Қазақстан қоғамның барлық саласын одан әрі жаңғыртуға және жүйелі түрде қайта құруға бағытталған үлкен өзгеріс алдында тұр. Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, бұл өзгерістердің өзегі азаматтарды қолдау мен олардың әл-ауқатын, әлеуметтік ахуалын жақсарту болады.
Әрине, бұл міндеттерді жүзеге асыруда жастардың тиімді бағдарламалары мен әлеуметтік жобаларды орындау маңызды. Ұзақ жыл бойы Нұрсұлтан Назарбаевтың коммерциялық емес Қоры жастарға түрлі салада өзін көрсетуге көмектесетін, сауығып кетуіне және өмірінен өз орнын табуға үміт беретін жобаларды әзірлеу және іске асыруда еңбек етіп келеді.
Қор мемлекеттік ұйымдармен және ҮЕҰ-мен бірлесіп сан мыңдаған жасқа қолдау білдіріп, көмек көрсетті. Бүгінде олардың дені ғылымда, өнерде мол табысқа жетіп, кеңінен танылған.
Ерекше балаларды қолдау
Қор жұмысының ауқымды бағытының бірі – Қазақстандағы ерекше қажеттілігі бар балаларды қолдауға арналған Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қамқорлық» бастамасы болып табылады.
Елімізде 92 мыңнан астам бала церебральды сал ауруымен ауырады. Сондықтан оңалту қызметіне қажеттілік өте жоғары. Елдегі тиісті медициналық ұйымдардың аздығынан мыңдаған бала дер кезінде оңалтудан өте алмайды.
«Қамқорлық» бастамасының екі кезеңін іске асыру нәтижесінде, қазір өңірлерде 16 оңалту орталығы және 7 ерте араласу орталығы жұмыс істейді. Игі бастама Қазақстан Республикасы Үкіметінің және «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының қолдауымен жүзеге асқан. 2020 жылғы желтоқсаннан 2021 жылғы қарашаға дейін 5 192 бала оңалтудан өтті, олардың 534-і ем-домнан кейін жүре бастады.
Бұған қоса, аймақтарда ерекше қажеттілігі бар балаларды қолдау бойынша 16 кабинет ашылды. 2020-2021 жылдар аралығында 131 бала жалпы білім беру үдерісіне тартылды. Ал 16 бала енді біреудің алып жүруіне мұқтаж емес.
Жүздеген баланың орталықтарда сабақ алып, өздігінен еңбектеп, жүре бастап, жаңа дағдылар мен білім алғанына қуаныштымыз. Бұл орталық жұмысының басты нәтижесі және ата-аналар мен білікті мамандардың үлкен жеңісі!
Қазақстанда инклюзияны дамыту бойынша үлкен жұмыстар жалғасын тауып отыр. Бастаманың үшінші кезеңі аясында 2022-2023 жылдары республика бойынша 17 ерте араласу орталығы, аутизммен және басқа да ментальді ауытқуы бар балаларға арналған 8 орталық пен 17 «Белсенді ұзақ өмір» белсенді өмір сүру орталығы ашылады.
Елбасының тапсырмасы бойынша Қор Нұр-Сұлтан қаласында ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған қосымша жаңа заманауи оңалту орталығын салуға кіріседі.
Болашаққа үлес
Еl Úmiti қорының тағыда бір ауқымды бастамасы жастарға арналған бірқатар жобаны жүзеге асырады. 530 мыңнан астам адам жобаның игілігін көрген.
Мұндай жобаның бірі – «Мың бала» ұлттық олимпиадасы жыл сайын ауылдық жерлерде 5 және 6 сынып оқитын ең қабілетті 1 000 оқушының озық мектептерде білім алуына мүмкіндік береді. Екі жыл ішінде жоба 4 000-нан астам оқушының жолын ашты. 638 ауыл оқушысы Қазақстанның үздік мектептеріне оқуға түсті. Birge Oqy жеке онлайн мектебі арқылы ауыл балаларымен жүйелі жұмыс жүргізілуде: бүгінде «Мың бала» олимпиадасының 2,6 мың финалисі Birge Oqý онлайн мектебіне қабылданды.
El Úmiti бастамасының екінші ең ірі жобасы – «Елбасы Медалі» жастарды жан-жақты дамытуға бағытталған ұлттық деңгейдегі жалғыз бағдарлама. Бұл 14-29 жас аралығындағы жастарға арналған. Үш жыл ішінде оған қатысуға 55 000 өтінім келіп түсті. Бұл мерзімде қатысушылар дене бітімі мен ақыл-ойды дамытатын бағыттар бойынша 800 мыңнан астам тапсырманы орындады. Соның нәтижесінде 3 928 қола және күміс медаль иегерлері анықталды. Өткен жылдың қорытындысы бойынша 605 медаль иегері ҚР жоғары оқу орындарына оқу үшін білім гранттарын ұтып алды.
El Úmiti бастамасының ажырамас бөлігі деп «El Maqtanyshy» сыйлығын айтуға болады. 2019 жылдан бастап сыйлық оқушылар мен олардың жаттықтырушыларына пәндік олимпиадалардағы ірі жетістіктері үшін беріледі. Алтын жүлде иегерлері 2 млн теңгеден, күміс жүлдегерлер 1 млн теңгеден, қола жүлдегерлер 500 мың теңгеден алады. 2019-2021 жылдар аралығында бұл сыйлықты 57 жүлдегер мен 77 жаттықтырушы иеленді.
Qabilet – бастаманың тағы бір жобасы. Бұл мектеп оқушыларының қабілеттерін тексеру және кәсіптік бағдарлау қызметі. Мақсат – дарынды жастарды қолдау және олардың әлеуетін іске асыру. 2021 жылы бұл қызметтен 10-11 жастағы 60 мың бала өтті. 100 психолог оқытылды.
Қордың жобалау басқармасы
Әлеуметтік жобалар мен қайырымдылық іс-шараларды жүзеге асыру үшін Қор жобалық басқару моделін пайдаланады. Қордың жобалық кеңсесі жеке және Қордың Алматы қаласындағы өкілдіктері университеттермен, ғылыми орталықтармен, мемлекеттік органдармен және ҮЕҰ-мен бірлесіп соңғы 10 жылда 1 000-нан астам іс-шара өткізді.
Қор жұмысының маңызды бағытының бірі халықты әлеуметтік қолдауға бағытталған қоғамдық ұйымдарды қолдау болып қала береді.
Қордың тарихы терең зәкірлік жобасының бірі әлеуметтік идеялар мен жобалар жәрмеңкесі. Оның мақсаты – жобаларды жергілікті деңгейде іске асыру арқылы маңызды мәселелерді шешу үшін қоғамдық ұйымдарды анықтау және қолдау. Үздік қоғамдық ұйымдардағы жобаларды іске асыруға Қордың гранты бөлінеді. Осы жылдар ішінде Қазақстанның 300-ден астам қоғамдық ұйымы жобасын іске асыруға грант алды.
2021 жылы байқауға рекордты 221 жоба жөнелтілді. Бұл ерекше қажеттілігі бар адамдарды әлеуметтік бейімдеу, халықты әлеуметтік және құқықтық қорғау, денсаулық сақтау саласындағы жобалар. Қор жеңімпазының әрқайсысына 2,6 млн теңге (жобаға байланысты) берілді.
Қордың цифрлы және техникалық инновациялар саласындағы жобалары жастар арасында кең танылған. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың экономиканың техникалық бағытындағы мамандарды арттыру міндетіне байланысты Қор осы саладағы жобаларын одан әрі нығайтады.
«Цифрлық трансформация және өмірдің жаңа сапасы» атты OPEN MIND ашық инновациялардың бірінші онлайн форумы цифрлы сервистерді әзірлеушілердің, IT-компаниялардың басшыларының, жастардың Қазақстанда цифрландыруды дамыту мәселесін талқылаған сараптамалық алаңға айналды. Форумда «КазРобоПроект-2021» робототехника байқауының және қазақстандық жас бағдарламашыларға арналған Smart Zholy жарысының жеңімпаздары жарияланды.
Қор «Смарт жолы» бағдарламасын 2017 жылдан бастап Сингапурдың Эшалон Азия Саммитінің жетекші стартап-алаңымен бірлесіп іске асырады. 5 жыл ішінде жобаға 280 өтінім берілді, оның 40 қатысушы осы жылдары Сингапурдағы финалға қатысты, ал Intellection, Webtotem және Nommi стартап қатысушылары инвесторлардың қаржысын тартты.
Студенттер арасындағы ірі жарыс – жоғары оқу орындары арасындағы робототехника бойынша «ETU Робокон 2021» II республикалық чемпионаты жас өнертапқыштардың үздік 13 командасын жинады.
Белгілі ғалымдар, жас зерттеушілер, стартаперлер мен инвесторлар үшін «тәуелсіз Қазақстанның зияткерлік әлеуеті: қалыптасу мен дамудың 30 жылы» атты І халықаралық жас ғалымдар форумы ірі оқиғаға айналды. Форумда 14 елден 200 спикер сөз сөйледі. 50 000 астам адам онлайн қатысты.
Форум соңында республикалық студенттік стипендиялар байқауының жеңімпаздары марапатталды. Осы жылдар ішінде 700-ден астам студент Қордың студенттік стипендиясын иеленді. 2021 жылы байқауға Қазақстан өңірлерінен 350-ден астам студент қатысып, оның 80-і Нұрсұлтан Назарбаев Қорының стипендиясын 2021-2022 оқу жылында алатын болды.
Стипендия иегерлерінің арасында екі платина дискісін алған және әлемдік TikTok әлеуметтік желісі байқауында үздік деп танылған музыкант Арыстан Әбілдин бар. Тағы бір танымал стипендиатымыз Асхат Жұмабеков. 2021 жылы «Әлем мұғалімі» жаһандық сыйлығының иегері атанған ол Семей қаласындағы физика пәнінің мұғалімі.
Әр жылдары Қор сыйлығының лауреаты атағын иеленген көптеген мәдениет және ғылым қайраткері кеңінен танылды. Қазіргі уақытта 258 қайраткер Қордың лауреаты атанған. Оның ішінде әншілер, актерлер мен опера, балет әртістері, талантты дәрігерлер, әлеуметтанушылар, журналистер және т.б. бар.
Жастардың сүйікті жобасының бірі – «Алтын тобылғы» жас әдебиетшілер байқауы. Былтыр байқауға 154 жұмыс ұсынылды. Үздік еңбектің авторлары Қордан ақшалай сыйлықтар мен дипломдар алды.
Заманымыздың нағыз батырлары, ержүрек және мейірімді адамдар – «Қайырымдылық керуені» жобасының басты кейіпкерлері. Жобаның төрт жылдық тарихында осындай 1 000-ға жуық адам анықталды. Қор жыл сайын өзгеге үлгі болатын осындай жандар туралы бейнероликтер шығарады.
Елордада ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы музейінде орналасқан Nazarbaev Ortalyǵy даму орталығы балаларға қосымша білім мен дағды алу үшін жаңа мүмкіндіктер ұсынады. Мұнда Қазақстан тарихын зерделеуге, түрлі бағыт бойынша озық білім беру бағдарламаларын игеруге барлық жағдай жасалған. Орталықта STEM білім беруді дамытудың 4 зертханасы бар.
2021 жылдың қаңтар айынан бастап осы күнге дейін орталықтың зертханаларында 2 219 бала білім алды, оның 215-і тегін оқыды. Орталықта 300 балаға арналған жазғы және күзгі лагерьлер ұйымдастырылды, шахмат зертханасының студенттері қалалық және республикалық турнирдің жүлдегері атанды. Мұндағы «Пора верить в чудо» мерекелік бағдарламасына 1 400 бала қатысты, оның 700-і ерекше қажеттілігі бар балалар. Қазақ тілі мен мәдениетін насихаттау – жұмыстың маңызды бағытының бірі болып қала береді. Нұрсұлтан Назарбаев Қоры жанындағы Мемлекеттік тілді дамыту қоры осы салада бірқатар жобаны жүзеге асырып келеді.
«Абай әлемі» онлайн байқауы 2 жылда еліміздің түкпір-түкпірінен келген 200-ден астам қазақ тіліндегі үздік ғылыми жұмыстың авторын, студент пен магистрантты біріктірді. Байқаудың 25 жеңімпазы ақшалай сыйлық алды.
Қор Abaialemi.kz алғашқы энциклопедиялық онлайн порталын, оның мобильді қосымшасын құрды, Soyle.kz онлайн порталда мемлекеттік тілді оқыту ұйымдастырылады. Қазіргі таңда порталдың қаралым саны 9 030 000-нан асты. «Ұлы дала аңыздары» комикстер жобасы әзірленді, Qazcomics.kz веб-сайты құрылды, қазақ аңыздарының желісі бойынша 3 тілде 15 комикс шығарылды.
Нұрсұлтан Назарбаев Қоры үшін жаһандық бейбітшілік пен келісім құндылықтарын нығайту саласындағы халықаралық ынтымақтастық маңызды бағыт болып қала береді. Елбасының қауіпсіз әлем құру мен ядролық қарусызданудың маңызы туралы бастамалары бұл қызметтің идеологиялық басты бағыты саналады.
«Астана клубтың» отырыстары ең ірі диалог алаңы болып табылады. Былтыр өткен алтыншы отырыста қазіргі заманның өзекті сын-қатерлерін талқылауға 54-тен астам шетелдің беделді спикерлерін, оның ішінде бұрынғы мемлекет және үкімет басшыларын, зерттеу орталықтарының басшыларын және т.б. біріктірді. Ядролық қауіпсіздік жөніндегі көшбасшылардың жаһандық альянсы Елбасының ядролық қарусыз әлем құру туралы үндеуіне 100-ден астам бұрынғы мемлекет және үкімет басшылары, халықаралық қатынастар және қауіпсіздік жөніндегі сарапшылар, Еуропалық Комиссияның бұрынғы төрағасы Жозе Мануэл Баррозу, МАГАТЭ-нің бұрынғы бас директоры Мохаммед Әл-Барадеи, Словенияның бұрынғы президенті Данило Тюрк және т.б. жетекші талдау орталықтары қосылды. Бұл бағыттағы жұмыс кейінгі жылдары да жалғасады.
2021 жылы Нұрсұлтан Назарбаев Қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институты (ӘЭСИ) өзекті бағыттар бойынша халықаралық саясатты іске асыру саласындағы зерттеу жұмыстарын сәтті жүргізуде. ӘЭСИ халықаралық талдау орталықтарымен белсенді өзара іс-қимыл жасап, тәжірибе мен зерттеу нәтижелерімен алмасады. Институт 4 онлайн конференция өткізді, сарапшылар 21 іс-шараға қатысты, сыртқы саясат, қауіпсіздік, экономика, ішкі саясат және әлеуметтану бойынша 34 сараптамалық материал дайындады. Қазақстанның 17 өңірінде 48 фокус-топпен 2 әлеуметтік зерттеу және халыққа жаппай сауалнама жүргізілді.
Қордың қайырымдылық бастамалары
Қайырымдылық қызмет Қор жұмысының ажырамас бөлігі. Қор үнемі мұқтаж жандарға қолдау көрсетеді. Нұрсұлтан Назарбаев Қоры коммерциялық емес ұйым болып табылады және қызметі арқылы табыс табу мақсатын көздемейтінін тағы да айтқым келеді.
Ұйым елімізде коронавирус инфекциясының таралуына қарсы іс-қимыл жасауға 200 миллион теңге бөлді. Қаражат дәрігерлерді қаржылай қолдауға, 50 мың медициналық маска, дезинфекциялық құралдар және т.б. сатып алуға жұмсалды.
Қор танымал альпинист Мария Әуезоваға бионикалық протездерін алуға көмектесті.
2021 жылы «Дегдар» қорымен бірлесіп 5 облыс пен республикалық маңызы бар 3 қалада ұйымдастырылған «Елбасы жылуы» акциясы 2 100-ге жуық аз қамтылған және көпбалалы отбасыны қамтыды. Әрбір жанұяға көмек ретінде 120 кг азық-түлік берілді.
Сонымен бірге Қор ҚР Президенті іс басқармасы медициналық орталығы жанынан роботтандырылған хирургия бойынша қазақстандық халықаралық референс оқыту орталығын құруды қаржыландырды. Орталық қазақстандық медицина ғылымын жаңа, озық деңгейге шығарады.
Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасын қолдай отырып, Нұрсұлтан Назарбаев Қоры «Қазақстан халқына» қоғамдық әлеуметтік қорына 500 миллион теңге аударды.
Қазақстан Президенті мемлекеттік органдарды қазақстандықтардың әлеуметтік әл-ауқатын арттыру, келісім мен бейбітшілікті нығайту жөніндегі белсенді жұмысқа жұмылдырады. Бұл міндетке азаматтық қоғам өкілдерінің қатысуынсыз, халықпен жүйелі жұмыс орнатпай және жастар бастамасын қолдаусыз қол жеткізу мүмкін емес. Өйткені жастар – қоғамның ең белсенді және серпінді бөлігі. Елдің болашағы оның әлеуеті мен идеяларын іске асыруға байланысты.
Өз тарапынан Нұрсұлтан Назарбаев Қоры ел Үкіметімен серіктестік құра отырып, бәсекеге қабілетті жас ұрпақты қалыптастыру жөніндегі жұмысты жалғастырады.
Әлкей МАРҒҰЛАНҰЛЫ,
Нұрсұлтан Назарбаев Қоры атқарушы директорының орынбасары