Солтүстік Қазақстан облысының төтенше жағдай режімінен шығып, халықтың еркін тыныстағаны кеше ғана еді, енді індет бойынша мәртебесі «жасылдан» «сарыға» ауысып, қайтадан қадамдары тұсалып қалды.
Індетке шалдыққандардың жалпы саны 35 162 адамға жетті. Симптомы білінгендері 78 пайыз болса, қалғанының белгілері жоқ. Соның ішінде соңғы тәуліктегі ауырғандардың саны 59 адам болып отыр. Оның 31-і Петропавл қаласынан шықты. Аудандар арасында науқасы белгілі болған 9 адамы бар Қызылжар ауданы көш бастауда. Есіл, Тайынша, Шал ақын аудандарында да 4-6 адамның бойынан індет табылған.
Қазір облыста індетті анықтау бойынша төрт зертхана жұмыс істейді. Олар жаман індет басталғаннан бері 570 мыңнан артық адамды (кейбірін екі реттен) ПТР тестілеуден өткізген.
Бүгінге дейін облыс аумағында 281 067 адам вакцинаның бірінші компонентін, 258 773 адам екінші компонентін еккізді. Былтыр 8 желтоқсаннан бастап ревакциналау енгізілгені белгілі. Қазір вакцинаның толық курсын алғандардың өзі үш айдан кейін ревакциналаудан өтеді. Бүгінге дейін облыста 41 693 адам қайта вакцина алды. «Файзер» вакцинасын алғандар саны – 7 232 адам, соның ішінде 5 510 жасөспірім және 1 489 бала емізетін аналар, 233 аяғы ауыр әйелдер екпе алды.
Мониторингтік топтардың жұмысы да жалғасуда. Жаңа жылдан бері олар 105 нысанды қамтыған 26 рейд өткізді. Ashyq жобасының талаптарын орындамағандарға жалпы сомасы 7 млн теңгеден асқан 168 айыппұл салынды.
Шекарадан өткен адамдарды тестілеу барысында барлығы 316 адамның бойынан індет табылды. Оның 275-і амбулаториялық емделуге жіберіліп, 41-і инфекциялық стационарға жатқызылды. Ал 1 746 адам ПТР анықтамасы болмағандықтан шекарадан өткізілмеді.
Өңір қазір төтенше жағдайдың да «сары» деңгейінде. Бұл өңірдің қауіптен толық арылмағанын білдіреді. Әлі де лаңкестік қауіп тууы мүмкін. Сондықтан 26 қаңтарға дейін құқық қорғау органдарының жедел жұмыстары жалғастырылады. Петропавлдағы және кейбір аудан орталықтарындағы маңызды мемлекеттік және стратегиялық нысандар қатаң күзетіледі.
Солтүстік Қазақстан облысы