• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Кәсіпқой бокс 30 Желтоқсан, 2021

Қанат Ислам «қатардағы қапшықпен» жұдырықтасады

401 рет
көрсетілді

Орта салмақ дәрежесінде бақ сынап жүрген қазақстандық кәсіпқой боксшы Қанат Ислам кезекті жекпе-жегін 21 қаңтар күні өткізетін болды, деп хабарлайды Egemen.kz.

АҚШ-тың Флорида штатының Плант-Сити қаласында ұйымдастырылатын бокс кешінде қазақстандық былғары қолғап шебері Қанат Ислам ұлыбританиялық Джимми Келлиге қарсы шаршы алаңға көтерілетін болды. Келли шаршы алаңға 27 мәрте шығып, 25 кездесуде қарсыластарынан айласын асырса, екі кездесуде есе жіберген.

Жалпы Джимми Келлиді боксшылардың тілімен айтқанда «қатардағы қапшық» деуге әбден болады. Рас, рекорды бір қарағанда жаман емес. Алайда ол 27 кездесуінің үшеуінде екі жұлдызды боксшымен қолғап түйістірсе, бір мәрте үш жұлдызды боксшыға қарсы шаршы алаңға көтерілген.

Кәсіпқой бокста ең мықты қарсыласты boxrec.com сайты бес жұлдызбен бағалайды. Сонымен Қанат Исламның болашақ қарсыласы отраңқол боксшылардан кімдермен кездесті? Иә, оның кәсіби мансабындағы ең мықты қарсыласы – ұлыбританиялық Лиам Смит. Алайда Джимми аты аталған боксшыдан техникалық нокаутпен ұтылған. Одан бөлек Джимми екі жұлдызды үш боксшымен қолғап түйістіргенін айттық қой. Оларға қарсы статистикасы қандай?

Джимми Денис Хоганға қарсы жекпе-жекте де түк мандытқан жоқ. Қарсыласына төрешілердің біржақты шешімімен есе жіберді. Өзімізді қинап отырып Джиммдің төрт «мықты қарсыласпен» шыққанын зерделедік. Олардың өзі қатардағы боксшылар. Статистика 2:2. Яғни, екі жеңіс және екі жеңіліс. Ал Джиммидің өзіне танымал сайт тарапынан берілген баға – бір жарым жұлдыз.

Кәсіпқой боксшы ретінде кәсіби мансабын аяқтайтын жасқа жақындап қалған отандасымызға мұндай қарсыласпен жұдырықтасу не үшін керек? Біз түсінбедік. Бірақ «қапшық қарсыластарды» бірінен соң бірін жеңіп рекордты жақсарту абырой әпермейтінін Қанаттың өзі әйтеуір бір түсінетін шығар...