Қысқы Олимпиадаға аз күн қалғанда Бейжің билігі елдегі науқастар санының артқанын айтып, қауіпсіздік шараларын күшейтетінін хабарлады. Ол үшін халықты індетке тексеру белсенді жүреді, сондай-ақ тұрғындардан адам көп жиналатын басқосуларды азайту сұралып отыр.
Жергілікті денсаулық сақтау басқармасының мәліметі бойынша, сәрсенбіде Бейжіңде вирус жұқтырған үш адам тіркелген. Бірнеше күн бұрын тек бір ғана адамнан вирус анықталған еді. 15 қаңтардан бастап қалада COVID-19 жұқтырғандар оннан аз болғанымен, бұл жақында Олимпиада өтетін қала басшылығы үшін алаңдататын жағдай. Тіркелген науқастардан «Дельта», «Омикрон» штамдары табылған.
Ұлттық денсаулық сақтау комиссиясының 20 қаңтар күнгі мәлімдемесіне сәйкес, Қытай бойынша барлығы 43 жағдай анықталған. Бұл бір күн бұрынғы 55 науқастан азырақ.