Елімізде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен аудандық маңызы бар қалалар мен ауылдық округ әкімдері сайлануда. Жамбыл өңірінде де Президент тапсырмасына сай әкімдер сайлауы тағы өткен болатын.
Қазіргі кезде аудандар мен ауылдарда әлі де шешімін таппаған мәселе көп. Халықты алаңдататын көгілдір отын, жол, ауызсу және өзге де мәселелер жеткілікті. Жергілікті тұрғындар да түрлі деңгейдегі әкімдер есеп берген сайын көкейкесті мәселелерді көтереді. Шыны керек, кейбір мәселелер оң шешілсе, енді кейбірі «баяғы жартас – сол жартас» күйінде қалады. Кейде әкімдердің өзі көпшілік көтерген мәселені оңынан шешіп береді. Ал кейде әкімдер мұндай жағдайларға түрлі сылтауларды айтып жатады. Президенттің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы бұқара мен биліктің арасындағы жаңа көпір, тың байланыс екені даусыз. Енді қолындағы мүмкіндікті қабілет-қарымына қарай пайдалану, білім-білігін жұмсай білу әкімдердің өздеріне жауапкершілік жүктейді.
Жуырда Жамбыл облысында 53 сайлау округінде сайлау өтіп, біраз әкімдер сайланды. Оның ішінде Қаратау, Шу сияқты аудандық маңызы бар қалалар мен ауыл, кент және ауылдық округтер де бар. Облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Серғали Айдапкеловтің айтуынша, сайлау округтеріндегі сайлаушылар тізіміне 189 525 азамат еніп, 160 695 сайлаушы дауыс берді. Сондай-ақ қала мен ауыл әкімі лауазымына 172 кандидат ұсынылып, барлық 53 округтің әкімдері сайланған. Бес азамат өзін өзі ұсыну арқылы жеңіске жеткен.
Жалпы, халықтың талап-тілегі қандай? Өздері сайлаған әкімдерге қандай жауапкершілік жүктейді? Ал әкімдер берген уәделерін орындап, қолындағы бар мүмкіндікті пайдаланып, тұрғындардың өтініш-ұсыныстарын қанағаттандыра ала ма?
Талас ауданының орталығы Қаратау қаласында 30 601 адам тұрады. Бұл орталықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайы да жаман емес. Қала тұрғыны Арыстан Байходжаев жаңа сайланған әкім қаладағы тазалық, тұрғын үй, көшелерді жөндеу мәселелерін реттесе деген тілегін жеткізді. Мәселен, жергілікті тұрғындар тарапынан Қаратаудың орталығындағы қираған үйлерді қайта қалпына келтіру немесе бұзу мәселелері жиі көтеріледі. Тоқсаныншы жылдардағы құлдырау кезінде бұл үйлер иесіз, қараусыз қалған. Осы орайда Қаратау қаласының тізгінін жаңа қолға алған Дархан Баимбетов те ел сенімін ақтау жолында жұмыс атқаратынын айтты. «Қаланың тазалығына ерекше мән берудеміз. Өткен жылы қоқыс тастайтын 16 контейнер алынса, биыл 7 контейнер алу жоспарда бар. Аялдамаларды жаңғырту, ретсіз өскен талдарды кесу, саябақтарды жөндеу, бір сөзбен айтқанда, қаланы түрлендіру мақсатында жұмыстар басталып кетті. Сонымен қатар 6 көшеге асфальт төсеу, ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу сияқты жұмыстар да жоспарда бар. Оған қажетті қаражат бөлінуде. Бұзылған үйлердің орнын тазалау да жалғасуда. Әрине, жұмыс көп. Бәрі де алдағы уақытта ретімен жүзеге асады деп ойлаймын», дейді қала әкімі.
Тоғыз жолдың торабында орналасқан Шу қаласында да шешімін күткен мәселе көп. 50 мыңнан астам халқы бар қала тұрғындары мектептердің тозғанын жиі айтады. Мәселен, қалада бүгінде 11 мектеп бар болса, оның ішінде 9 білім ошағы ескі. Тіпті Абай атындағы мектептің салынғанына 93 жыл болыпты. Ғасырға жуық тарихы бар мектеп бүгінде ескірген. Қала тұрғындары мектептердегі көптеген мәселеге көңіл бөлінсе дейді. Сол сияқты «Тоғай», «Қант зауыты» шағын аудандарында жарық мәселесі қиын. Бұл да көпшілікті алаңдатады. Қала әкімі Ержан Естияр кейінгі кезде аталған аудандарда жасөспірімдер қылмысының артып кеткенін айтты. «Қала бюджеті шағын. Ал шешімін табуы тиіс мәселе көп. Шу қаласы кезінде жасыл, көрікті шаһар болған. Енді қаланы қайта көркейту мақсатында жұмыс атқарамыз. Қаланы жасылдандыру, арық жүйелерін қалпына келтіру, көппәтерлі тұрғын үйлерге газ кіргізу сияқты жұмыстар жетерлік. Ең бастысы, ел сенімінің үдесінен шығу. Халықтың талабы да осы», дейді қала әкімі. Жергілікті халық болашақта Шу қаласындағы айтылған мәселелердің дені оң шешімін табады деген үмітте.
Өңірдегі аудандық маңызы бар қалалардың бүгінгі жайы осы. Екі қаланың да әкімі жуырда ғана сайланып, жұмысқа кіріскен. Алайда аудандардағы қордаланған мәселелер оңынан шешіле ме, жоқ па, оны да уақыт көрсетеді. Сол сияқты ауылдарда да түрлі мәселелер бар. Әкімдерге сенген халық келер күннен жақсылық күтуде. Сайланған әкімдердің ішіндегі ең жасы – 28 жастағы Сәбит Кенжеғара. Ол Т.Рысқұлов ауданы, Ақбұлақ ауылдық округіне жуырда ғана әкім болып сайланған. Аталған округтің құрамына Р.Сәбденов, Бәйтелі және Қызылшаруа елді мекендері кіреді. Мұнда да газ, су сияқты бірқатар мәселе халық назарында. Жалпы, халық бар жерде талап бар. Мәселе бар. Ал төрт жылға сайланған әкімдер сол уақыт ішінде елдің сенім үдесінен қаншалықты шыға білгенін атқарылған шаруалар көрсетеді.
Жамбыл облысы