1997 жылы қатты мұқабамен алтынмен бедерленіп, арнайы қаптамаға салынып шығарылған әлемдік балалар әдебиетінің жауһарына айналған «Хәрри Поттер мен пәлсапа тас» кітабы Даллас қаласында өткен Heritage Auctions аукционында сатылды.
Бұл басылымның тиражы бар-жоғы 500 дана. Сондықтан бүгінде ол библиографиялық құндылыққа айналып отыр.
Лоттың алғашқы бағасы 75 мың доллар болды. Нәтижесінде, кітап 471 мың долларға сатылды.
«Бұл нұсқаның мұқабасы өте сәтті шыққан. Хәрри Поттердің алғашқы басылымы, міне, осындай болуы тиіс. Кітапты өзіңмен алып жүру, жеке кітапханаңа қосу – бір ғажап әсер сыйлайды. Бұл Хәрри Поттер туралы бұған дейін сатылған ең қымбат кітап қана емес, сондай-ақ ХХ ғасыр көркем шығармаларының ішіндегі коммерциялық жолмен жарияланған ең қымбат кітабы», дейді аукцион ұйымдастырушысы.
Ал кітапты сатқан жеке америкалық коллекционердің есімі жарияланбайды.
Айта кетейік, 2020 жылы «Хәрри Поттер» топтамасының бірінші кітабы «Хәрри Поттер мен пәлсапа тас» романы тұңғыш рет қазақ тілінде жарық көрген еді. Одан кейін «Хәрри Поттер мен жасырын бөлме», «Хәрри Поттер мен Азкабан тұтқыны», «Хәрри Поттер мен от-сауыт», «Хәрри Поттер мен Феникс алқасы» атты бөлімдері де аударылып, барлығы бес кітап басылып шықты. Британ жазушысы Жоан Роулиң ойлап тапқан сиқыршы бала Хәрри Поттер мен оның сиқыр әлемі туралы еңбектерді қазақ тілінде басып шығару құқығы Steppe & WORLD Publishing баспасына тиесілі.