Биыл шығыс өңірі Наурыз мейрамын ерекше атап өтеді. Яғни ежелгі дәстүр негізінде Ұлыстың ұлы күніне арналған мерекелік іс-шаралар мемлекеттік күнтізбедегі мейрамнан жеті күн бұрын басталады. Әр күннің өз ұраны, іс-шараларды өткізуге арналған арнайы тақырыбы бар. Ұлық мереке облыста осылайша 16 наурыз күні басталып кетеді.
Алғашқы атаулы мереке өңірде «Өніс» күні болып белгіленді. Табиғат-ананың оянуын білдіретін бұл күні айы-күні жетіп босанған аналарды перзентханаға барып құттықтау, дүние есігін ашқан сәбилерге қадірлі ақсақалдардың бата беруі, облыстық әділет департаменті қызметкерлерімен бірге сәбилердің туу туралы куәліктерін табыстау және озат ауыл еңбеккерлеріне құрмет көрсету көзделіп отыр.
Екінші күн «Қамқорлық» деп аталады. Атауы айтып тұрғандай, 17 наурызда соғыс және еңбек ардагерлерін құттықтап, қарияларға құрмет көрсетілмек. Жетім балалар, қарттар үйлеріне баруды ұйымдастыру, мұқтаждарға көмек көрсету де қарастырылған.
«Тазалық» аталған үшінші күн түлеуге, түрленуге үндейтін ерекше еңбекке толы күн болмақ. Жаңаруды, тазаруды мақсат еткен 18 наурызда көшелер, мекемелер мен ұйымдардың аумақтары, аулалар күл-қоқыстан арылады.
Ал 19 наурызда «Ынтымақ» мерекесі аталып өтеді. Халықты бірлікке үндейтін бұл күні мерекелік іс-шаралар өтетін орындарда мерекенің басты нышаны – «Алтыбақан» орнатылады, негізгі мерекелік шаралар: концерттік бағдарлама, түрлі байқаулар мен басқа да өнер сайыстары этномәдени орталықтардың кеңінен қатысуымен ұйымдастырылатын болады.
«Ырыс» мейрамы аталатын бесінші мерекелік күн ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесімен, концерттік кештерімен ерекшеленеді. Бұл күні аймақтың фермерлері, диқандары өз өнімдерін базар нарқынан төмен бағаларда саудалауға мүмкіндік алады. Яғни өңір жұртшылығы үшін молшылық мерекесіне айналмақ.
Алтыншы күннің аты – «Шаттық». Мәдени-бұқаралық іс-шараларға толы болатын Ұлыстың бұл күнінде ән және би конкурстары, айтыс, шығармашыл зиялы қауым өкілдерімен кездесулер ұйымдастырылады. Кешке жастарға арналған ойын-сауық, оның ішінде «Алтыбақан», «Айқыш-ұйқыш», «Ақсерек-көксерек», «Алқақотан» сынды ұлттық ойындар өткізілмек.
Әз Наурызға арналған алты күн аяқталып, жетінші күні шығыс жұртшылығы исі түркінің, күллі қазақстандықтардың жыл айналып күткен мейрамы – Ұлыстың ұлы күнін қарсы алады. Күн мен түн теңеліп, жылқы жылы босағадан аттайтын Ұлыс күнінде көптеген мерекелік іс-шаралар өткізу жоспарланып отыр.
– Өңір басшысы Бердібек Сапарбаевтың тапсырмасы бойынша биыл шығыс өңірі Наурыз мерекесін осылай қарсы алуды жоспарлап отыр. Жеті күнді таңдап алуымыздың себебі, қазақ халқы жеті санын қастерлейді. Бұл – жақсы дәстүрге жол ашатын жоба бола ма деген ойымыз бар,– деді облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Н.Ахметжанов.
Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан».
Шығыс Қазақстан облысы.
Салт-дәстүрдің тұғыры – әз Наурыз
Астанада түнде аздаған суық болғанмен, жылт еткен күн көзі қалың қардың көбесін сөгіп жатыр. Арасында қар қылаулап, жаңбыр себелеп қояды. Сөйтіп, әз Наурыздың лебі сезіле бастады. Соның бір дәлелі Астана қаласы әкімдігінің Тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен «Конгресс-Холл» сарайында ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамына арналған «Армысың, әз Наурыз!» атты мерекелік думанды кеш дер едік.
Сөйтіп, қанымызға сіңісті, жанымызға жұғысты, ой-санамызға нұрлы шуақ сыйлап сілкіндіріп-серпілтетін, тіліміз, салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрпымызды насихаттауға тұғыр болатын ата-бабамыздан салт болып келе жатқан мерекемізді көпшіліктің тойлауына ықпал етуді мақсат тұтқан іс-шараның басы елордада басталып кетті.
Астана қаласының Тілдерді дамыту басқармасы жыл сайын наурыздың 11-і мен 22-сі аралығында «Армысың, әз Наурыз!» атты қалалық байқау өткізуді дәстүрге енгізген. Дәстүрлі шараға аумақтық, жергілікті мемлекеттік органдар мен құрылымдық, денсаулық, мәдениет, спорт, қоғамдық, тұрмыстық қызмет көрсету мекемелері, сауда орталықтары, жоғары және орта арнаулы оқу орындары қатысады. Мерекенің соңғы күндері үздік деп танылған мекемелер әкімдік тарапынан арнайы дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталады.
Наурыз мерекесіне лайықталып өрнектелген сахна төрінде арнайы бата оқылып, келер жылқы жылына жұлдыз жорамал жасалып, көңілді көрерменге әсем ән әуенімен шашулар шашылды. Кешті жүргізушілер арасында дәстүрлі «Тойбастарды» жұрттың өзіне бастатып, апа-әжелерге «Бесік» жырын жырлатып, «Тұсаукесер» нақышын орындағандарға арнайы сый-сияпаттар табыстады. Кеш барысында Сәуле Желдібаева «Наурыз-думанды», Данияр Мұханов «Айтбайды», Клара Төленбаева «Аққу-арманды», Ерлан Рысқали «Ақ сиса» мен «Сегіз аяқты», Жаңабай Өтегенов «Аяланы», Елена Әбдіхалықова «Есіңе мені алғайсыңды» нақышына келтіре орындап, көпшілікті риза етті. Сондай-ақ, сахнада «Наз» мемлекеттік театрының бишілері би билесе, «Серпер» домбырашылары күй күмбірлетті. Айтыскер ақындар Балғынбек Имашев пен Айсәуле Бейсенханның мерекеге орайластырылған айтыстары көп көңілінен шықты.
Берік САДЫР,
«Егемен Қазақстан».
Суреттерді түсірген Ерлан ОМАРОВ.