• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Аймақтар 14 Қаңтар, 2022

Бағаны тұрақтандыруға диқандар да мүдделі

255 рет
көрсетілді

Түркістандық диқан­дар­дың өз есебі бар. Яғ­ни жылдың әр күнін тұрмысын жақсарта түсу мақсатында тиімді пайдалануды мақсат тұтады. Мысалы, Жетісай ауданына қарасты Атамекен, Ералиев ауылдық округ­терінің диқандары жылы ауа райын сәтті пайдаланып, 5 гектар жерге қырыққабат көшеттерін отырғызып үлгерген.

Биыл Жетісай ауданы бо­йынша 78 500 гектар аумаққа егіс егу жоспарланып отыр. Соның ішінде мың гектарға ерте пісетін қырыққабат егілмек. Жерді жалға алып отырған шаруаның бірі Сапар Үсенов: «Күн-түн демей қараша айынан бастап жылыжайға ерте пісетін «Пандион» және «За­рисма» көшеттерін өндіруді бастағанбыз. Дайын болған көшеттерді 5 гектар аумаққа отырғыздық. Былтыр осы жерден 300 тонна өнім алдық. Ол өнімді көршілес елдерге жібереміз. Былтыр өнім өзін өзі ақтады», дейді.

Өткен жылы Жетісай ауда­нында 1 097 гектарға қы­рық­қабат егіліп, 38 мың тонна өнім жиналған. Ерте пісетін өнімдер өңірде азық-түлік бағасын тұрақтандыруға да септігін тигізуде. Бұл орайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен облыста әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасы тұрақты бақылауда екенін айта кетелік. Түркістан қаласында 11 қаңтардағы жағдай бойын­ша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының баға индексі 0,4%-ға төмендеді. Облыс әкімдігінің мәліметінше, жұмыртқа мен сәбіз бағасы арзандаған. Қалған 15 тауар (нан, қартоп, күріш, күнбағыс майы, қарақұмық, айран, сүзбе, қырыққабат, сиыр еті, тауық еті, құмшекер, тұз, сары май, пияз, макарон) бойынша жағдай тұрақты. Облыстың аудан, қала әкімдіктерінің қолдауымен мерекелік және демалыс күндері көшпелі сау­да жүргізіліп, халыққа 26,5 млн теңгеге 57 тонна тауар сатылған. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын реттеу тапсырмасына сәйкес «Айналым схемасы» шеңберінде тауар өндірушілерге жалпы 640 млн теңге берілді. Сонымен қоса тұрақтандыру қоры есебінде 255,7 млн теңге орналастырылған. Нәтижесінде, Magnum Cash&Carry, «Али Сауда», «Ғажайып-П», «Сайрам сүт» ЖШС мен сауда орындары тауарларды нарықтағы бағадан 10-15%-ға төмен ба­ғамен сатуда. Бұдан басқа Түркістан қаласында филиалы бар Magnum cash&Carry сауда желісімен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына сауда үстемесін 15%-дан 10%-ға дейін төмендету туралы монополияға қарсы комплаенс актісі қабылданды.

Сондай-ақ әлеуметтік маңы­зы бар азық-түлік тауарлары бағасының негізсіз өсуінің алдын алу мақсатында ірі сауда орындары мен дүкендер және әмбебап базарлармен биылғы 9 қаңтардағы жағдай бойынша облыс көлемінде 1 098 меморандум түзілген. Аудан, қалалардағы мобильдік топтар әлеуметтік маңызды тауарлар бойынша нақты жұмыстар жүргізуде. Түркістан қаласы бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының 19 түрінен кемінде 1-1,5 айға жететін қор жасақталған. Басқа қала, аудандарда да осы көлемде қор бар.

 

Түркістан облысы