Алматы облысында аласапыран күндердің жаңғырығы алыстап, ел көңілі орнына түсе бастағандай. Облыс орталығы мен жекелеген елді мекендерде әскерилер әлі де арнайы операция жүргізіп жатқанына қарамастан, өңірдегі тіршілік бейбіт қалыпқа оралды.
Соның бір белгісін Талдықорған қаласы бойынша қоғамдық көліктің қатынай бастағанынан көруге болады. Алматы облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы хабарлағандай, облыс орталығындағы бағыттар бойынша 7 тасымалдаушы мекеменің 82 автобусы жұмысқа шыққан. Қоғамдық көлік таңертеңгі сағат 8.00-мен кешкі 18.00 аралығында жүреді.
Сондай-ақ облыс әкімдігінде өңірдегі қалыпты өмір сүру жағдайына кезең-кезеңімен көшу мәселесі пысықталды. Облыс әкімі Қанат Бозымбаев жиын өткізіп, онда Президент жариялаған Жалпыұлттық аза тұту күніне орай қаза болғандарды бір минут үнсіздікпен еске алды. Жиында облыс аумағында штаттық режімдегі жұмысқа көшу туралы тапсырмалар берілді.
– Облыста келтірілген шығындарды есептеу комиссиясы жұмысын бастады. Коммуналдық жүйелердің үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуді жалғастырамыз. Сол сияқты сауда нысандары, ірі базарлар, жанар-жағармай бекеттері толықтай іске қосылуы тиіс. Бұл ретте осы нысандардың бағаны өсірмеуі қатаң бақыланады. Қазір қалада интернет желісі іске қосылды. Енді коммуналдық төлемдерді қабылдау, зейнетақы, жәрдемақы төлемдері де кедергісіз жүргізілуі керек, – деді өз сөзінде Қ.Бозымбаев.
Қазір аймақтағы ауруханалар мен дәріханалардың жұмысы жанданған. Онда дәрі-дәрмек қоры жеткілікті, қалыпты режімде жұмыс істеп тұр. Сол сияқты Талдықорған қаласында қоғамдық көлік толық жұмысқа кірісті. Облыстың түкпір-түкпіріне Алматы қаласынан жүйелі түрде азық-түлік жеткізу үрдісі үзілген жоқ. Сонымен бірге жиында полиция және арнайы органдар қызметкерлеріне жағдай жасау, оларды материалдық тұрғыда қолдау, тұрғын үймен қамту, штат санын ұлғайту сияқты бірқатар кешенді шаралар жобасын ұсыну жайы айтылды.
– Жалпы, облыстағы ахуал тұрақты. Талдықорған қаласы толық бақылауда. Сондықтан қалыпты өмірге бірте-бірте көшуіміз керек. Жұдырықтай жұмылып, бірге жұмыс істесек, жуық арада облыстағы шаруашылық жұмыстарын, жетісулықтардың өмір сүру салтын бұрынғы қалпына келтіре аламыз деп ойлаймын, – деді аймақ басшысы Қ.Бозымбаев.
Алматы облысы