Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылды «Балалар жылы» деп жариялаған болатын. Осыған орай Мәдениет және спорт министрлігінің былтырғы бастамасы – «Балалар әдебиеті жылы» биыл да жалғасын тауып отыр.
Балалар жылына орай Ұлттық академиялық кітапханада «Мәңгілік ел құндылықтары. Ардақ тұтар алыптары», «Менің сүйікті кітаптарым» атты кітап көрмелері ашылды.
Іс-шара ұлттық құндылықтарды жаңғырту, дәріптеу, ел руханиятын көтерген тұлғалардың тағылымды шығармашылығымен таныстыру және «2022 – Балалар жылына» орай балаларға арналған әдебиеттерді насихаттау мақсатында ұйымдастырылып отыр.
Көрмеде ЮНЕСКО-ның мерейтойлар тізіміне енген Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл, Роза Бағланованың туғанына 100 жыл, Мұхтар Әуезовтің туғанына 125 жыл, Ғабит Мүсірепов пен Ғабиден Мұстафиннің туғанына 120 жыл, Күләш Байсейітованың туғанына 110 жыл, сонымен қатар Нұр-Сұлтан қаласының құрылғанына 25 жыл мен көптеген зиялы қауым өкілдері мен қоғам қайраткерлерінің қазақ әдебиеті тарихына қосқан еңбектері насихатталды.
Мәселен, «Мәңгілік ел құндылықтары. Ардақ тұтар алыптары» атты кітап көрмесі бірнеше бөлімнен құралған. «Рәміздер – елдігіміздің еңсесі, теңдігіміздің тірегі» атты бөлімде Мемлекеттік рәміздер – Елтаңба, Ту мен Гимннің қабылданғанына 30 жыл және «Ел жүрегі – елорда» атты бөлімде елорда Нұр-Сұлтан қаласына 25 жыл толу мерейтойларына орай мемлекеттік нышандар мен елорда тарихы туралы әдебиеттер мен еңбектер қойылды.
Ал «Ұлттың ұлы ұстазы» атты бөлімде әдебиет зерттеуші ғалым Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына орай ел үшін аянбай атқарған қызметтері мен еңбектері жайында деректер беріледі. Сондай-ақ «Қазақ әдебиетінің алыптары» атты бөлімде кеңестік дәуірде қазақ әдебиетінің алтын ғасырын қалыптастыруда ауқымды проза жанрын дамытқан әдебиет алыптары Мұхтар Әуезовтің 125, Ғабит Мүсірепов пен Ғабиден Мұстафиннің 120 жылдық мерейтойларына орай тың деректер мен шығармалары жайында ақпараттар құрайды. Бұдан бөлек тағы бірнеше бөлім бар.
Кітап көрмесі барысында 2022 – ТМД халық шығармашылығы және мәдени мұра жылы деп жариялануына орай он бір мемлекеттің мәдениетін, тарихын, дәстүрін дәріптейтін әдебиеттер ұсынылды.
Іс-шараға зиялы қауым өкілдері мен журналистер қатысты.