Түп тұқиянымыз болып саналатын сақтардан қалған Алтын Адам және тағы басқа жәдігерлерді айтпағанда Қазақ елі ұрпағына ұлан-байтақ жерді мұра етіп қалдырғаны қандай ғаламат?! Тізбелей берсек, Адам Ата-Хауа Анадан тараған ұрпақтың бірінен екіншісінің құндылығы асып түсетін бай мұрасының ұрпақ кәдесіне жарауының өзі бабаларымыздың дара даналығын, көрегендігін, данышпандығын, батырлығын һәм ұрпақ алдындағы адалдығын білдіретіні тағы анық. Бағзы замандарда еренсіз ғана «қазақ елі» деп аталған көшпенділер бүгінде біртұтас мемлекетке айналып, төрткүл дүниеге тек жақсы қырынан мәшһүр болып отыр. Осынау даралықты дөп басқан Елбасы, міне, бүгін мемлекетіміздің атауын өмірдің өзінен алып Қазақ елі деп өзгерту туралы ұсынысын ортаға тастады. Бұл сәтті әрі тарихи атау. Олай дейтінім, тарихта бір рет орын алған оқиға ешқашан қайталанбайды. Елдің, жердің, судың, тіпті жұлдыздардың да атауы дуалы ауыздан бір рет шыққан соң, ел іліп әкетеді. Өйткені, ол – тарих. Сол тарихнаманы бір кісідей оқып, рухани қажеттілігімді алғандықтан Қазақ елі – «Мәңгілік ел» деген сөздер құлағыма майдай жақты. Енді ше, біз осы арқылы дарамыз. Бұл бізді экономикалық қарым-қатынас барысында діні бір болғанымен тілі, ділі бөлек іргеміздегі өзге елдермен шатастырмас үшін де қажет. Міне, осындай іркес-тіркес көкейіме келген сөздерді ой елегінен өткіздім. Ақыл таразысына сала отырып, Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынысын қолдау керектігін бірінші кезекте ел газеті «Егемен Қазақстан» арқылы жұртқа жеткізсем деймін.
Алматыдағы замандастарыммен бас қоса қалған кездерде ортақ тақырып: еліміздің бүгінгі және болашақ өмірі туралы келелі әңгімемен әдемі сабақтасып жатады. Шыны керек, өткенді көксеу, біреудің сыртынан артық сөз айту бізге жат.
Құдайға шүкір, шетелдік зиялы қауымның бұқаралық ақпарат құралдары арқылы бізге жететін ой-пікірлерін һәм сан тараптағы тұжырымдарын саралап, зерделесек ынтымаққа ұйыған елдер Қазақстанды ядролық қарудан өз еркімен бас тартқан, бейбітшіліктің бір тамыры әрі бейқұт өмір кепілі санатына қосатынын ұғынамыз. Бұл бағалағандық десек, артықтық етпейді. Сөз реті келгенде айта кетсем, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты халқына Жолдауы көп жайды аңғартады. Дүниежүзілік бейбітшілікті қорғау комитетінің мүшесі болғандықтан басты ұстанымым – бейбітшілік. Ел іргесі бүтін болып қашанда сүттей ұйып отырғаны Мемлекет басшысының ерен еңбегінің бір жемісі деп санаймын. Бұл тұжырым көптен көкейімде жүр еді. Енді, міне, әбден пісіп жетілгенде алға тартылып отыр. Елбасы биылғы дәстүрлі Жолдауында:
«Қадірлі халқым!
Мәңгілік Ел – ата-бабаларымыздың сан мың жылдан бергі асыл арманы.
Ол арман – әлем елдерімен терезесі тең қатынас құрып, әлем картасынан ойып тұрып орын алатын Тәуелсіз Мемлекет атану еді.
Ол арман – тұрмысы бақуатты, түтіні түзу ұшқан, ұрпағы ертеңіне сеніммен қарайтын бақытты Ел болу еді.
Біз армандарды ақиқатқа айналдырдық. Мәңгілік елдің іргетасын қаладық. Мен қоғамда «Қазақ елінің ұлттық идеясы қандай болуы керек?» деген сауал жиі талқыға түсетінін көріп жүрмін. Біз үшін болашағымызға бағдар ететін, ұлтты ұйыстырып, ұлы мақсаттарға жетелейтін идея бар. Ол – Мәңгілік Ел идеясы» деді. Дәл осы жерде ескеретін жайт осынау құндылықтың дәмін кетіріп, жалаң ұранмен, яғни бір сәттік даурықпамен бастырмалатудың еш қажеттігі жоқ. Біреу біліп, біреу білмей даурығатыны да жасырын емес. Сондықтан «Мәңгілік Ел» идеясын жете түсіну үшін аға буынның басты міндетінің бірі, халық сенімін арттыру керек. Ал жастар өздеріне Елбасы артқан аманат – Тәуелсіздікті сақтауға жұмыла кіріскені дұрыс. Әрбір жас өскіннің жүрегінде: «Маған Елбасы сенім артты ма, сол сенімге селкеу түсірмеу парызым!» деген мағынадағы сөз ұялағаны абзал.
Негізі бүгінгі ұғым бойынша «Мәңгілік Ел» идеясы қалай жүзеге асады? Қазақта «Алтын шыққан жерді белден қаз» деген жақсы сөз бар. Сондықтан Тәуелсіз мемлекетіміздің іргесін татулықпен, достықпен, ынтымақпен мықтап бекіткен Елбасын қолдаумен бірге, нық сенім артқан жөн. Сонда көңіл хошы жайланған үстіне жайлана түсетін Елбасы халқын құтты жолға бастаған үстіне бастай білетіні ақиқат. Нәтижесін уақыт атты төреші көрсетері хақ. Асығу, аптығу қажет емес. Қазақстанды әлемнің өркениетті 30 елінің қатарына қосу жолдарын қарастырған Ақордадағы келелі жиыннан ел тізгінін ұстаған азаматтар тың ойлар түйіп қайтқан болар. Сол оймен, нақтылай түссем, Елбасының сарабдал саясатына сай салынған сара жолдан таймай, өңір экономикасын көтеруге жұртты жұмылдыра кіріссе, өңір басшылары төл міндеттерін қалтқысыз орындағаны болар еді.
Жылдың бас құжаты болып саналатын Жолдаудан, сосын «Егемен Қазақстан» газетінен оқып көкейіме тағы бір түйгенім, бүгінгі күн талабы – интеграциялық үрдістерді қарапайым халыққа ұғындыру болып отыр. Интеграция дегеніміз, таза экономикалық сипатта өрістеп жатқан қадам. Иә, еліміз өркениетке ұмтылған сайын уақыт ағымына сай әрекет ету, қандай да қысыл-таяңнан ебін тауып, қиналмай өту қажеттілігі үсті-үстіне туындайтыны анық. Тағы бір қыры, кеңестік дәуірде екі ұлт өкілі отау құрса керемет дәріптеліп жататын. Осыны бүгінгі интеграциялық үрдіспен шатастырмаған абзал. Рас, қазір екі ел кәсіпорындары қосылып ортақ мақсатта табыс табу жолын қарастырса интеграциялық қадам болып саналады екен. Жөн.
Қорыта айтқанда, өткенді естіп, оқып, білу бар да бүгінгіні екшеу бар. Бүгінді көру, зерделеу, сұрыптау бар да тұжырымдау бар. Жасым сексеннің сеңгіріне шыққандықтан әрі оқығаным мен тоқығаным бар болғандықтан Елбасының Қазақ елі деп мемлекетімізді атау жөніндегі ұсынысына үн қатпай жатып алуды азаматтығыма ар санадым!
Ізбасар БАЛТАҒҰЛҰЛЫ,
Дүниежүзілік бейбітшілікті қорғау комитетінің мүшесі.
Алматы облысы.