• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Коронавирус 24 Қаңтар, 2022

Жетісуда жұқпалы індеттің екпіні қатты

156 рет
көрсетілді

Жетісуда жұқпалы індеттің екпіні басылмай тұр. Облыс – індет таралымы бойынша «қызыл аймақта». Өткен тәулік аралығында 329 адамның коронавирус инфекциясын жұқтырғаны анықталды. 136 науқас ауруханаға бірден жатқызылған. Жалпы, аймақта 804 адам стационарлық ем қабылдап жатқан болса, 69 науқас індеттен жазылып, емханадан шыққан екен.

Дерт жұқтырушылар қатары негізінен Талдықорған қаласы мен Қарасай, Жамбыл, Талғар аудандарында өсіп отыр. Бұл өңірлерде тәулігіне 32 адамнан 43 адамға дейін дәрігерлік көмекке жүгінген екен. Ал облыс ауруханаларындағы төсектік орындар саны 2 мың болса, қа­зірге дейін оның 40 пайызы нау­қастарды қабылдаған.

– Өткен үш күнде 5 831 адам­ның сынамалары ПТР зерт­ханаларында тексеруден өтті. Аймақтағы медицина ұйым­дарында 17 компьютерлік томограф, 53 рентген аппараты, 606 өкпені жасанды желдететін құрылғы жұмыс істейді. Оттегі стансаларымен облыстың 17 орталық ауруханасы толықтай қамтамасыз етілген. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 818,2 млн теңге бөлінген еді. Сондай-ақ оттегі концентраторларының саны 1 350 данаға дейін жеткізілді, – дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Арман Жансеңгіров.

Бұған қоса облыста коронавирус пневмониясын ерте кезеңде анықтау үшін жаңа цифрлы жүйе енгізілді. Ал облыс ауруханаларында жеке қор­ғану құралдарының айлық қоры жеткілікті. Осы мақсатта өңірде 1,3 млрд теңгені құрай­тын тұрақтандыру қоры құ­рылып, 51 түрлі дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар жеткізілген көрінеді. Қазір жұқ­палы індетпен күресуге барлығы 3 455 медицина қызметкері жұ­мылдырылып отыр. Оның ішінде 851 дәрігер және 2 604 орта және кіші медицина маманы бар.

Айтпақшы, Алматы облысында 12 жастан асқан тұрғындарды коронавирус инфекциясына қар­сы вакциналау жұмысы жал­ғасуда. Бүгінде аймақ бойынша 318 вакциналау орталығы және 76 жылжымалы бекет жұмыс істеп тұр. Сонымен қатар облыс тұрғындары ревакциналау курсына белсенді қатысуда. Мысалы, 88 722 адам толық иммундау курсынан өткен. Ал облыста вакцинаның бірінші дозасын алғандар саны 912 274 адамға жетті, бұл жалпы тұрғындардың 76 пайызын құрайды. Бұған қоса екпенің екінші компонентін 851 309 облыс тұрғыны салдырған, бұл тұрғындардың 71 пайызына жуықтайды.

 

Алматы облысы