, әрине, көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге тиіс жанармайдың қорын қазір жасау қажет.
Біз бұған дейін жазған «Отынға зәрулік: баға қолжетімді, көлем жеткілікті ме?» деген мақаламызда елімізде жанармай құнының өсуі, дизель отынының тапшылығы орын алғанын жазған едік. Яғни күзгі жиын-теріннің аяқталуына, қысқа дайындық кезінде көмір мен шөптің қымбаттауына да дизель отынның жетіспеушілігі себеп дедік.
Жалпы, мұнай өнімінің маусымдық тапшылығы жыл сайын қайталанады. Көктемгі егін егу, астық жинау науқандары кезінде мұнай өңдеу зауыттары жөндеу жүргізуге тоқтайтыны тағы бар. Атырау, Шымкент, Павлодар мұнай өңдеу зауыттарының өндірістік қуаты жеткіліксіз, сондықтан төртінші зауыт салу керек деген жоба да алыстап кеткендей. Керісінше, қолданыстағы зауыттарға жаңғырту жұмыстарын жүргізу ғана жоспарлануда.
Ал мұнай-химия зауыттарының жаңғырту модернизациясы ішкі нарықты өніммен қамту үшін қажет екені түсінікті. Зауыттардың тұрақсыз жұмысы, күрделі жөндеу жұмыстарының сапасыздығы – бүкіл ішкі нарыққа кері әсерін тигізері анық.
Павлодар облысы