Өнер сүйер қауым Жәмилә Тәкенді шығармашылық кеңістікте өз үні, өз бояуы бар, «дәстүрлі кескіндеме» аясында шебер жұмыс істей алатын әрі өнердің осы түріне деген адалдығы анық байқалатын концептуалды заманауи суретші деп бағалайды. Қылқалам иесінің Ә.Қастеев музейінде ашылған «Көру үшін көзімді жұмдым» деп аталған көрмесіне таңдаулы 100 туындысы қойылған.
Үлкен форматтағы кенептер сюжеттік-тақырыптық, колористік, идеялық принцип бойынша өзара тұтасады. Ұяның, қаңбақтың, даланың, ағаштың, тастың бейнелері өзіндік лейтмотивке айналған. Образ қандай болса да, Жәмиланың трактовкасында ол ерекше символикалық түсініктемеге, философиялық оқылымға ие. Домаланған селдір қаңбақтар – уақыт пен кеңістікті еңсере алатын мәңгілік саяхатшылар. Адам образына айналған тастар – өткеннің үнсіз бақылаушылары әрі болашақ туралы ойлаушылар. Ұя – қара шаңырақтың нәзік те осал бейнесі, өмірдің басталуы мен жалғасуының символы. Шетсіз-шексіз дала – ежелгі тарихтың шынайы әрі ойдан шығарылған сюжеттері ашылатын шексіз ғаламат кеңістік.
Иә, көрменің «Көру үшін көзімді жұмдым» деп аталуы тегін емес. Түрлі жағдайларға байланысты суретші шығармашылықтың өз өміріндегі баға жетпес маңыздылығын нақ пайымдаған бетбұрыс кезеңін бастан өткерді. Ол үшін өмірдің маңызды оқиғаларын, өз әсерлерін, естеліктерін, рефлексияларын пайымдау кезінде «ішкі көзқарасқа» жүгіну көркемдік өзін өзі анықтаудың маңызды факторына айналды. Десе де шығармашылықтағы 15 жылдық үзіліс оның қылқаламын одан сайын қуаттандырып, жаңа тынысын ашқандай. Бүгінгі таңда ол керемет еңбекқорлығын көрсетіп, шығармашылық әлеуетін ашуға, сөйтіп үйлесім мен жасампаздық қуанышын тауып, шарасыз тоқтап қалған кезеңнің есесін қайтаруға тырысатын секілді. Көрмеге қойылған туындылардың басым бөлігі соңғы екі жылда кенепке түскен.
– Оның картиналарында драмалық сюжеттер дейсіз бе, тіпті апокалипсистікке дейінгі көріністерге дейін пайда болады. Автордың Арал қасіретін түсіндіруі немесе құрбандыққа бара жатқан отардың алдағы қайғылы шарасыздық күйі дәл осындай трактовкаға ие. Бірқатар жұмыстар пандемияның жаңа жағдайында салынғанына байланысты ішкі алаңдаушылыққа толы. Түсі – шымыр, кейде шамадан тыс, ол өзінің танымал «авторлық» палитрасын тапқан. Жарқыраған қызыл түстің екпінді реңктері бар күрделі гамма композицияға драмалық дыбыс немесе автордың алдына қойған міндеттеріне байланысты сәндік мазмұн береді. Автордың өзі қызылды энергияны көп қажет ететін түс деп санайды. Қазіргі заманғы оқылымға ие болған көне таңбалар – жартастағы бейнелер бар коллаж элементтері мен ою-өрнек элементтері енгізілген сәндік кенептері бір төбе. Бірқатар картиналар суретшінің басты кейіпкеріне – көптеген функциясы бар әйел адамға – анасына, сүйіктісіне, жас қызға немесе өмір жолының басында тұрған кішкене қыз балаға арналған. Көбінесе нақты прототиптерге ие болған бұл бейнелер мінсіз әрі мейірбан әйелдің ұжымдық бейнесін жасауға бағытталған, – дейді көрме жетекшісі, өнертанушы Екатерина Резникова.
Жәмила Тәкен – кескіндеменің колористік мүмкіндіктерін іздеуде, шығармашылық тілдің өзгермелілігінде, қазіргі заманның өткір әлеуметтік мәселелерін көркемдік құралдармен білдіруге деген ұмтылыста көрінетін эксперименттің шебері. Замана запыранын дәл басып, бүгінгі күннің оқиғаларына бей-жай қарамауы оның қалам қуатының азаматтық үнін сездіреді.
Жәмила Тәкеннің оқиғаға толы өмірбаяны оның жеке басының сан қырын ашады. Автор өмірінің көп бөлігін оқытушылық қызметке арнады. Бүгінгі таңда ол жақында ғана халықаралық мәртебеге ие болып, қызметі соңғы уақытта айтарлықтай жандана бастаған «Таң Шолпан» әйелдер көркемдік қауымдастығының жетекшісі.
АЛМАТЫ