Павлодардағы Қазақстан электролиз зауыты 2 миллион монтаждалған анод өндірді. Анод – алюминий өндірісіндегі негізгі шикізаттың бірі. Бұл кәсіпорынның электрод өндіру цехында 14 жыл бойы тұрақты түрде монтаждалып келеді.
Кәсіпорынның хабарлауынша, анод өндірісінде заманауи технологиялар мен тиімділігі 99,8 пайызды құрайтын газтазарту жабдықтары пайдаланылады. Яғни процесс экологиялық тұрғыда барынша қауіпсіз. Электрод өндіру цехының қуаты кәсіпорынды материалдың қажетті қорымен қамдауға жеткілікті. Қазір зауыт кәсіпорынның монтаждалған анодқа деген сұранысын толық қамтамасыз етіп отыр.
Анод құюшы Қуат Медеубаевтың айтуынша, анод қажетті қалыпқа келтіріледі. Кейін тиісті стандарттарға сай болуы үшін алдымен оны сығымдап, күйдіріп, сосын барып монтаждайды. Бұл істі түрлі учаскелердің білікті мамандары өз ауысымдарында атқарады.
Екі миллионыншы анодты №54 ауысым мамандары өндіргенін айта кеткен абзал. Олег Серебренников аталған электрод өндіру цехында анод құюшы болып жұмыс істейді.
– Зауытта 2013 жылдан бері еңбек етіп келемін. Әр ауысым алдында аздап қобалжитынымыз бар. Өйткені анод сапасы түпкілікті өнімге де әсер етеді. Меніңше, бұл кәсіпте өз ісіңді шын сүйіп, жаныңды сала істесең, жұмыс жақсы жүреді. Нәтиже де көңіл толтырып, жұмыстан рахат аласың. Мен үшін осы екі миллионыншы анодтың маңызы зор. Себебі оны өз қолыммен дайындадым, – дейді О.Серебренников.
Ауысым сайын анод монтаждау учаскесінен 250 анод өтеді. Бұл – айына 12 мың 900 анод деген сөз. Қазақстан электролиз зауытында өндірілген анод отандық алюминий сапасын бақылауға мүмкіндік беріп, өнімдегі жергілікті үлесті 90 пайызға жеткізуге септеседі. 2013 жылы өз анод өндірісін іске қосқан сәттен бері кәсіпорын Қытайдан анод импорттаудан бас тартқан болатын.