Польша астанасы – Варшавада жылдам шахматтан әйелдер арасындағы әлем чемпионаты өз мәресіне жетті. Бұл жарыста Қазақстанның бірнеше ойыншысы бақ сынады.
Отандастарымыздың арасынан ең үздік нәтижеге Бибісара Асаубаева қол жеткізді. 17 жастағы аса дарынды қызымыз небір мықты ойыншыларды жолынан ығыстырып, 8,5 ұпайды қоржынға салды. Нәтижесінде, оған күміс медаль бұйырды. Бибісарадан бар-жоғы жарты ұпай ғана көп жиған 37 жастағы ресейлік Александра Костенюк әлем чемпионы атағына қол жеткізді. Жарыстың соңғы күні есімдері жоғарыда аталған қос шахматшы да қарсыластарымен тең ойнады. Атап айтсақ, Асаубаева өзінің командалық әріптесі Екатерина Лагномен, ал Костенюк үндістандық Хампи Конерумен ұпай бөлісті. Ресейдің тағы бір ойыншысы Валентина Гунина (8 ұпай) қола медальды мойнына ілді.
Варшавадағы додада өнер көрсеткен өзге қыздарымыздың нәтижелері мынадай: Әсел Серікбай (7,5 ұпай) – 5-орын, Жансая Әбдімәлік (7,5 ұпай) – 11-орын, Меруерт Камалидинова (6 ұпай) – 33-орын, Назерке Нұрғали (6 ұпай) – 40-орын және Лия Құрманғалиева (5 ұпай) – 62-орын.