• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Бокс 28 Желтоқсан, 2021

Құрамаға мықтылар ғана қабылданады

197 рет
көрсетілді

Өткен аптада Орал қаласында бокстан Қазақстан чемпионаты өз мәресіне жеткен-ді. 200-ден астам боксшы 13 салмақ бойынша өзара жеңімпазды анықтады. Ішкі чемпионаттан кейін бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Қайрат СӘТЖАНОВ финалдық жекпе-жек жайында пікірін білдіріп, кімдердің құрамаға шақырылатыны туралы ойын ортаға салды.

 

Жастардың

қарқыны жақсы

Сербияда өткен әлем чемпио­натының жеңімпаздары Теміртас Жүсіпов (48 кг) пен Сәкен Бибо­сынов (51 кг), күміс жүлдегер Са­бырхан Махмұд (54 кг) пен Се­рік Теміржанов (57), үздік үш­тіктен көрінген Абылайхан Жү­сіпов (67) және жаһан жары­сында маңызды кездесулер өткізген Ас­ланбек Шым­бергенов (71 кг) ұлттық құра­маның көш­бас­­шы­лары екендігі сөзсіз. Сон­дықтан аталған бокс­шыларды әлем­дік додадан кейін Қазақстан бі­рін­шілігіне қатысудан босатқан едік. Соған қарамастан, алғашқы күндерден бастап чем­пио­наттағы жекпе-жек­тер өте тар­тысты өтті. Біріншілікке тәжі­рибелі боксшылармен қатар жастар арасында үздік нәтижеге қол жеткізгендер де қатысты. Осы сәтті пайдаланып, турнирді жоғары деңгейде өткізген Қазақстан бокс фе­дера­циясы басшылығына, жарысты ұйымдастыруға қатысқан әр­бір азаматқа алғыс айтқым ке­леді.

Финалдық айқастарға келсек, 48 кило салмақта жастар ара­сында Азия және әлем чемпио­ны Санжар Ташкенбай мен ересектер арасында 2020 жылғы Қазақ­стан чемпионы, Азия чемпио­натының финалисі Даниал Сәбит арасындағы кездесу өте тартысты өтті. Екеуі де жеңіске лайық бокс­шылар. Әйтсе де жекпе-жекте Санжар Ташкенбай 4:1 есебімен жеңіске жетті. Жарыстың «Үздік бокс­шысы» атағына да Санжар Ташкенбай ие болды.

51 кило салмақ дәрежесіндегі Нұр­сұлтан Нуриддинов пен Дамир Әбдіқадыр арасындағы финалдық айқаста бәсеке күшті екенін көрсетті. Нәтижесінде, әскерилер арасында Ресейде өткен әлем чемпио­натының финалисі Дамир Әб­діқадыр қарсыласын 5:0 есе­бімен жеңіп, тұңғыш рет Қа­зақстан чемпионы атанды.

54 кило салмақтағы Олжас Бай­ниязов пен Талғат Сырымбетов ара­сындағы айқас бірінші секундтан бастап тең дәрежеде өтті. Олжас та әскерилер арасында әлем чемпионы атанған боксшы. Төрешілер екі раундта жеңісті Талғат Сырым­бетовке берсе, бір раунд­та же­ңісті Ол­жас Байниязовқа берді. Қо­ры­тындысында Талғат қар­сыла­сынан 3:2 есебімен басым түсті.

 Орта салмақта бәсеке өте жоғары

57 кило салмақтағы Оразбек Асылқұлов пен Айдос Арапов арасындағы кездесу де өте тар­тыс­ты өтті. Жеңіске екі бокс­шы да лайық еді. Төрешілер екі раунд­та Асылқұловты жеңіске жет­ті десе, бір раундта Араповтың басымдылығын жоғары бағалады. Қорытындысында 3:2 есебімен Асылқұлов Қазақстан чемпио­ны атанды. 60 кило салмақта да тәжірибелі боксшылардың қатары көп болды. Финалдық айқаста Әділет Құрметов бірінші раундта жеңіске жетті. Ал екінші-үшінші раундта оның қарсыласы Василий Самчук белсенділік танытты. Үш раундтың қоры­тындысы бойынша барлық тө­реші Самчукті жеңіске лайық деп таныды.

63,5 кило салмақта Ділмұрат Мижитов үздік атанды. Финалда ол Абзал Серіктен 1-2 раундтарда 2:3 есебімен жеңіліп тұрған. Алайда жеңіліп жатқанын білген Мижитов үшінші раундта барын салып, 5:0 есебін тіркеді. Нәтижесінде, 3:2 есебімен Ми­жи­тов жеңіске жетті. 67 кило салмақта Дулат Бекбауов Дархан Дүйсебайды 5:0 есебімен таза жеңіп, өзінің мықты екенін дә­лелдеді.

Кішігірім сенсация тіркелді

71 килода финалға жеткен Ермахан Жақпеков пен Қуан Қуатов екеуі де тәжірибелі бокс­шылар. Тартысты өткен кездесуде төрешілер жеңісті бірінші раундта – Жақпековке, екінші раундта – Қуатовқа, ал үшінші раундта қайтадан Жақпековке берді. Ал 75 кило салмақта рингке шыққан Нұрқанат Райыс пен Аятулла Та­ки­жанов арасындағы жекпе-жек жоғары бағалауға лайық. Бұл сында сәл ғана басым­дықпен (3:2) Нұрқанат Райыс алда болды.

80 кило салмақта финалға дейін жеткен Жәнібек Қартбаев чем­пионатта кішігірім сенсация жасады. Ол турнир барысында құраманың үздік деген екі боксшысын жарыс жолынан шығарды. Алайда финалда Нұрбек Оралбайдан 0:5 есе­бімен жеңіліс тапты. Алдағы уа­қытта Жәнібекті халықаралық жарыстарға қосуға әбден болады. 86 кило салмақта Сағындық Тоғамбайға тең келер ешкім бол­ған жоқ. Онымен финалда жолы түйіскен жас боксшы Мәди Әмі­ров тәжірибелі қарсыласпен жұдырықтасуға әлі дайын емес екенін байқатты.

 Рингке шықпай-ақ қола жүлдегер атанды

92 кило салмақта халық­аралық дәрежедегі спорт шебер­лері Айбек Оралбай мен Абзал Құттыбеков арасындағы жекпе-жек өте тартысты өтті. Айбек былтырғы Қазақ­стан чемпионатында жеңімпаз атан­са, Абзал қола жүлдегер иесі. Бұл жекпе-жекте жанкүйерлердің көңілінен шығатын соққылар өте көп болды. Бірінші раундта Ай­бек басымдық танытты. Екін­ші раундта Абзал таразы басын теңестірді. Шешуді ке­зеңде сәл ғана басымдықпен Ай­­бек жеңіске жетті. 92 килодан жоғары салмақта финалға шық­қан Нұрлан Сапарбай мен Аманат Сабырғалидың бокс мәнеріне көңіліміз толғанымен, алдағы уақытта олардың шебер­лігін шыңдау барысында көбірек жұмыс істеуге тура келеді. Екі бокс­шы да жоғары деңгейде өнер көр­сеткенімен, жетілдіретін тұс­тары бар. Бұл сында Нұрлан Сапар­бай басым түсті.

Барлығын қосқанда алдағы уақытта ұлттық құрама сапына 52 боксшы шақырылады. Кейбір салмақтардан құрамаға 2-3 бокс­шы ғана алынады. Мысалы, 92 килода бес-ақ боксшы өнер көр­сетті. Арасында Бексұлтан Орынбай рингке шықпай-ақ қола жүлдегер атанды. Олардың арасынан қалай біз төрт боксшыны құрама сапына қосамыз?! Сол себепті бапкерлер алқасы ақылдаса келіп, әрбір салмақта мықты деген боксшыларды құ­рамаға шақыратын болады.