• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Қысқы спорт 25 Қаңтар, 2022

Олимпиадашылардан оңды нәтижелер күтеміз

256 рет
көрсетілді

Бұл күндері төрткүл дүние жұртшылығы 4-20 ақпан аралығында Қытайдың бас шаһары – Бейжіңде жалауы желбірейтін XXIV Қысқы Олимпия ойындарын тағатсыздана күтуде. 100-ге жуық мемлекеттен келген 4 мыңнан аса үміткердің қатысуымен өтетін бәсекелер барысында спорттың 15 түрі бойынша 109 жүлде жиынтығы сарапқа салынады. Сол жарыста жерлестерімізге медаль бұйыра ма? Міне, қазіргі кезде барша қазақстандық жанкүйерді дәл осы сауал мазалап отыр. 

Соңғы үш Қысқы Олимпия ойындарынан Қазақстан құрамасы жүлдемен оралғанын жанкүйерлер жақсы біледі. 2010 жылы Ванкуверде биатлоншы Елена Хрусталева күміс медальді иеленді. 15 шақырымдық жекелеген сайыста ол норвегиялық Тура Бергерден ғана қалып қойды. Есесіне өзінің бұрынғы отандасы, Беларусьтің мақтанышы Дарья Домрачевадан озды. 2014 жылы Сочиде мәнерлеп сырғанаушы Денис Теннің айшықты өнеріне қол соқтық. Жампоз спортшымыз жапониялық Юдзуру Ханю мен канадалық Патрик Чанға ғана есе жіберіп, қола жүлдені иеленді. 2018 жылы Пхенчханда фристайлшы Юлия Галышева дәл сол межеден көрінді. Могул сайысында жерлесіміз Франция өкілі Перрин Лаффон мен Канада спортшысы Жюстин-Дюфур Лапужантты алға жіберді. Байқасаңыздар, осы жарыстардың барлығында жалқы жүлдеге иелік еткен екенбіз.

Ал Бейжіңдегі додада осы көрсеткішті жақсартуға жерлестеріміздің күш-жігері жете ме? Аталған жарыста бірнеше спортшыға айрықша сенім артылып отыр. Осы орайда, Юлия Галышеваның есімін айрықша атап өтуге тиіспіз. 29 жастағы Шығыс Қазақстан облысы тумасының Олимпия ойындары жүлдесінен бөлек, басқа да толып жатқан атақтары бар. Мәселен, 2019 жылы ол Парк-Ситиде өткен әлем чемпионатында алтыннан алқа тақты. 2015 жылы Крайшбергте қола алса, 2017 жылы Сьерра-Невада мен 2021 жылы Алматыда күміске қол созды. Галышеваның еншісінде Дүниежүзілік Универсиаданың екі және Азия ойындары мен Әлем кубогының үш алтыны бар. Енді кенді Алтайдың аруы Қытай елінде Қазақстан жанкүйерлеріне алтын медальдің сыңғырын естітсе деген тілегіміз бар.

Фристайлда Юлия Галышевадан бөлек, Павел Колмаков, Дмитрий Рейхерд және Жанбота Алдабергенова сынды сақа спортшылар да өнер көрсетеді. 25 жастағы Колмаков былтыр әлем чемпионатының қола жүлдегері атанып, Дүниежүзілік Универсиадада медальдардың толық жиынтығын олжалады. Яғни Павелдің қоржынында алтын да, күміс те, қола да бар. Биыл ол Әлем кубогының кезеңдік сайысында жеңіс тұғырына көтерілді. 33 жастағы Рейхерд – төрт Олимпия ойындары мен алты әлем чемпионатына қатысқан спортшы. Бірқатар байрақты бәсекеде ол ел намысын абыроймен қорғады. 26 жастағы Алдабергенованың нәтижелері де жаман емес. Ол Сочи Олимпиадасында алтыншы орынға табан тіресе, Пхенчханда 13-сатыға жайғасты. Басқа да турнирлерде өзін жақсы қырынан көрсетті. Мамандар тарапынан оның мүмкіндігі мен әлеуеті әлі де жоғары бағалануда. Олай болса, дәл осы додада Жанбота жасындай жарқылдаса дейміз. 

Қазақстан жанкүйерлері шорт-трекшілер сайысын тағатсыздана күтуде. Өйткені ұлттық құрама тізгінін Мәдіғали Қарсыбековтей майталман маман ұстағалы бері біздің елде спорттың бұл түрі өте жақсы қарқынмен дамып келеді. Ең қуаныштысы, бірер жылдан бері бас командамыздың басым бөлігін өз қандастарымыз құрап отыр. Қазіргі кезде Қазақстан спортшыларының халықаралық аренадағы қарқыны жаман емес. Осыдан төрт жыл бұрын Пхенчхан Олимпиадасының эстафеталық сайысында жерлестеріміз жеңіс тұғырына сынық-сүйем ғана жетпей қалып, алтыншы орынға табан тірегені де есімізде. Әлем чемпионаттары мен Әлем кубоктарының кезеңдік сайыстарындағы нәтижелеріміз де көңіл көншітерліктей. Бұл жолы Бей­жіңде Абзал Әжіғалиев, Денис Ни­киша, Әділ Ғалиахметов, Ольга Тихонова және Яна Хан өнер көрсетеді. Олардың барлығы да көптен бері көзге түсіп жүрген спортшылар. Осы жарыстың жекелеген сайысында немесе командалық эстафетада кемінде бір жүлдеге қолымыз жетсе, соның өзі біз үшін тамаша жетістік болып саналатыны сөзсіз.

Кезінде даңқты Владимир Смирнов Қазақстанның шаңғы спортын орасан зор биікке көтерген еді. Көкше өңірінің тумасы өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары қысқы Олимпиадада 1 алтын, 2 күміс және 1 қола медальді олжалап, барша жұрттың алғысына бөленді. Бұл тәуелсіз Қазақстанның ғаламдық додалардағы алғашқы жүлделері еді. Одан бөлек, 1988 жылы Калгариде Владимир үш рет жеңіс тұғырына көтерілді. Ол әлем чеммпионаттары мен басқа да аса ірі халықаралық жарыстарда жүлделерді күреп алды. Содан кейін кең байтақ елімізден атағы алысқа жайылған Смирновтың жеңісті жолын жалғастыратын бірде-бір шаңғышының шықпағаны өкінішті, әрине!

Соңғы 10 жыл бедерінде мәнерлеп сырғанау спорты елімізде еңсе тіктеп қалған еді. Байрақты бәсекелерде алғашқы болып Денис Тен атой салды. Алматылық спортшы Сочи Олим­пиа­дасының қола жүлдесінен бөлек, 2013 және 2015 жылдары жалауы желбіреген әлем чемпионаттарында жүлдегерлер санатынан көрінді. «Төрт құрлық чем­пионаты», Азия ойындары және Дүние­жүзілік Универсиадада Тенге тең келер ешкім табылмады. Одан кейін Элизабет Тұрсынбаеваның өрелі өнеріне қол соқтық. Пхенчхан Олимпиадасында 12-орынды қанағат тұтқан ол 2019 жылы үш бірдей дүбірлі додада дараланды. Қазақ қызы әлем чемпионаты мен Дүниежүзілік Универсиадада және «Төрт құрлық чемпионатында» күміс медальді мойнында жарқыратты.

Есімдері жоғарыда аталған екі жерле­сіміз Қытайдағы Қысқы ойындарға қатыс­қанда қалың көрермен «ең болмағанда біреуі жүлде алуға тиіс» деп тақымын қысып отырар еді. Бірақ қазір екеуі де ұлттық құрама сапында жоқ. Денис 2018 жылдың шілде айында Алматының қақ ортасында қандықол қарақшылардың қолынан қаза тапты. Ол небәрі 25 жаста еді. Ақпан айының бел ортасында 22 жасқа толғалы отырған Элизабет ескі жарақатынан айыға алмай, соның салдарынан үлкен спорттан қол үзді. Өкінішке қарай, қазіргі кезде ұлттық команда сапында өнер көрсетіп жүрген ұл-қыздар арасынан Тен мен Тұрсынбаеваның жемісті жолын жалғастыратындай ешкімді көріп тұрған жоқпыз.  

Конькишілер қатарында Денис Кузин мен Екатерина Айдова секілді сақа спортшылар бар. Олардың әрқайсысы Олимпия ойындарына үш реттен қатысты. Екеуінің де әлем чемпионы деген дардай атақтары бар. Кезінде Кузин ересектер сынында алдына жан салмаса, Айдова жастар буыны арасындағы додада дараланды. Алайда қазір олар ардагер спортшылар санатында. Уақыт озған сайын нәтижелері де нашарлап келеді. Осы жайттың барлығын ескере келе, «Денис пен Екатеринаның ғаламдық додада жүлде алуы екіталай» десек, ешкім айыпқа бұйыра қоймас. Сол секілді биатлон, тау шаңғысы, шаңғымен трамплиннен секіру және шаңғы қоссайысын серік еткендер арасында да жеңіс тұғырына көтерілуге күш-жігері жететін спортшылар көрінбейді.