Қазақстанда бастауыш сынып оқушылары үшін бөлім бойынша жиынтық бағалау (БЖБ) мен тоқсандық жиынтық бағалауды (ТЖБ) алып тастау мәселесі әлі де талқыланып жатыр. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Министрдің айтуынша, әлем елдерінің басым бөлігінде бастауыш білім беру жүйесінде дәл біздегідей бағалау тәсілі кеңінен қолданылмайды. Бізде оқушылар 2-сыныптан бастап БЖБ мен ТЖБ арқылы бағаланады.
«Ал бастауыш мектеп – баланың мектеп өміріне, оқуға және құрдастарымен қарым-қатынас жасауға бейімделетін ең маңызды кезең. Сондықтан бүгінгі таңда біз бастауыш сыныптардағы барлық пәндер бойынша БЖБ мен ТЖБ-ны алып тастау мәселесін жан-жақты талқылап жатырмыз», деді Жұлдыз Сүлейменова.
Министрдің сөзінше, бұл өзгеріс оқушылардың білімін бақылаудан толық бас тартуды білдірмейді. Керісінше, министрлік формативті бағалау жүйесін сақтап қалуды жоспарлап отыр.
Яғни мұғалімдер оқушылардың оқу қарқынын, оқу материалын меңгеру деңгейін, мәтінді түсіну қабілетін және күнделікті үлгерімін бұрынғыдай бақылап, дер кезінде кері байланыс береді. Алайда әр бөлімнің соңында және әр тоқсан аяқталған кезде өткізілетін жиынтық бағалаулардың бастауыш сынып оқушылары үшін тиімділігі мен қажеттілігі қайта қаралады.
Мектептерде БЖБ мен ТЖБ тапсырмалары сатылғаны рас па?
Министрдің айтуынша, ұсынылып отырған өзгерістің тағы бір маңызды себебі – бастауыш сынып мұғалімдері барлық пән бойынша БЖБ мен ТЖБ тапсырмаларын дайындап, кейін олардың барлығын тексеруге көп уақыт жұмсайтындықтан олардың жұмыс жүктемесін азайту.
«Мыңдаған парақты қарап шығу мұғалімдерге үлкен жүктеме түсіреді. Сол уақытты олар балалармен жеке академиялық жұмыс жүргізуге, оқушылардың біліміндегі олқылықтарды толықтыруға және олардың қабілеттерін дамытуға пайдалана алар еді. Сондықтан бұл мәселені жан-жақты зерделеп жатырмыз», деді министр.
Қай сыныптарда БЖБ мен ТЖБ алынып тасталады? Министр жауап берді
Жұлдыз Сүлейменова бастама бойынша түпкілікті шешім қабылданбағанын атап өтті. Оның айтуынша, бұл мәселе тамыз айында өтетін дәстүрлі педагогтердің тамыз кеңесінде кеңінен талқыланады.