Парламент Мәжілісінің бүгінгі жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бәсекелестікті дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына Сенат енгізген өзгерістерді қабылдады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Заң жобасы мемлекеттің кәсіпкерлікке қатысуын қысқартуға, кәсіпкерлік субъектілерінің мемлекеттік қолдау шараларына тең қол жеткізуін қамтамасыз етуге, шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға, сондай-ақ тауар нарықтарына кіру үшін әкімшілік және экономикалық кедергілерді барынша қысқартуға бағытталған.
«Аталған заң жобасы 8 желтоқсанда мақұлданды және ол Сенатқа қабылданған 152 позициямен жіберілді. Сенат енгізген түзету нақтылау сипатына ие, Мәжіліс мақұлдаған заң жобасының тұжырымдамасы мен мазмұнын өзгертпейді. Комитет (Мәжілістің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитеті) «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бәсекелестікті дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына Сенат енгізген өзгерістермен келісуді ұсынады», деді Мәжіліс депутаты Самат Ақышев.
Құжатты қарау кезінде депутаттар бұл ұсынысты бірауыздан қолдады.