Биыл 11 айдың қорытындысында құрылыс жұмыстарының көлемі 4,6 трлн теңге болды. Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов мәлім етті, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Құрылыс саласы - экономиканың белсенді дамып келе жатқан салаларының бірі. Ол экономиканың аралас секторларын біріктіреді, әлеуметтік маңызы зор және экономикалық өсімнің локомотиві. 2020 жылдың қорытындысында елдің жалпы ішкі өніміндегі құрылыс саласының үлесі 6,1 пайызды құрады. Болжамды деректер бойынша 2021 жылдың қорытындысы бойынша 6,25 пайыз болады күтілуде. Биыл 11 айдағы құрылыс жұмыстарының көлемі 4,6 трлн теңге болды. Бұл - өткен жылғыдан 6,2 пайызға жоғары», деді Б.Атамқұлов Үкімет отырысында.
Оның айтуынша, бүгінгі таңда құрылыс саласында 46 476 кәсіпорын жұмыс істейді. Оның ішінде құрылыс материалдары өндірісінде – 2 420 кәсіпорын. 641 мың қызметкер мен маман жұмыспен қамтылған.