• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Хоккей 25 Қаңтар, 2022

ҚХЛ: Гагарин кубогының тағдыры не болмақ?

217 рет
көрсетілді

Шайбалы хоккейден елорданың «Барысы» өнер көрсететін Құрлықтық хоккей лигасының (ҚХЛ) ойындары мерзімінен бұрын тоқтатылды. 23 қаңтарда Олимпия ойындарына байланысты үзіліске шығуы керек болған ҚХЛ командалары 14 қаңтардан бастап бір айлық демалыс алды. Ойындардың тоқтауына клубтарда коронавирусқа шалдыққан хоккейшілердің тым көптігі себеп болды.

Бастапқыда Құрлықтық хоккей лига­сының президенті Алексей Морозов тұ­рақты біріншілікте бақ сынайтын коман­­далардың басшыларымен бейнебай­ла­нысқа шығып, көпшіліктің қалауымен жарысты жалғастыра беретін болып шешкен еді. Алайда корона­вирусқа шалдыққан ойыншылар мен командалардың көптігіне байланысты лиганы уақытша тоқтатуға мәжбүр болды.

«Біз өткен аптада бірқатар клуб жетек­шілерімен онлайн кездесу өткізіп, ҚХЛ-дың қазіргі жағдайын талқылаған едік. Қазір лигада жағдай тым қиын болып тұр. COVID-19 пандемиясына байланыс­ты 14 матчты тоқтатып, біреуін басқа күнге ауыстырдық. Соңғы аптада ауруға шалдыққандардың саны 127 адамға жетті. Пандемия басталғалы бері ҚХЛ-да мұндай көрсеткіш тіркелмеген еді. Егер кестеге қарайтын болсаңыз, 2020/21 жылғы мау­сымда бізде аптасына ең көп дегеннің өзінде 30 адам ғана індетке шалдықты», деді А.Морозов.

Тұрақты біріншіліктің матчтары ресми тоқтатылғанға дейін «Барыстың» сырт айдындағы екі ойыны қарсылас команда ойыншыларынан коронавирус анық­талуына байланысты кейінге шегерілді. Мәселен, алғаш елордалық клуб­тың «Торпедомен» (Нижний Нов­город) матчы кейінге шегерілсе, кейін­нен Подольскінің «Витязь» командасының ойыншылары мұзайдынға толық құрамда шыға алмайтыны белгілі болған соң, лига басшылығы бұл кездесуді де тоқтатуға мәжбүр болды.

ҚХЛ-дың мерзімінен бұрын тоқта­тылуына және командалардың бір айға жуық үзіліске шығуы ойыншыларға қалай әсер ететініне қатысты «Барыстың» бас бапкері Юрий Михайлис пікір білдірді.

– Үзіліске дейінгі бірнеше күн біз үшін өте қиын өтті. Елдегі жағдайға байланысты сырт айдындағы ойынға ұшуымыз біраз тежеліп, оның үстіне Магнитогорскідегі боранды ауа райына байланысты ұшағымыз басқа қалаға қонуға мәжбүр болды. Ол аз болғандай, «Металлургпен» болатын ойынға матч басталуына екі сағат қалғанда әрең жеттік. Осындай қиын кезеңді бастан өткеріп жатқанда қарсыластарымыздың ойыншыларынан коронавирус анықталып, маңызды матчтарымыз кейінге қалды­рылды. Дегенмен бұл жағдайларға қара­­мастан ойыншылардың бәрі қазір жақ­сы физикалық күйде екенін айтқым ке­леді. Әрине, қалыптасқан жағдайда, ең бастысы, хоккейшілердің, жат­тықты­рушылардың, қызметкерлердің, матчт­арды өткізуге қатысатын барлық адамның денсаулығы маңызды екенін түсінеміз. Сондықтан бәрі мәжбүрлі үзіліс туралы жаңалықтарға түсіністікпен қарады. Қазір жігіттерге демалуға уа­қыт бердік. Әрі қарай міндетті түрде ПТР-тест тапсырып, елордада жаттығуы­мызды қайта бастаймыз. Енді лиганың жаңарған кестесін күтеміз. ҚХЛ ұсынған күнтізбеге сүйене отырып, ойынымызды жалғастыратын боламыз», дейді Ю.Ми­хайлис.

Тұрақты біріншілік ойындары уақыт­ша тоқтағанға дейін елорданың «Ба­рысы» чемпионаттың «Шығыс» конфе­ренциясындағы турнир кестесінде 8-орын­ға тұрақтады. Жерлестеріміздің енші­сінде 47 матчтан кейін 48 ұпай бар. Егер алда-жалда ҚХЛ ойындары дәл осы жерден тоқтайтын болса, «Барыс» плей-офф кезеңіне тікелей жолдама алады.

Әзірге «Барысты» турнир кестесінде екі команда өкшелеп келеді. Олар – «Амур» мен «Автомобилист». Алғашқысы «Барыс­тан» үш ойын көп өткізсе де, екі ұпай кем жинаған. Ал «Автомобилист» коронавирусқа шалдыққан ойыншылары көп болғандықтан, екі матч аз өткізген әрі 6 ұпай қалып келеді.

Қазіргі таңда тұрақты біріншіліктің басшылығы үзіліс уақытын тиімді пайдаланып, лига ойындарының күнтізбесін қайта қарап, түрлі нұсқаны тал­қылап жатыр. Жылдағы дәстүр бойынша ақпан айының соңында ҚХЛ ойындары аяқталып, нау­рызда Гагарин кубогы жолындағы плей-офф матчтары басталатын еді. Алайда биылғы жағдай сәл өзгеше болып тұр. Олимпиадалық үзілістен кейінгі ойындар 22 ақпанда қайта жалғасады. Ал кейбір командалардың әлі ойналмаған 15 матч­ы бар. Яғни клуб­тар 15 кездесуді әр екі күн сайын өткіз­геннің өзінде бір ай уақыт керек болады. Демек ҚХЛ матч­та­ры ақпанда емес, наурыздың соңында аяқталатын түрі бар. Ал сәуірдің соңына дейін Гагарин кубогының жеңімпазы анық­талып үлгеруі керек. Себебі бірқатар хоккейшінің командамен келісімшарты 30 сәуірде аяқталады.

– Қазір біз мүмкін болатын барлық жағдайды қарастырып жатырмыз. Әуелі біз тұрақты біріншілікті мейлінше тез аяқтауды көздеп отырмыз. Ал Гагарин кубогы жолындағы плей-офф ойындары бойынша бізде түрлі нұсқа бар. Сценарий бойынша жұмыс істеген кезде біз мамырда плей-оффтың бір бөлігін ойнауды мақсат еткен едік. Алайда мамыр айына өтіп кетсек, бірқатар заңдық тұрғыдағы мәсе­леге тап келейін деп тұрмыз. Атап айтқанда, ҚХЛ ережелерін өзгертуге, ойын­шылардың келісімшарттарын қайта жазуға, санаулы ойынға байланысты жа­лақы тағайындауға және тағы басқа ұсақ мәселелерді шешуге тура келеді. Соны­мен қатар 13 мамырда Финляндияда кезекті әлем чемпионаты басталады. IIHF ере­желері бойынша біз ойыншыларды біріншілікке бір апта қалғанда ұлттық құра­маларына жіберуіміз керек, – дейді А.Морозов.

Ресейлік БАҚ өкілдерінің жазуынша, ҚХЛ командалары тұрақты біріншілік басшылығынан ойындарды жалғастыруға арналған бірнеше нұсқа ұсынылған ресми хабарлама алған. Командалар өздеріне ыңғайлы бір нұсқаны таңдап, басшылыққа жіберуі керек.

Командалардың басым бөлігі ҚХЛ-дың биылғы маусымын әдеттегідей 60 емес, 52 матчпен аяқтауға ниет танытып отырған көрінеді. Ал лига ойындары қалай жалғасатыны туралы ресми ақпарат жуық арада хабарланады.