• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Әдебиет 26 Қаңтар, 2022

...Сөйтіп жүрген «Сұрша қыз»

871 рет
көрсетілді

Сөз өнері болған соң қатыс­пайтын жері бар ма әдебиет­тің? «Әлем кітапқа кіруге ұм­тылады» деген бір даныш­пан­ның ойына бақсақ, керісін­ше болып шыға келеді. Кім де болсын көркем өмірге талпынатындай, әлем әдебиетке кіруге құмартып тұрады. Ескі өмірдің жаны мен рухы, демі мен тынысы, замандардың сы­ры мен сымбаты, әні мен мәні әдебиетте жүреді. Ішінде толқып өмір, жортып тарих ба­ра жатады. Халық арасында кең тараған әндер екібастан солай.

Осы уақытқа дейін әдеби туын­дыларда көрініс тауып, оқиға­сы тарқатылып, суреттелген ән­дер аз емес. Соның бірі – Жаяу Мұса­­ның «Сұрша қыз» әні тура­лы әркім әртүрлі айтып келді. Бір­­не­ше мақалаға жүк болды. Та­лай музыкалық бағдарламаның ар­қауына айналды. Бәрінің таласа­ты­ны бір әңгіме – «Сұрша қыз» кімнің әні? Жаяу Мұсаның, Балуан Шолақтың немесе Араптың әні деп таласады. Махаббат туралы әннің шығу төркіні, туу себебі жазушы Зейтін Ақышевтің «Жаяу Мұса» романында егжей-тегжейлі суреттеледі. Ғұ­лама Әлкей Марғұлан да жазады бұл ән туралы. Зейтін Ақышевтің шығармасы көркем туынды бол­ға­нымен, деректер негізінде жазылға­нын аңғару қиын емес. Өйткені оқиғалар желісі Әлкей Марғұлан деректерімен сәйкеседі. Әннің авторынан бұрын кейіпкеріне тоқталып өтсе артық етпейді.

Сұрша қыз деп отырғаны – Ақсу – Аю­лы маңындағы Қаракесек Қояншы-Тағай елінің болысы Бөденің қызы Күнбө­пе. Тарихта Бөде-Серік деп баласы екеуі­нің аты қатар аталады. Бөденің атақ­ты баласы Серік – Күнбөпенің ағасы, зама­нын­да өте ықпалды адам­дар болғаны айты­лады. Ескі де­рек­тер Күнбөпе бет біт­кен­нің ажар­лысы, сұлу болған деседі. «Бет әл­петі ат­қан таңдай аппақ та емес, жаңа шығып ке­ле жатқан күн шапағындай қыз­ғылт та емес, екеуінің арасында қызыл-сұр­ғылт бір болады ғой, дәл сондай, сұрша қыз» делінеді Зейтін Ақышевтің «Жаяу Мұсасында».

Сұрша қызды Араптың Күн­бөпесі, әдебиеттің Күнбөпесі, әннің Күнбөпесі дей беруге болады. Осы Күнбөпеге күндердің күнінде Араптың көзі түсе­ді ғой. Арап Жаяу Мұсаның серігі, Шор­манның Мұстафасының «мен» деген жігіті ретінде суреттеледі. Сол уақыт­тың атқа мінген серісі. Күнбөпемен Нұра-­Талдыдағы Бөде-Серіктің ауылына Баян­­­ауыл жағынан келіп-кетіп жүргенде кез­деседі. Соңғы рет Бөде-Серік ауылына Шорманның Мұстафасының жұмсауымен Жаяу Мұсаны іздеп келеді де, оған дейін сан мәрте кездесіп, сөз бай­ласып жүр­ген Күнбөпені Көкшетауға алып қа­шып кетеді. Ондағы сеніп барғаны – аға сұл­тан Шыңғыс Уәлиханұлының ба­ла­­сы Жақып төре, қызыққанын қағып түспей қоймайтын көрсе­қызар, қиянат­шылдығынан жұрт оны Андрей Жақып атап кеткен. Шыңғыстың тұсында орыстар аға сұлтанға тағайындаған Андрей деген көмекшісінің аярлығына бай­ла­ныс­ты Жақыпқа да телінген бұл есім. Осындай төре баласымен Мұса Шорманұлы жағынан жиі қатынап жүрген Арап та дос-жар болады. Арап алып қашып бар­ғанда Жақыптың көзі бірден Күн­бөпеге түседі. Қос ғашыққа жеке отау тігіп бергенімен, бірер күн өт­пей Араптың соңынан Мұстафа Шорманұлы арыз түсіріп, көзін құрт деп қуғыншы жібереді. Олай ететіні, Мұстафа болыс Арапты Бөде-Серіктің ауылына жансыздап Жаяуды іздеттіріп жұмсаған. Қыз алып қашсын деп емес. Арап Мұстафа болыстың тапсырмасын аяқасты еткені былай тұрсын, қаш­қылықты-қуғылықты жүрген Жаяудың үстінен түсіп тұрып, оған елге жоламауын ескертіп, бе­тін басқа бағытқа, Біржан сал ауылына қарай бұрып жіберіп, өзі Күн­бө­пемен Көкшетауға қашады. Мұ­ны естіген Мұстафа Жақыпқа кісі аттандырады. Онсыз да Арап­тан құтылудың жолын іздеп, Күн­бөпені алып қалудың амалын таппай отырған Жақыпқа Мұстафа болыстың жазған хаты мен жаласы жақсы сылтау, бұлтартпас себеп еді. Сөйтіп, сеніскен досы Арапты жер аудартып, Күнбөпені алып қалғанымен, Күнбөпе оған да бұйырмайды. Ғашығы Арап­тан айырылған, Жақыптың сатқын­дығына төзбей, есі ауып қалған Күнбөпе сандырақтап жүріп, ауылдан ұзап кетіп, ит-құсқа жем болады. Ал Жаяу Мұса болса, Мұстафа болыстың құрығынан бас сауғалап қашып, Біржан сал ауылына түседі. Арап пен Күнбөпенің арасындағы оқиғаны жігіттерден естиді. Жаяу қатты күйінеді. Біржан ауылында жатып «Сұрша қыз» әнін Араптың атынан шығарады. Ән елге тез тарап, Мұстафа болыс пен Жақып төренің құлағына жеткен соң олар Жаяуға бұрынғыдан бетер ызаланып, тісін қайрайды. Зейтін Ақышев «Жаяу Мұса» романында «Сұрша қыз» әнінің тууына байланысты осылай сыр шертеді.

Дәл осы оқиғаны Әлкей Мар­ғұ­лан да жазады, бірақ сәл өзгеше­леу. Соған қарамастан негізгі же­лі, оқиғаның өзегі бір екендігі байқа­лады.

«Бөде осындай ерлік істерімен мықты көсемге айналып, ояздан, залым болыстардан жәбірлік көрген әнші, сері жігіттер оның қасына жиналып, ойын-сауық құрып, ұлық­тарды мазақтайды. Соның бірі «Қы­рық жігіттің басшысы» деп саналған Арап батыр екен. Бірақ бұлардың ісі ұзаққа созылмайды. Болыстардың Қарқаралы уездік басқармасының көрсетуі бойынша, генерал-губернатор Бөденің үйін күйретіп, оны үрім-бұтағымен Зайсанға жер аударуға бұйырады.

Бөденің үйінде Сұрша қыз деп аталған ақылды әрі сұлу қызы бол­ған. Арап әнші Бөденің үйіне келі­сімен ол қыздан көзін айырмайды, екеуінің махаббаты күн-түн сайын арта береді. Бірақ олардың тілегі оразды бола ма, жоқ па, албырт жүрек оны керек қылмайды. Әлден уақытта Бөденің көп баласын ұстауға Қарқаралыдан полиция шықты деген хабар сап ете түседі. Оны естіген Арап батыр ешбір бөгелместен сол күні түнде Сұрша қызды алып, Көкше­тауға тартады. Бірақ үміт пен сес­ке­ну­дің арасында келген Арап бұл жерде Сұрша қызбен бақыт­ты болып тұра алмайды. Өйт­кені бұл жердің болыстарының арамзалығы өзге жердің болыстарынан кем түспейді», деп жазады Ә.Марғұлан.

Әлкей Марғұлан атамыз таза дерекке сүйенген. Араптың қыз­ды алып Көкшетауға қашқаны шын­­д­ық болып тұр. Онда баратын се­б­е­бі, Арап – Мұса, Мұстафа Шор­ман­ұлдарының жігіті, аға сұл­тан Шыңғыстың жары Зейнептің төркін жұртының сенімді өкілі болғандықтан. Зейнеп ханым екеуінің басына жеке отау тіктіріп бергені де айтылады. Бір жағы, ара ағайындықпен бұрыннан қатынасып жүргендіктен, Шыңғыс сұлтанның баласы Жақыппен ертеден дос-жар болып қалған. Ол сатқындық жасайды деп ойламаған. Арапты ұры атандырып, оязға ұстап бергенімен, Күнбөпе оған тимеген. Жақып төренің залымдығын бетіне басып, ояз арқылы басын даудан арашалап алып, Көкшетауда өз еркімен басқа біреумен тұрмыс құрып кеткені тарихи шындық. Бертінге дейін балалары Қарағанды облысының Шет ауданындағы нағашыларына келіп тұрған көрінеді. Жоғарыдағы деректерді сараптай келе Әлкей атамыз былай жазады:

«Сұрша қыздан айырылған Арап Көкшетаудан Омбы абақтысына «этаппен» бара жатып, оған арнап өзінің атақты «Сұрша қыз» деген әнін шығарады. Бұл әннің бірінші шумағы ғашық жарынан айырған ар, әділетті білмеген, арамза болыстың қабан жүректігін әшкерелеуге ар­налған. Бұл шумақтың Арап шығар­ған түрі былай:

«Шын жүрек тұра алмайды

ғашық жарсыз,

Ер жігіт кейде малды,

кейде малсыз.

Дарияның жарға

соққан толқынындай,

Көз салған көрінгенге

көңіл арсыз».

Бұл соңғы сөзбен Арап болыс­қа тиіскен. Екінші шумағы Сұрша­ қыздың артында қалып қойғанына өкініп:

«Ғашық болған, Сұрша қыз,

Көкшетауда қалдың-ай!».

Үшінші шумақта үміттенуді асқар бел етіп ұстаған Арап алдағы өміріне зор үмітпен қарап, бұдан да босанармын, Сұрша қыз сенімен тағы қосылармын деп өз көңілін жұбатады.

«Неше жыл жүрсем-дағы

бұл айдауда,

Шыдармын, қажымаспын

денім сауда.

Дәм жазып осы жолдан

аман қайтсам,

Сұрша қыз, көрісерміз Баянтауда».

Әннің мазмұны тегісімен Арап батыр мен Сұрша қыздың махаббатын суреттеуге арналғанын көре­міз», дейді Ә.Марғұлан.

Ән мәтінін талдап келіп жіберсе, расында солай сыр ақтарып шыға келеді. «Шын жүрек тұра алмайды ғашық жарсыз» дегені Араптың басындағы ғашық хал десек, «Ер жігіт кейде малды, кейде малсыз». Бұл да сол. Арап ел ішінде атқа қо­нып, серілік құрып жүргенімен, қы­здың қалыңына төлейтін малы жоқ. Дәулет құрамаған. Ғашық жа­ры­мен серт байласып, сеніскен серігін арқа тұтып, адам екен деп барып тұрған сері көңілі далада қалған соң, «Дарияның жарға соқ­қан толқынындай, көз салған көрін­генге көңіл арсыз» демегенде ше? Адамдық әрекетіне досы бола тұра, иттікпен жауап қатқаны, алып қашып келген ғашығына көзі түскені арсыздығы емей несі болыстың?

«Сөйтіп жүрген Сұрша қыз,

Көкшетауда қалдың-ай» дейді. Байыбына барған адамға бәрі қол­мен қойыл­ғандай, жұмбағы шешіліп шыға келеді.

Тарих ғылымдарының докторы Мақ­сат Алпысбес «Сұрша қыз» әні туралы дерек­терді қорыта келе, былай тұжырады.

«Сұрша қыз» – біреу, өйткені ол нақ­ты тарихи кейіпкер. Өлең маз­мұны мағыналы, ғибратты, тарихи шын нұсқасы да сол. Әжуа, келеке етіп, мысқылмен айтылатын «Сұрша қыз» әнінің нұсқасын Арап батырдың өзі шығарды деп айту қиын. «Әупілдек» әні­нің не­гі­зін жасаушысы болып Сәтма­ғамбет, Ермағамбет әншілер әннің әуенін алып, оның сөзін өз күйіне жақындатып өзгерткеніндей, Арап батырдың «Сұрша қыз» әнін Жаяу Мұса немесе Балуан Шолақ өзгерт­кен болуы мүмкін. Халық әнде­рін жинау­шы­лардың қорына сондай екі-үш түрлі нұсқада түскен. «Сұрша қыз, бір келгенде көктем дедің» деген өлең нұсқасын Арап батырдың өзі де қызға айтылған наз ретінде шығаруы ғажап емес. Алайда өзі зорлық көріп, айдау­ға ұрын­ған адам мұндай наз айтуы неғайбыл. Ғашық назы бірге, қо­сы­лып, жұптасып болған соң сүйік­­ті Арап батырына «күз кел­сін, көктем өтсін» деп мерзім белгі­лей ме?! Екінші нұсқадағы өлең­нің жасандылығы анық көрініп тұр. Қалай болғанда да, өлеңнің қайыр­масы ешбір өзгеріссіз қала бе­руі, бұл ән нақты бір автордың шығар­масы екенін анық байқатады. Қайырмасы:

«Әндір, әндір, әндір-ай,

Ішімді оттай жандырды-ай,

Ғашық болып қосылып,

Құмарымды қандырды-ай.

Сөйтіп жүрген Сұрша қыз,

Көкшетауда қалдырды-ай.

Ахау, Сұрша қыз, енді есен бол!».

«Сұрша қыз» Арап батырдың әні. Жаяу Мұса, Балуан Шолақ орындауындағы оның өзгерген нұсқасы. Өлеңді әуенімен қоса Арап Байдалыұлы шығарған. Шын­дығы осы», дейді.

Әр жағы патша көңілді оқырман­ның таразысында.