Қазақстандық теннисшілер шетелде ұйымдастырылған екі бірдей халықаралық жарыста үздік шықты. Денис Евсеев Литвадағы ITF турнирінің абсолютті жеңімпазы атанса, Дамир Жалғасбай Беларусьтегі Tennis Europe додасында сәтті өнер көрсетті.
Вильнюстегі жүлде қоры 25 мың АҚШ долларына бағаланған жарыста Д.Евсеев жекелей және жұптық сында үздік шықты. Алдымен Денис беларустық Иван Лютаревичпен бірге жұптық финалда мажарстандықтар – Фабиан Марожан мен Петер Файтты 6:4, 7:6 (7:4) есебімен жеңді. Ал жекелей жарыстың финалында финляндиялық Отто Виртаненді 5:7, 6:3, 7:6 (7:4) есебімен тізе бүктіріп, халықаралық турнирдің чемпионы атанды.
Осылайша Денис ITF додаларындағы 18-ші (соның 8-і жекелей сында) титулына қол жеткізді. Литвадағы осы табысының арқасында жерлесіміз әлемдік рейтингте 349-орынға көтерілді.
Ал Дамир Жалғасбай Минск қаласындағы бәсекеде әуелі белоруссиялық Станислав Балибенкомен бірге жұптық финалда Владимир Кадобине (Беларусь) – Артемий Лазаревті (Ресей) 6:0, 6:2 есебімен ұтып, чемпиондық тұғырға көтерілді. Ал жекелей сында соңғы бәсекеде ғана ресейлік Алексей Фроловқа есе жіберді – 4:6, 1:6.