Қыс айларында, әдетте, малдың сүті азаяды. Дүкендерде сүт өнімдерінің бағасы өсіп, оның үстіне тапшылығы білініп қалатын. Қазір облыста ол күндердің сипаты ұмытылған. Қай дүкенге барсаңыз да Қостанай, Рудный қалаларындағы сүт зауыттары өндірген сүт, айран, ірімшік, сүзбе, қатық, қойытылған сүт секілді түрлі аталымдағы өнімдер толып тұрады, бағасы да өзгермейді. Молшылық. Оның барлығы да сүт бұлағын селдетіп отырған шаруашылықтардың арқасы. Зауыттар қанша озық технология пайдаланғанмен сүт мол болмаса не істер еді? Облыста сүт молшылығын жасайтын инновациялық жобалардың жүзеге аса бастағанына 6 жыл болды. Федоров, Денисов, Қостанай аудандарындағы «Тұрар», «Сарыағаш», «Садчиков» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері жыл сайын өнімді арттырып келеді. Мысалы, өткен жылы «Тұрар» тауарлы сүт фермасы 4000 тонна сүт тапсырған. Әр сиырдан жылына орташа 6 мың литр сүт сауады.
Облыста инновациялық тауарлы сүт фермаларының қатары артып келеді. Мысалы, жақында Федоров ауданында «Бек+» атты тағы бір сүт фермасы жұмысын бастады. Қазір бұл шаруашылықта мың қаралы сиыр ұсталады. Мұхит асып келген сиырдың қашарлары Тоғызақ жерінде төлдеп жатыр.
– Біз Америкадан алып келген ірі қараның голштин-фриз тұқымы күй талғамайды. Өзге құрлықтан әкелінгенімен тез арада жерсінді, оның бағымында да, саууында да соншалықты өзгешелік жоқ. Қорегі қандай болса да, сүтінің құнарын жоғалтпайды. Майлылығы да, ақуызы мен тығыздығы да қашанда бірқалыпты. Сүтінің молдығымен қатар сапасы да қуантады, – дейді «Бек+» шаруашылығының зоотехнигі Евгений Павлов.
Сиыр тұратын, сауылатын қоралардың барлығы түгел неміс жабдығымен жабдықталған. Мал қора демесең, тазалығы мен жылылығында мін жоқ. Қыстағы қақаған аязда малға қажетті температура ұсталады. Сиырлардың тезегіне дейін тоқтың күшімен тазартылады. Яғни, мал қорадағы жұмыс қол күшін аса қажет ете бермейді. Мал шаруашылығының дамуына айрықша ден қою үшін міне, осындай заманауи қондырғылар қажет. Сиырлар компьютерленген құрылғымен сауылады. Техника тілін меңгерген мамандар сүт сауу жұмысын компьютер арқылы бақылап тұрады.
– Бұрын бәрін қолмен атқарушы едік. Енді міне, жаңа технологияға иек артамыз. «Карусельдің» бір айналымына бір мезгілде 36 бас сиыр жіберіледі. Небәрі 4 сауыншы бір сағатта 280 бас сиырды сауып үлгіреді. Бұрын мұндайды ойладық па? – дейді бізбен әңгімелескен ферманың сауын операторы Ирина Рупп таңданысын жасыра алмай.
Қазір мұнда күніне 6 тонна сүт өндіріледі. Жоба толық қуатына енгенде тәулігіне 8 тонна сүт өңдеу цехына жол тартатын болады. Әрбір инновациялық-инвестициялық жоба сол елді мекен үшін жаңаша серпін әкелетіні анық. Федоров ауданындағы Қоржынкөл ауылында да бірталай жаңа үйлер бой көтерді. Ел өміріндегі мұндай елеулі өзгерісті жергілікті тұрғындар Мемлекет басшысы ұстанған саясаттың нәтижесі деп біледі.
– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Жолдауында ауыл шаруашылығын дамытуға көп көңіл бөледі. Ауылда малдың қарасы көбейсе, ол асылдандырылса, орта және шағын бизнес дамыса ауыл да көркейеді. Сондықтан, жергілікті жерлердегі ірі бизнес құрылымдары да өздері тұрып жатқан елді мекендерді көркейтуге көп көңіл бөле бастады. Соңғы жылдардың өзінде ауылдың дамуы, оның әлеуметтік тұрмысын жақсарту үшін біраз шаралар жүзеге асты. Мәселен, ауылда үлкен ферма ашылып, жүзден астам адам жұмыспен қамтылды. Мамандарға арналған тұрғын үй салынып жатыр, – дейді Қоржынкөл селолық округінің әкімі Ердан Әбдірахманов.
Елбасы биылғы Жолдауында қаражат тиімді шарттар арқылы шаруалардың қолына делдалдарсыз жету керек деп қадап айтты. Мал сапасын жақсартамын дегендерге мемлекет жәрдемін аяған емес. Өткен жылы өңірдегі тауарлы сүт фермаларының мемлекеттен алған көмегі 580,3 миллион теңгені құраса, биыл оның көлемін 644 миллион теңгеге ұлғайту көзделген. Бүгінде облыстағы ірі қара саны 400 мыңға жуықтады. Сондай-ақ, алдағы жылы ірі фермалар ғана емес, ұсақ қожалықтарға да жәрдем ұлғаймақ. Осы жылы облыста әрқайсысы 100, 200 бастан сиырлар ұстайтын 16 шаруашылық ашылатын болады.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,
«Егемен Қазақстан».
Қостанай облысы.