• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Өнер 19 Қаңтар, 2022

Бесінші элемент

397 рет
көрсетілді

Әй, әпенді Жан Пол Готье! Ол кинематография мен поп-музыка сәнгердің көңілін елітіп, қиялына қанат бітіретінін әу бастан-ақ түйсінді. Оның өзгеше ойлау өрісі, қалыпқа сыймайтын қағидасы бөлек бағыт түзді. Атақты Мадоннаның сахналық қойылымдарына конустық киімдер ойлап тауып, Альмодовар мен Гинвей фильмдеріне ерекше костюм тіккен осы еді. Оның жаңашылдығы кинематографиялық фантазияны айналып өтпеді.

 

Қазақ даласында сән өнері тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін көркейді. Оған дейін бұл салада еңбектеген сәбидей едік. Сондықтан біз бүгін Еуропаның киім үлгілерінің біріне үңілмекпіз.

Жалпы, ғылыми фантасти-калық фильмдер комикстерге негізделгенін байқау қиын емес, олар шын мәнінде технология дәуірінің ертегілері болып табылады. Тиісінше, кейіпкерлердің киімдері со­ған сай тігіледі. Бұл жерде сән компанияларының қол­таңбасы бар екені белгілі. Бала біткен батырға балайтын әлгі Супермен неге колготканың үстіне қызыл шорт киіп жүр дейсіз. Мұның бәрі рөлді айқын көрсетуге ғана емес, сол жылғы модаға айналар киім үлгілерін жарнамалауға арналған ре­жис­сердің қитұрқылығы ғана. Әрине, бұған ешкім де мән бермейді.

Осы тұста жастарға етене таныс Люк Бессонның «Бесінші элемент» (1997) кинокартинасын алып қарайықшы. Бұл фильм үшін Готье мыңға жуық түрлі-түсті костюм тігіпті. Ол, ол ма дизайнер құдды  өзінің сән көрсетілімінің сахнасында тұрған сияқты түсірілім алаңында емін-еркін жүрген. Кейіннен өздеріңізге белгілі америкалық әртіс Милла Йововичтің сәбіз түсті киімі сәнге айналып қана қойған жоқ, жеке брендке ұласты. Аталған комикстің гротеск және китч стилімен өрілгеніне қарап одан мән-мағына іздеу әбестік болар. Сол себепті комедиялық кинокартинаны коммерциялық бағытта түсірілген туынды есебінде бағалағанымыз жөн болады.

Шынында «Бесінші элементте» киімдер сценарийден немесе әртістік ойыннан кем емес маңызды рөл атқарады. Бұған раушан гүлді жағасы бар көйлек, батыл Корбан Далластың арқа жағында мо­йын сызығы бар қызғылт сары жейдесі және зұлым Зоргтың ақымақтау әрі қорқынышты шаш үлгісі дәлел. Біз мысалға алған кейіпкерлердің киім киісі 2000-ншы жылдардың басындағы Еуропадағы сән үлгілерінің көшін бастады. Қыз-келіншектерге ақ парик киген стюардессалардың көк түсті формасы қатты ұнады. Бойжеткендер қанша ашық-шашық болса да жаппай солай киіне бастады.

Ал қыршаңқы дизайнер не деді дейсіз ғой. «Бұл Air France әуе компаниясының киімінің кішкене ғана көрінісі. Олар менің идеямды жүзеге асырады деп үміттенемін» деп сөзбен шымшыды. Расымен жолаушылар сәнді киінген сылқым қыздарды көргісі келді. Әрине, бұлай істесе мемлекетке үлкен сын болар еді. Дегенмен, дизайнер өзі ойлап тапқан киімді қарапайым көйлек пен костюмнен әлдеқайда биік қойды. Әлі де сол ойда.

Фильм режиссері сол ке­зеңде көрерменге қажет түр­лі-түсті эмоциялар сыйлай ал­ды. Оның ұтқан жері де сол. Аппақ дәкеге оралған бала Милла Йововичтің кінәсіздігі мен тазалығын меңзеп, сонымен бірге қабірден шыққан мумиямен қарым-қатынасын да жеткізді. Басты кейіпкер Лила белсенді күреске кі­ріскен бойда оның киімі де өзгереді. Байқасаңыз, қысқа ақ юбка, алтын түсті леггинс, аспа және жауынгерлік етік түрінде берілген қызғылт сары резеңке киген тентек қыз көрерменге керемет көңіл күй сыйлайды.   

«Кез келген сыртқы киім адамның жан әлемінен хабар беріп тұруы тиіс. Мен киім арқылы кейіпкердің кескін-келбеті мен мінез-құлқын толық аша алдым деп ойлаймын. Сән саласында тұлғаның психологиясымен де жұмыс істеуге тура келеді. Сен дизайнер ғана емес, көріпкел де болуың қажет», дейді кинокартинадан кейін даңққа бөленген сәнқой сабаз Жан Пол Готье.

Бір қызығы, Готьенің «Бе­сінші элементтегі» эксцен­тристік тұжырымдары өз жан­­­күйерлерін тауып жатты. Мысалы, American Music Awards-2009 марапаттау рә­сімі кезінде әнші Рианна «Ли­ланың» ақ қарлы киімінің  жаңа нұсқасын сахнаға алып шы­ғудан тартынбады. Бұл сәтте дизайнер жарқын стиль алып келгеніне мәз болған қалпы үйінде кофе ішіп отырған еді.

Аталған фильмнің алмаған жүлдесі жоқ. Кілең сол дәуір­дің жарық жұлдыздары топ­тасқандықтан да болар  шығарма әлі де өз биігінен түскен емес. Жалпы бюджеті 90 миллион долларды құрады. Бұл бұрын-соңды Голливудта түсірілмеген ең жоғары қар­жыдағы фильм саналады. Сән мен киноны қатар алып шыққан режиссердің еңбегі ерен екені анық. Бірақ бұған Жан Пол Готье келісе қояр ма екен… Кім білсін?!