• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Өнер 17 Қаңтар, 2022

Бағланова Бай-Өлкеге барғанда

8503 рет
көрсетілді

Биыл туғанына 100 жыл толып отырған КСРО халық әртісі, Халық қаһарманы, атақты әнші Роза Бағланова қазақтың атын әлемге танытқан адам. Ол соғыс жылдары майдан даласында ән салумен қатар, 1945 жылы Берлинде өткен жеңіс концертіне қатысқан тұлға. Бұл екінің біріне бұйыра бермейтін бақыт.

Роза Тәжібайқызы жайлы анық­тамалықта, әнші апамыз 1949 жылы жастардың дүниежүзілік фестивалі өткен Мажарстан астанасы Буда­пештте өнер көрсетумен қатар, Чехо­словакия, Германия, Аустрия, Польша елдерін аралап қазақ әнін әйгілеген. Одан кейін­гі жылымық жылдары АҚШ, Фран­ция, Дания, Канада, Испа­ния, Жапония, Корея, Қытай, Иран сияқты ондаған мемле­кет­тің сахналарында, әлем халық­тарының отыздан астам тілінде шырқағаны жайлы дерек бар.

Осы орайда, әнші апамыз 1963 жылдың шілде айында Моңғолия еліне, соның ішінде қазақтар шоғыр қоныстанған Бай-Өлке аймағына барып, Қоб­даның қоңыр тауларын па­на­лаған, сыртқы дүниемен аса бір қатты қарым-қатынасы жоқ бұйығы қазақтардың ортасында өнер көрсеткен екен. Оған мына қолдарыңыздағы фото дәлел. Бұл бейне әуежайда түсіріліпті. Үш әйел тұр. Ортасында Роза апамыз. Фонда АН-24 ұшағы. Яғни аймақ сахнасында өнер көрсеткен атақты апаларын бай-өлкелік сіңлілері Ұланбатырға аттандырып салып тұр. Әнші апамыздың оң қол жа­ғында тұр­­ған аймақтық музыка­лы дра­­­ма театрының бишісі Ка­ши­па Құсайынқызы болса, сол қо­­лынан ұстап тұрған адам та­лант­ты әнші әрі драма әртісі Сер­­кешхан Омарқажықызы екен.

Көнекөздердің айтуына қа­ра­ғанда, әлемнің небір атшаптырым сахналарында ән салып үйрен­ген апамыз аймақ орталығындағы 200 адамдық шағын клубты мен­сінбей, қатты қоңылтақсыған көрінеді. Оның да жөні бар. Өйткені атағы әлемге жайылған әнге еде­ні шиқылдап, есігі қиқылдап тұр­ған ауыл сахнасы қораш болмай қайтсін енді. Оның сыртында, Кеңес­тік Қазақстанның Халық әр­ті­сі деген атағы бар. Сөйтіп, бі­раз назданып алған апамыз көп ке­шікпей, Қоб­даның қо­ңыр даласын әнге бөлеген екен. Өйткені бұдан да қиын күндері, яғни 1942 жылы Солтүстік-Батыс майдан шебінде танктің үстінде тұрып ән салған адам емес пе?! Сөйтіп, Бағланова­ның Бай-Өлкеде ізі қалған. Оған жоғарыда атап өткеніміздей мы­на бір фото куә.

Апамыздың оң жағында тұр­ған Кашипа апамыз 1940 жылы туған. Ұзақ жыл аймақтық музыкалы драма театрында би­ші-солист міндетін ойдағыдай атқарып, аумақтық дәргейде депутат болумен қатар, «Еңбек даңқы» медалінің иегері атан­ғаны бар. 1993 жылы зейнетке шығып, атамекенге ат басын бұрған. Қазір Павлодар облысы, Май ауданы, Көктөбе ауылында тұрады.

Ал сол жағында тұрған Сер­кешхан Омарғажықызы 1941 жылы туған әрі өлкеге танымал драма әртісі. 15 жасынан бастап, әртүрлі сахнада өнер көрсеткен. Өлкенің өнер шежіресі Тайф Таукейұлының 2018 жылы Ұлан­батыр қаласында жарық көр­ген «Моңғолия қазақ­тарының ­театр тарландары» атты деректі еңбегінде: «Серкешхан 1956 жылы емтихан тапсырып әр­тістікке қабылданды. Ол М.Әуе­зовтің «Еңлік-Кебегінде» Ең­­лік­тің, «Қозы Көрпеш-Баян сұлу­да» Күнікейдің, Гогольдің «Реви­зорында» дуанбасының қызы Ма­рияның, Ғ.Мүсіреповтің «Ақан сері − Ақтоқтысында» Дәмелінің рөлін нақышына келтіріп сомдай алды. Өте қабі­летті адам. Жиырма шақты бет­тік мәтінді үш оқығанда жаттап алатын еді» деп жазыпты. Жарықтық апамыз 2011 жылы өмірден озып, жамбасы туған жеріне тиген екен.