• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 25 Қаңтар, 2022

Мақтааралда мақта майы шығарылады

823 рет
көрсетілді

Еліміздегі «ақ алтынның» отаны саналатын Мақтаарал ауданында былтыр мақта зауыттары мен қабылдау бекеттеріне 92,8 мың тонна өнім өткізілген. Бүгінде шикізатты дайын өнімге дейін жеткізудің жолдары қарастырылуда. Мысалы, күні кеше ауданда мақта майын шығаратын зауыт іске қосылды.

Қазақстан мен Түркия елдері бірлесіп ашқан Tulpar May ЖШС-ы жылына 2,9 мың тонна мақта майы­н, 14 мың тонна шрот өндірмек. Мақтаарал ауылдық округі, Көкарал елді мекенінде ашылған кәсіпорынның аумағы – 0,27 гектар, инвестиция көлемі – 2,1 млрд теңге. Зауытта 50-ге жуық адам жұмысқа қабылданған. Жылына 10 мың тонна мақтаны өңдеуге қауқарлы. Қазіргі таңда зауыттың құрал-жабдықтарын орнатудың соңғы сатылары жүзеге асуда. Аудан әкімі Бақыт Асанов мақта майын шығаратын зауыттан бөлек, Түркия мемлекетімен бірге жіп иіретін тоқыма фабрикасын іске қосу да жоспарланып отырғанын айтады. «Мақтааралдықтар «ақ алтынын» шикізат күйінде емес, дайын өнім күйінде еліміздің басқа өңірлеріне, шетелге сатып, табысын еселей алады. Айта кетейін, 2021-2024 жылдары ауданда шетелден тікелей инвестиция тарту бағытында жалпы көлемі 10,8 млрд теңге болатын 5 ірі жоба іске асырылуда», дейді аудан әкімі.

Жыл он екі ай бойы қарап отырмайтын мақтааралдық диқандар қаңтардың әрбір сәтті күнін пайдаланып, қырыққабат және қызылша дақылдарын егуде. Егістік алқаптар мен үйіргелік жерлерде қазірдің өзінде бірнеше бригада қызу жұмыс жүргізуде. Мысалы, «Физули» шаруа қожалығы 15 гектарға ерте пісетін қырыққабат еккен. Егістік алқабында 60 адамнан құралған бригада тынбай жұмыс істеуде. «Жұмысшыларға күніне 4 500 теңгеден еңбекақы төлеудеміз. Қырыққабаттың «валикор» атты сұрпын тамшылатып суару технологиясымен егіп жатырмыз. Негізінен 2 айдың көлемінде еккен егініміз пісіп жетіледі. Егілген көшеттің үстін жапқышпен жауып, жауын-шашыннан қорғаймыз. Ең бастысы – күтіп-баптауға үлкен мән берілуі керек», дейді қожалық басшысы Ф.Алиев.

Ерте пісетін қырыққабат өніміне еуропалықтар мен ресейліктер тарапынан сұраныс өте жоғары. Қазірдің өзінде Мақтаарал ауданында 18 гектар жерге қырыққабат, 15 гектарға қызылша дақылы отырғызылған. Жалпы биыл 1 446 гектар жерге ерте егілетін көкөністер егу жос­парланып отыр. Қырыққабат пен қызылша дақылдары ерте пісетіндіктен, мақтааралдық диқандар оның соңынан қауын-қарбыз, мақта сияқты дақылдар егуге кіріседі. Осылайша жер емген шаруалар бір жылда екі рет, тіпті үш рет өнім алады. Өткен жылы мақтааралдық шаруалар 46,4 мың тонна көкөніс өндіріп, оның 80%-ына жуығын ТМД елдеріне, Балтық жағалауы, Түркия, Германия, Грекия елдеріне экспорттаған.

Сондай-ақ ауданда ағын суды барынша үнемді әрі тиімді пайдалану мақсатында қысқы сор шаю жұмыстарын жүргізу үшін 27 301 гектар егістік алқапта пал алу жұмыстары жүргізілуде. Қа­зіргі таңда 3 135 гектар алқап суа­рылған. «Достық» магистралды каналынан Мақтаарал ауданының егістік алқаптарына секундына 32 текше метр су келуде. Осы көр­сеткішті сақтай отырып, қыс­қы сор шаю жұмыстарын наурыз айының алғашқы онкүндігіне аяқтау жоспарланған. Айта кете­лік, «Оңтүстік Қазақстан гидро­геологиялық-мелиоративтік экспедициясы» РММ-нің аудан бойынша берген картасына сәйкес, ауылдық округі бойынша суармалы жерлердің 1,4 мың гектары (2,1%) өте күшті, 3,4 мың гектары (5,3%) күш­ті, 16,3 мың гектары (2,6%) орта, 15,8 мың гектары (2,4%) шамалы тұз­данған. Ал 26,6 мың гектар (41,7%) тұзданбаған жерлер болып саналады.

 

Түркістан облысы