Нұр-Сұлтан мен Шымкент қалаларында «Елбасы медалінің» жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Жастар арасындағы жоғары марапатқа 400-ден астам қатысушы ие болды.
Іс-шараға «Елбасы медалінің» иегерлері, еліміздің белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері, мемлекеттік органдардың өкілдері, ғалымдар мен белсенді жастар қатысты.
«Елбасы медалі» – жастарды кешенді дамытуға бағытталған ұлттық деңгейдегі бағдарлама. Қатысушылар «алтын», «күміс» немесе «қола» деңгейлерін таңдап, жеті бағыт бойынша дағдыларды дамытады: спорт, таланттар мен дағдылар, кітап оқу, ұлттық мұра, волонтерлік, туристік жорықтар, еңбек тәжірибесі. Қатысушылар түрлі кезеңнен өтуі тиіс. Финалистер «Елбасы медалін» иеленді. Бағдарламаға 14-29 жас аралығындағы жас қазақстандықтар қатысты.
Іс-шара ұйымдастырушыларының айтуынша, бұл өскелең ұрпақ үшін өте тиімді жоба. Себебі алдына қойған мақсаттарына жету үшін үлкен ынталандыру іспеттес. «Бүгінде жастарға үлкен көңіл бөлінуде. Жастардың жеке тұлға болып қалыптасуы үшін барлық мүмкіндік жасалуда. «Елбасы медалі» бағдарламасы – бұл білімді жетілдіруге және тұлғалық өсуге бағытталған бірегей жоба. Жоба қатысушылардың таланттарын ашуға көмектеседі, олар білімге ұмтылады, қоғам өміріне белсенді қатысады, болашақта өмірде пайдалы болатын тәжірибе жинайды. Жастар – еліміздің болашағы. Сондықтан бүгінгі жастар білімді, талантты, табысты, интеллектуалды және белсенді болуы керек. Бұл үшін барлық жағдай жасалуда», деді Қазақстан Жастар конгресінің атқарушы директоры Тоқтар Болысов.
2021 жылғы 15 желтоқсанда Нұр-Сұлтан қаласында «Елбасы медалі» бағдарламасына қатысушыларды марапаттау жөніндегі комиссияның отырысы өтті. Комиссия бағдарламаны іске асыру нәтижелерін қарап, бағдарламаны табысты аяқтаған 2 259 адамды марапаттауға ұсынды. Олардың 2 216-сы қола, 40-ы күміс және 3-еуі алтын медаль иеленді. Сондай-ақ 344 қатысушы бағдарламаны аяқтап, сертификат алады.
Қазіргі уақытта «Елбасы медалі» бағдарламасына 20 000-нан астам адам қатысуда. Оның 83%-ы – мектеп оқушылары, 11%-ы – студенттер, 6%-ы –жұмыс істейтін жастар, 24%-ы – ауылдық жерлерден келген қатысушылар. 2019 жылдан бастап жалпы алғанда медальдарды 6 186 қазақстандық алды, Мемлекеттік білім беру гранттары «Елбасы медалінің» 605 иегеріне берілді, олардың 30%-дан астамы – ауыл мектептерінің түлектері.