Көпті алаңдатқан коронавирус індеті қайта күшейді. Қазіргі кезде індет жұқтырғандардың саны күрт өскен. Мәселен, осы уақытқа дейін Жамбыл облысы аумағында коронавирус инфекциясының 23 275 жағдайы тіркеліп, 8 361 тұрғын пневмонияға шалдыққан. Ал өңірде өткен тәулікте 257 адам қауіпті індетті жұқтырып, 6 адам өкпе дертімен ауырған.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев індетке тап болғандардың ішінде 13 465 тұрғын Тараз қаласынан екенін айтты. Бұл күнде коронавирус індеті облыс орталығында жиі тіркелуде. Сонымен қатар Байзақ ауданында – 1 647, Жамбыл ауданында – 1 050, Жуалы ауданында – 572, Қордай ауданында – 2 065, Т.Рысқұлов ауданында – 530, Меркіде – 682, Мойынқұмда – 332, Сарысуда – 359, Талас ауданында – 560 және Шу ауданында 1 781 жағдай анықталған.
«Әскерге шақырылушылар арасынан 125 жағдай, басқа облыс тұрғындары арасынан 99 дерек тіркелді. Пневмония туралы айтсақ, Тараз қаласында – 2 478 тұрғын, Байзақ ауданынан –
1 141, Жамбыл ауданынан – 705, Жуалыдан – 745, Қордайдан – 300, Т.Рысқұлов ауданынан – 433, Меркі ауданынан – 939, Мойынқұм ауданынан – 196, Сарысу ауданынан – 558, Талас ауданынан – 527 және Шу ауданынан 328 адам ауырған. Өңірдегі өзге облыс тұрғындары арасынан 5 жағдай тіркелді. Қазіргі таңда инфекциялық стационарларда 373 науқас ем алуда. Ал оның ішінде 28 науқас жансақтау бөлімінде жатыр. Карантиндік стационарға 87 азамат орналасты. Сондай-ақ өңірдегі 10 зертханада тәулігіне шамамен 2 600 – 2 800 ПТР-зерттеу жұмыстары жүргізілуде», дейді Ә.Қалиев.
Сонымен қатар бүгінде облыс бойынша 23 алғашқы медициналық-санитарлық ұйымдарында 45 егу пункті бар. Оның ішінде 16 пункт Тараз қаласында және 29 пункт облыс аудандарында орналасқан. Бүгінде аймақта 66 мың 824 адам ревакциналаудан өткен.
Қазіргі кезде өңірде індеттің алдын алу мақсатында жұмыс күшейтілген. Облыс бойынша санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Бағлан Қыдырбаевтың айтуынша, жаңа штамдардың таралуын болдырмау үшін ұжымдық иммунитеттің қажетті деңгейіне жету маңызды болып отыр. Сондай-ақ ол індетке қарсы вакциналар ауыр жағдайларды және ауруханаға жатқызуды азайтатынын айтты.
«Өткен жылғы ақпан айынан бастап аймақта бірінші компонентпен 18 жастан асқан 633 244 адам, екінші компонентпен 563 464 адам егілді. Ал 22 қарашадан бері коронавирусқа қарсы 48 815 адам қайта вакциналанды», дейді ол.
Бүгінгі таңда Жамбыл облысы «қызыл аймаққа» енген. Бұл ретте өңірде тұрғындардың қауіпсіздігін барынша қамтамасыз ету жұмыстары ұйымдастырылуда. Облыстық білім басқармасының басшысы Бейқұт Жамангөзов бүгінде облыс бойынша 93 мектептің үшінші тоқсанды қашықтан оқытуға жіберілгенін мәлімдеді. Жалпы, аталған 93 мектепте 122 905 оқушы оқитын болса, оның ішінде 84 252 оқушы қашықтан және 38 653 оқушы штаттық режімде оқуларын жалғастыруда.
Жамбыл облысы