• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
13 Наурыз, 2014

Ашықтық заңсыз әрекеттердің алдын алады

280 рет
көрсетілді

Кеше палата Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен жалпы отырыста Мәжіліс бірінші оқылымда меншік құқығын қорғауды күшейту, шарттық міндеттемелерді қорғауды кепілдендіру және оларды бұзғаны үшін жауапкершілікті қатаңдату мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы заң жобасын мақұлдады. Жаңалықтар Азаматтық ко­дексінің тиісті актіні шығарған мемлекеттік органның немесе лауазымды адамның кінәсіне қарамастан, заңсыз актілерді шығару салдарынан меншік иесіне келтірілген шығындарды өтеу туралы 267-бабының редак­циясын нақтылауды ұсынып отыр. Бұған қоса, заң жобасында нақты жылжымайтын мүлік объектісі бойынша ақпарат құқық иеленушінің келісімімен өзге де тұлғалардың сұрау салулары бой­ынша берілетін және құқық иеле­нушінің келісімінсіз осындай ақпаратқа қолжетімділік алу­ға құқығы бар тұлғалардың түбе­гейлі тобы айқындалатын нор­малар көзделіп отыр. Соны­мен қатар, заң жобасымен нота­риал­дық куәландырылған мәміле жасасқан жағдайда жылжымайтын мүлікке құқықты міндетті түр­де электрондық тәртіппен мем­­лекеттік тіркеу белгіленеді. Осындай және де басқа жаңа­­шы­л­дықтарды Заңнама және сот-құқықтық реформа комите­тінің мүшесі Мұхтар Тіні­кеев қосымша баяндамасында түсіндіріп өтті. Отырыста Мәжіліс 1994 жылғы 28 наурыздағы Қазақстан Рес­публикасының Үкiметi мен Ре­сей Федерациясының Үкiметi арасындағы өнеркәсіптік ава­риялардың, апаттардың, дүлей зіл­залалардың алдын алу және олардың зардаптарын жою сала­сындағы ынтымақтастық туралы келісімге авариялық-құтқару қызметтері мен құрылымдарының мемлекеттік шекараны кесіп өтуі­нің оңайлатылған тәртібі туралы Хаттаманы ратификациялау туралы заң жобасын мақұлдады. Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі, депутат Еркін Шпановтың мәлімдеуінше, көмек сұраушы Тараптардың авариялық-құтқару қызметтері мен құралымдарының мүшелері өткізу пункттері мен жұмыс жасап тұрған пункттерінен бірінші кезекте мемлекеттік шекараны кесіп өтеді. Талқылаудан соң Мәжіліс Тө­тенше жағдайлар және дүлей зіл­залалардың қауіп-қатерін азайту жөніндегі орталықты құру туралы Қазақстан-Қырғызстан келісімін ратификациялау туралы заң жобасын мақұлдады. Тараптар Алматы қаласында тұрақты жұмыс істейтін мемлекетаралық орган болып табылатын Орталық құратынын Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Тұрарбек Асанов қосымша баян­дамасында атап өтті. Орталық заңды тұлға мәртебесіне ие және осы келісімге, Орталық туралы ережеге және болу мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес Орталықтың артықшылықтар мен иммунитеттеріне залал келтірмей өз функцияларын орындайды. Мәжіліс, сондай-ақ, 1928 жылғы 22 қарашадағы Халықаралық көрмелер туралы конвенцияны, оған 1948 жылғы 10 мамырдағы, 1966 жылғы 16 қарашадағы, 1972 жылғы 30 қарашадағы хаттамаларды және оған 1982 жылғы 24 маусымдағы және 1988 жылғы 31 мамырдағы түзетулерді рати­фи­кациялау туралы заң жобасын жұмысқа алды. Заң жобасын қабылдаудың өзектілігі Қа­зақ­стан Республикасының аума­ғын­да ЭКСПО-2017 халық­ара­лық мамандандырылған көрме­сін өткізуге байланыс­ты мәселе­лерді заң жүзінде бекі­ту қажет­тілігіне байланысты екендігін Ха­лықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік ко­митетінің төра­ғасы Мәулен Әшім­баев жалпы отырыста атап өтті. Заң жоба­сын қабылдаудың мақсаты Тех­ни­калық өтінім дерекнамасында, Халықаралық көрмелер туралы ережелерінде (Париж қ. 1928 жылғы 22 қараша) және (Ыстамбұл қ. 1990 жылғы 26 мау­сым) көрсетілген Қазақстан Рес­публикасының өзіне жүктеген міндеттемелерді орындауы болып табылады. Мәжіліс Еуразиялық эко­но­микалық қоғамдастыққа мүше мемлекеттердің экспорттық бақы­лауының бірыңғай тәртібі туралы келісімінің күшін жою туралы заң жобасын жұмысқа алды. Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мәулен Әшімбаев заң жобасын әзірлеу қажеттігі бүгінгі күнде қосарланған мақсаттағы тауарлардың жаппай қырып-жою қаруларын, жай қару-жарақ жасау, сонымен қатар, тікелей тер­рористік қызмет үшін пайдалану мүмкіндігі тұрғысынан қауіп төндіруіне байланысты туын­дады. ЕурАзЭҚ кеңістігінде бақы­ланатын тауарлардың еркін қозғалуы Қазақстан Респуб­ли­касының халықаралық мін­дет­терін, оның ішінде жаппай қырып жоятын қаруды таратпау саласында халықаралық конвенциялар ережелерін, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі санкцияларын және халық­аралық экспорттық бақылау режімі талаптарын іске асыру бөлігінде бұзуға әкеліп соғатыны жайында түсініктеме берді. Мәжіліс, сонымен қатар, жал­пы отырысында әлеуметтік қам­сыз­дандыру мәселелеріне енгізі­летін заңнамалық түзе­ту­лерді жұмысқа алды. Жаңадан енгізі­летін түзетулерге палатаның Әлеуметтік-мәдени даму коми­тетінің төрайымы Дариға Назар­баева түсініктеме берді. Бұл жа­ңалықтар Мемлекет басшысының осы жылдың 14 ақпанындағы Үкіметтің кеңейтілген отыры­сында жәрдемақылардың көле­мін ұлғайту туралы және ел Пре­зидентінің Жолдауын орындау туралы тапсырмалары шеңберінде әзірленді. Сонымен бірге, палата «2014-2016 жылдарға ар­налған республикалық бюджет туралы» және «Қазақстан Республикасы Ұлттық қорынан 2014-2016 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» заңдарға түзетулерді жұмысқа алды. Енгізілетін жаңалықтарға орай Мәжілістің Қаржы және бюджет комитетінің төрайымы Гүлжан Қарақұсова түсініктеме берді. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан».