• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Аймақтар 11 Қаңтар, 2022

Жас жауынгерді ақтық сапарға шығарып салды

263 рет
көрсетілді

Алматы қаласындағы террористік шабуылға тойтарыс кезінде Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметі академиясының 2-курс курсанты Дәулет Жұпарбеков ерлікпен қаза тапты. Отан алдындағы борышына адал болып, ел тұтастығын сақтау жолында ерлікпен қаза тапқан жас ұланның денесі өзінің туған жері – Түркістан облысы, Сарыағаш ауданына жеткізіліп, Түркістан жұртшылығы оны ақтық сапарға шығарып салды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Дәулет Бауыржанұлына ІІІ дәрежелі «Айбын» ордені берілген болатын. Қаралы жиында Халық қаһарманы Бақытжан Ертаев бұл қайғы бір ғана отбасы емес, халықтың қайғысы екенін жеткізді. Ал Сарыағаш ауда­ны­ның әкімі Мұхит Отаршиев пен ел ағалары, әскери сала басшылары мен өкілдері, жергілікті тұрғындар марқұмның отбасына көңіл айтты.

«Дәулет – өз елінің нағыз пат­риоты, антына адал, жолдас­тары арасында сыйлы, еліне әлі берері көп, болашағынан үлкен үміт күттіретін азамат еді. Орны толмас ауыр қайғыларыңызға ортақтасып, шын жүректен көңіл айтамын. Батыр ұлдың жарқын бейнесі аудан халқының, ағайын-туыс, дос-жаран, әріптестерінің жүрегінде мәңгі сақталары сөз­сіз», деді аудан әкімі.

Дәулет Жұпарбеков 2002 жылы 1 желтоқсанда Сарыағаш қала­сында дүниеге келген. Толы­бай батыр атындағы жалпы орта мектебін бітіріп, Алматы қа­ла­сындағы Ұлттық қауіпсіздік ко­митеті Шекара қызметі академия­сы­на оқуға түскен болатын. От­басындағы екінші перзент. Мар­құмның соңында арда азамат­тан қапияда көз жазып қалған ата-анасы, әпкесі және екі інісі қалды.

 

Түркістан облысы